Адамзат баласының ежелден келе жатқан ортақ мүддесінің бірі – ұрпақ тәрбиесі. Ал келешек ұрпақ, өсіп келе жатқан жас буын – мемлекеттің болашағы. Оған ешкімнің таласы жоқ.
Олай болса, енді бір бес-он жылдан кейін шешуші мемлекеттік құрылымдардың тізгінін ұстайтын азаматтардың төл тарихы мен мәдениетін тұмардай қастерлеп, әдебиетін әспеттеуі бүгінгі тәрбиенің, бүгін қалыптасып жатқан ұлттық сананың деңгейімен тығыз байланысты болмақ. Ал ақпарат тасқыны судай сапырылысқан мына жаһандану заманында қазақ жастарының ұлттық санасы қалай қалыптасып жатыр, қандай бағытқа бет алуда? Бұл бүгінгі күні санамызды өзге ұлттың, соның ішінде батыстың даңғаза музыкасы мен дарақы еңбектері аямай улап жатқан тұста ел басқарып отырған азаматтар мен зиялы қауымнан бастап, қарапайым әрбір азаматты ойландыруға тиіс.
Сынып сағаттары мен тәрбие іс-шаралары шеңберінде ұлттық мүдде, ар-ұят, талап құндылықтарын негізге алып, әдептілік, әділеттілік, мейірімділік, адалдық, отаншылдық, қамқорлық, азаматтық жауапкершілік, еңбекқорлық, ұлттық мұра мен қазақ тілін қастерлеу, қоғам игілігіне қызмет ету, денсаулық пен салауатты өмір салтын ұстану секілді қасиеттерді қалыптастыруға ықпал ететін дөңгелек үстелдер, пікірталастар, талқылау, рөлдік ойындар, кейстерді шешу және т.б. формада өткізу ұсынылады. Сонымен қатар жаңа оқу жылының тәрбие жұмысын ұйымдастыру кезінде Төле бидің 360 жылдық, Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық, Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдық, Халел Досмұхамедовтің 140 жылдық, Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдық, Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдық, Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық, Шәкен Аймановтың 110 жылдық, Әбілхан Қастеевтің 120 жылдық мерейтойларына назар аудару қажет.
Білім беру ұйымдары мен мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен іс-шараларын ұйымдастыруда білім алушылардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және олардың жас, жеке, психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып іс-шаралардың мазмұнын білім беру ұйымының басшыларымен, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларымен, педагог-психолог мамандармен алдын ала келісу ұсынылады.
Осынау ауқымды шаралардың нәтижелі жүзеге асып, сапалы орындалуы, ең бастысы, мекеменің имиджін көтеру, танымалдылығын арттыру – бәрі де орталық мамандарының ынтымақтастығына, жаңашылдығына, үндестігіне, ғылыми әлеуетіне, шығармашылығына тікелей байланысты болмақ. Барлық айтылған ойларымыздың түйіні, жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі әр қадамымызды бүгінгі және келешек ұрпақтың өміріне әсер ететін қандай да бір проблемаларды шешуге байланысты білім, білік, көзқарастар үйлесіміне ерекше мән беруіміз керек. Өйткені бұлар – ғаламдық құзыреттер. Қазіргі әлемдік проблемалар біздің жеке емес, сол әлемдегі құбылыстармен санаса өмір сүруіміздің қажеттілігін де айқындап отыр. Түйіндеп айтатын болсам, «қолымызды мезгілінде дөп сермеуіміз керек». Өйткені ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұрпағына азық болған ақыл-кеңес, өсиеттері, асыл мұрасы – ұлттых рух, ұлттық мақтаныш, ұлттық намыс, ана тілі мен ұлттық мәдениетін қалыптастыру сезімін ояту – білім беру мекемелері, ата-ана, қоғам, яғни баршамыздың парызымыз. Бірлескен жұмыстың нәтижесі болмақ. Сонда ғана ұлттық сана-сезімі толыққанды жетілген, туған тілін еркін білетін, ұлттық сипаты мен ұлттық рухын жоғалтпаған ұрпақ тәрбиелей аламыз. Халқымыздың маңдайына біткен ұлттық құндылықтарымызды, сонау өткен ғасырлардан өшпес мұра болып қалыптасып келе жатқан дархан халқымыздың таратқан үлгі насихаты, асыл мұраларымызды өздеріңіздің талмай, қажымай еткен еңбектеріңіздің арқасында дарынды да тәрбиелі оқушылардың бойына сіңіріп, ұлттық мәдениетімізді әлемдік деңгейдегі мәдениетке жеткізіп сақтауға деген патриоттық сезімді қалыптастыруға бір кісідей атсалысу қажет.
Ұлттық тәрбие – қазір елімізде орын алып отырған көптеген мәселелерді, атап айтқанда, ана тілін, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейтін жастар, тастанды жетім балалар, қиын балалар, қарттар үйлеріндегі әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, тағы басқаларды бірте-бірте азайтудың және олардың алдын алып, болдырмаудың негізгі жолы. Ұлттық тәрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып өседі. Сондықтан да ұлттық тәрбие ел болашағының діңгегі десек те болады.
Гаухар Тілегенова,
№7 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,
Жамбыл ауданы