Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлттық тәрбие теріс ағымнан сақтайды

0 191

Исламда «мәзһәб» сөзі «жүретін жол» деген мағынаны білдіреді. Яғни, діннің бағыты, алдағы бағдары осы «мәзһәб» ұғымының аясына сыяды. Бұл дегеніміз – ой мен көзқарастың бір арнаға тоғысуы. Ол үшін діннің негізгі қайнар көзі болып саналатын Құран мен сүннет амалдарға сілтеме жасалып, өзіне тән амалы мен осы көзқарасты қолдайтын белгілі бір жақтастар тобына ие болу қажет. Жалпы ислам тарихында пайда болып, дамыған мәзһәбтар иман, амал және саяси болып үш топқа бөлінген. Иман мәселесіне қатысты пайда болған топтар «Иғтиқади мәзһабтар» деп аталады. Бұған тура жолға бастайтын «Әлһи сүннет уәл-жамағат» сеніміне жататын Матуриди, Әшғари мәзһәбтары мен жабрия, мұғтазила секілді адасқан топттар жатады. Кейінгілері діннің иман мәселесіне қатысты әр түрлі көзқарастар тудырып отыр. Ал құлшылыққа байланысты пайда болған топтар «фиқһтық» немесе «амал мәселесіндегі мәзһәбтар» деп аталады. Ханафи, Шафиғи, Ханбәли, Мәлики секілді мәзһабтар осыған жатады. Саяси мәселеге байланысты топтарға харижиттік жане шииіттік ағымдарды жатқызуға болады. Алайда аталған мәзһәбтарда уақыт өте келе иман мен амалға қатысты өздеріне тән жүйелері құрылып, иғтиқади және фиқһтық мектептері пайда болды.

Мәзһәбтарды ретімен тізіп шығуымыз тегін емес. Өйткені, қазір «Шаһид» деген сөзі жиі еститін болдық. Әсіресе, лаңкестік оиқғалар кезінде де осы сөз жиі қолданылады. Мұның исламға қатысты ұғым болғанымен, түпкі мағынасын түсіне бермейтініміз анық. Ғалымдардың айтуынша, шаһидтің ахиреттік және дүниеауи деген екі түрі бар көрінеді. Жалпы дәстүрлі исламда адам оба секілді қауіпті індеттен қаза тапса немесе өзінің отбасын, мал-мүлкін қорғау жолында қарақшаның қолына ажал құшса, онда «шаһид» деп саналады. Ал бүгінгі қоғамда бұл ұғымға басқаша реңк беріле бастады. Бұған түрлі лаңкестік шабуылдар кезінде куә болып жүрміз. Айталық, 2011 жылы 12 қарашада Тараздың қақ төрінде болған қанды қылмыс жұртшылықтың әлі күнге жадында. Сол күнгі террорлық қақтығыс салдарынан қаза тапқандардың ішінде полиция капитаны Ғазиз Байтасов та бар еді. Сол сәтте секундтардың өзі алтынға бергісіз еді. Бейбіт халыққа қауіп-қатердің төнгенін анық сезінген қаһарман лаңкеспен бетпе-бет келіп, арпалыса жөнелді. Осы кезде қылмыскердің қолындағы граната жарылып, екеуі де жан тәсілім етті.
Өкінішке орай, мұндай оқиғалар елімізде жетіп-артылады. Өзін-өзі бомбамен жарып жібергеннің кесірінен қаншама адамның өмірі қыршынынан қиылды. Әрине, олар өздерін осындай жолмен құрбандыққа шалса «шаһидпіз» деп ойлайды. Себебі, олардың дәріс беруші ұстаздары мұны саналарына әбден сіңіріп тастаған. Яғни экстремизм адамның надандыққа, көрсеқызарлыққа бейімделген көзқарасынан пайда болады. Бұл – экстремизмнің алғашқы кезеңі. Оның тағы бір көрінісі басқа біреуді көре алмау, түсінбеу немесе ұғынғысы келмейтін адамдардан байқалады. Яғни лаңкестер дұрыс бағытқа жол көрсететін адамдардың кеңесіне мүлдем құлақ аспайды. Олар өздерін ең таза кіршіксіз деп санап, басқаның барлығын адасушыларға жатқызып, жөн білетін адамдарды мойындамайды. Міне, осының салдарынан әлемде түрлі төңкерістер мен қантөгістер орын алуда.
Осы орайда шаһид сөзіне бір мысал келтіре кетейік. Кезінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) соғыстан қайтып келе жатып, қырылып жатқан әскердің арасынан ажал құшқан бір сарбазын көріп қалады. Сонда сахабаларына қарап: «Мына сарбаз тозақтық», – дейді. Қасындағы сахабалар таңырқап: «Уа, Алланың елшісі, ол өзінің елі мен жерін қорғау жолында өзінің жаның қиған еді ғой, неге ол тозақтық?», – деп сұрайды. Сөйтсе, мұның себебі – ол сарбаздың соғыстан алған жарақатына шыдамай, өз-өзіне қол жұмсап, бақилық болғанында екен. Бұдан түйетін түйін – адамға қандай қиыншылық келсе де Алладан келген сынақ ретінде қабылдап, күпірлік білдірмей, жаның мен арынды таза ұстап, Жаратқан алдына таза бару. Себебі, Алланың сүйікті жаратылысы – мына сізбенен біз.
Діни экстремизмнің зорлықпен, агрессиямен және шектен шыққан қаталдықпен сипатталатын белгілері көп. Оның кең мағынасындағы ұғымы – мемлекеттік құрылысты күштеп өзгерту немесе билікті басып алу, мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған діни мотивацияланған әрекет және осы мақсатта діни алауыздық пен өшпенділікті қоздыру. Латын тілінен аударғанда «қорқыныш, үрей» деген мағынаны білдіретін «терроризм» – экстремизмнің асқынған көрінісі. Терроризм зорлықтың аса қатыгез, үрейлі түрлері мен әдістерін пайдаланып, саяси мақсаттарға қол жеткізуді көздейді. Террористік актілердің салдарынан адамдар жаппай қырылып, бұқара халықтың басым бөлігі психологиялық қысым көреді, материалдық және рухани құндылықтар қирап, зардаптары кейде қалпына келмейтін деңгейге жетеді. Мемлекеттер арасында алауыздық туындап, соның салдарынан соғыс оты тұтанады, әлеуметтік және ұлттық топтар арасына сенімсіздік пен өшпенділік өршиді. Түрлі қылмыстық топтар мемлекеттік билікке ықпал ету не күйрету үшін террорлық актілерді жүзеге асырады.
Терроризм – қазіргі жаһандану қатерлерінің бірі. Ол ауқымдылығы мен жиілігі, адамзатқа қаупі мен қаталдығы тұрғысынан ол әлемдік қауымдастық алдындағы түйткілді мәселеге айналды. Діни экстремизм мен терроризмнің әлеуметтік зияны мен қаупі – қоғам мен мемлекетке аса ауыр психологиялық және материалдық шығын әкелуі, адам өмірін қиюы,азаматтық өшпенділікті немесе алауыздықты тұтатуы, мемлекеттің конституциялық құрылымын өзгертуді және оның аумақтық тұтастығын бұзуды мақсат ететін бірқатар заңсыз қарулы құрылымдардың қызмет етуі. Діни экстремизмнің қылмыстық көріністерінің салдары бірден байқалмауы да немесе ұзақ мерзімдік зардаптар әкелуі де мүмкін.
– Мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының терроризм мен экстремизмге қарсы күресте атқарып жатқан іс-шаралары қоғам тарапынан жан-жақты қолдау тапқан кезде ғана нәтиже беретіні іс жүзінде дәлелденген. Бірақ, ол үшін Қазақстандағы заңдарды бұлжытпай орындау қажет. Әсіресе, мемлекеттік органдардың өздері заңнан аттамауы тиіс. Заңдарда «Оқу-ағарту министрлігінің қарамағындағы жоғарғы оқу орындары студенттермен жұмыс істеп, терроризм мен экстремизмге қарсы әртүрлі іс-шаралар ұйымдастыруы тиіс» деп жазылған. Бұл жерде бір реттік іс-шаралар емес, үздіксіз жүргізілетін жұмыстар мен тұрақты оқыту туралы әңгіме болып отыр. Меніңше, заңда көрсетілгендей факультативтік сағаттар өткізіп, жастармен жұмыс істеу керек, әр қайсысының бұл мәселеге қатысты пікір білдіруіне мүмкіндік беру қажет. Осылайша олардың не ойлап жүргенін білуге болады. Алматыда екінші семестрден бастап осындай сабақтар өткізгелі отырған бір ғана жоғары оқу орнын білемін. Ол – Қазақ БСҚА. Ал, өзге оқу орындары ше? Десе де, бұл жұмыс еліміз өңірлерінде жүріп те жатыр.
Терроризмнің психологиялық, экономикалық, ақпараттық, экологиялық, компьютерлік сынды тағы басқа бірнеше түрі барын білесіздер. Оның әрқайсысы мұқият зерттеуді талап етеді және сол жайында халыққа ақпарат беру керек. Жұмысқа жан-жақты ғалымдар, соның ішінде психологтар да жұмылдырылмақ. Қазақстанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті жаныңда терроризм мәселесімен айналысатын ғылыми-зерттеу институты бар. Бірақ көпшілік үшін жабық мекеме саналатын ол стратегиялық шешімдер қабылдайды, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламалар дайындайды. Бізге халықпен, көмекке зәру адамдармен жұмыс істейтін тәуелсіз мекеме керек. Қоғамның бұл күреске қатысқысы келеді, балама зерттеулер болғанын қалайды. Мәселен, батыста ондай мекемелер баяғыда ашылған. Онда осы мәселелерді зерттеумен айналысатын «террорология» деп аталатын тұтас ғылым саласы бар. Біздің елімізде халқытың басым бөлігі елде террористік қауіп аса жоғары емес деп есептейді. Біз бұған сауалнамалардың көмегімен көз жеткіздік. Халық қауіпсіздік мәселесіне оптимистік көзқарас тұрғысынан қарайды. Шын мәнінде қауіп жоқ емес. Біздің қоғам бейғам тіршілік етуде. Мысалы, адамдар көп жиналған жерде бір пакет жатыр делік. Бірақ, оған ешкім мән бермейді, адамдар пакеттің жанынан ерсілі-қарсылы өтіп жатады. Ал, Францияда немесе Германияда арнайы қызмет орындарын «тік тұрғызып», оны тексертер еді. Біздің адамдар байқаса да, бір қарайды да өте береді. Өкінішке орай, біздің халқымызға қырағылық жетіспейді. Осы кемшілікті жойып, қауіпсіздікті ойлауымыз керек, – дейді «Қазақстандағы терроризм мен экстремизм проблемаларын зерттеу» орталығының президенті Кәкімжан Бишманов.
Қазіргі дамыған дәуірде озық қоғамға ілесе алатын ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы. Себебі, еліміздің дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуы білімге, мәдениетке және ұлттық тәрбиеге байланысты. Тәрбиенің қуатына тең келетін рухани күш, қуат көзі жоқ екенін жақсы түсінеміз. Ұлттық тәрбиеден нәр алған адам – рухани құндылықтарды бойына сіңіріп биік дәрежеге көтеріледі. Оның ең маңыздысы адамды ойлануға бағыттайды, жеке тұлғақалыптастырады.
Қазіргі жастар тәрбиесінің жұтаңдығына Шығыс және Батыс ерекше әсер етуде. Бет аузын тұмшалап қап-қара киінген қазақтың қыздары мен иегіне сақал қойған жап-жас жігіттердің қатары көбейген. Екінші жағынан, етек-жеңі ашық қыздарды, темекі тартып, арақ ішіп тұрған жастарды көресің. Міне, осындай екі ортада өмір сүріп келеміз. Қазақтың тәлім-тәрбиесін қай жағы жеңіп кетеді екен деген қорқыныш бар. Бұл біздің тек қана ұлттық тәлім-тәрбиемізге ғана емес, тұтас ұлтымызға, дінімізге кәдімгідей іріткі салуда, шабуыл жасауда.
Адам баласының бүкіл адами қасиеттері, діңгегі болар діні отбасында беріліп, бүкіл ғұмырына негіз болады. Отбасында берілетін тәрбие мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің сақталуы, о бастан қастерлеп келе жатқан отбасылық құндылықтарымыздың бағасы төмендеп бара жатқаны жасырын емес. Отбасында береке болмаған жағдайда адам қалайша мемлекеттік істерде пайдалы жұмыстар істей алады? Өркениетті елдерде тәрбие мемлекеттік деңгейде қолға алынған. Мысалы, бізді өзінің ерекше дамыған технологиясымен таң қалдыратын Жапонияның экономикасы ең алдымен отбасы экономикасынан басталатын көрінеді. Шаңырақтарындағы тәртіп баланы сәби кезінен бар күш қуатын еңбек етуге жағдай жасауы, білімге баулуы елді зор өркениеттілікке жеткізген. «Ұлдың ұяты – әкеде, қыздың ұяты – шешеде» деген бар. Ата-аналарымыз түзде жүрсе де «ар», «намыс», «ұят» қасиеттерін сақтауға, қорғауға үйретуі қажет. Ұят иманың ажырамас егіз ұғымы. Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Ұят игіліктен басқа ешнәрсе алып келмейді» деген хадисінде жақсылықтың, игіліктің бастауы ұят екенін көрсетеді. Тағы бір хадисінде Алланың соңғы елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ұят пен иман тығыз байланыста. Егер ұят кетсе, екіншісі де бірге кетеді» деп, ұят пен иманнның тығыз байланысты екенін байқатады. Иман сөзінің шариғаттағы мағынасы – Хазіреті Пайғамбарға (с.ғ.с) Алла Тағаладан жеткен нақты үкімдерді растап, ешбір күмәнсіз қабыл ету және шын көңілмен сену. Адам баласы Алла Тағалаға деген қорқынышынан және сенімінен Алла Тағаланың үкімдерін орындамауға ұялады. Сөйтіп, сол арқылы ұятты және иманды адам дәрежесіне жетеді. Яғни, адамда сенім немесе иман болмаған кезде ұят та жоғалады.
Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесiгiңдi түзе» дегеніндей, ертеңгi ұрпақтың тәрбиесiн бүгiннен бастап қолға алып, жастарымызды ұлты мен Отанын сүйетiн патриот етіп тәрбиелеу – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Нұрперзент ТУҒАНБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.