Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ұлттық құрылтай талқысында – ұлт болашағы

0 272

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы осы жылдың наурыз айында қасиетті Көкшетау жерінде жоғары деңгейде өтті.

Ең әуелі Мемлекет басшысы осыдан үш жыл бұрын наурыз айында арнайы Жолдау жариялап, Жолдау аясында елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жасалатынын айтып, сол кезде алғаш рет Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтергеніне тоқталды.

– Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Конституциялық сот құрылды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың белсене қатысуына жол ашылды. Басқа да бағыт­тарда маңызды реформалар жасал­ды. Жергілікті билік түбегейлі жаңғыр­тылды. Үш жылдан аса уақыт ішінде ауыл әкім­дерінің 72 пайызы жаңарды. Оның үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар. Бір сөзбен айтсақ, аймақтардағы атқарушы билікке жаңа адамдар келіп жатыр. Пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімі сайланды, – деді Президент.

Сондай-ақ ол биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтынын, түрлі деңгейдегі мәслихат сайлауы да өкілді билік органдарының жұмысына тың серпін бергенін жеткізді. Облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайланғанын айтты. Президент ел ішіндегі өзгерістерге Ұлттық құрылтай мүшелері де орасан зор үлес қосқанын, жұртымызды ортақ мақсатқа ұйыстырып, игі істерге жұмылдырғанын тілге тиек етті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев алқалы жиын алғашқы күннен бастап жалпыхалықтық жаңғырудың рәмізіне айналғанын, қоғамдық диалогтің жаңа үлгісі қалып­тасып, өзара түсіністік пен құрмет бар жерде келісім болатынын да айтты.

Отырыста Мемлекет басшысы, қоғамда қызу талқыға түскен салық реформасына қатысты да пікірін білдірді.

– Салық жүйесі – бүкіл мемлекеттік жүйе­нің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мем­лекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеу­меттік міндеттемелер де орындалмайды. Бұл туралы белгілі экономист Жақсыбек Құлекеев жақсы айтып өтті. Еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мем­лекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүм­кін. Сондықтан реформаның мәнін әр адам­ға түсінікті тілмен жеткізу керек. Үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдер­ді ұсынды. Бұл шаралар, жалпы алғанда, дұрыс. Онда негізгі экономикалық және әлеу­меттік факторлар ескерілген. Кәсіби ма­ман­­­д­ар да, жалпы жұртшылық та қосым­ша құн са­­лы­ғының мөлшерлемесін көтеру қажет­тігіне түсіністікпен қарайды, – деді Президент.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы ұсынылған шараларға, соның ішінде қосымша құн салығына қатысты сын-пікірлер де естіліп қалып жатқанын, бірақ мұндай пайым шынайы ахуалға негізделмегенін айтты. Сондай-ақ түрлі себепке байланысты өзіне ауқымды әлеуметтік міндеттеме алмайтын елдер аз емес екеніне, алайда еліміздің бюджет қаржысының жартысынан көбі әлеуметтік саланың еншісінде екеніне тоқталды.

– Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғас­тырамыз. Бұл – біздің конституциялық міндеті­міз. Бірақ шын мұқтаж азаматтарға ғана көмек көрсетілуі керек. Қызметін асыра пай­далануға, әсіресе алаяқтыққа жол берілмейді. Сондықтан басымдық берілме­ген жо­баларға бөлінетін қаржы азаяды. Бұл қажет шара екені айдан анық. Үкімет осы жылдың соңына дейін оны қалай оңтайландыру керектігін біржола анықтап алуға тиіс.

Қазақстанда түрлі салық режимі, көптеген жеңілдіктер мен преференциялар бар. Оның бәрі елімізде салық оффшоры сияқты ахуал қалыптастырды. Кәсіпкерлердің екі не­гізгі тобы пайда болды. Олар – заңнама­дағы олқылықтарды пайдаланып, салық салы­натын табысын өзі үшін азайтып көрсе­те­тіндер және барлық салықты адал төлей­тін­дер. Кәсіпкерлердің осы екінші тобы бәсекеге тө­теп бере алмай жатыр. Үкімет салық тө­леу­ден жал­тару үшін бизнесін бөлшектей­тін­дер­­дің әрекетіне орынды назар аударды. Өкініш­ке қарай, мұндай жағдай жаппай белең алған.

Заңнамадағы олқылықтар бизнесті бөл­шектеуге жол беріп отырғанын мойын­дау керек. Бұл мәселеге Үкімет те, депутаттар да жете мән бермеген. Тағы да әдемі көрсеткіштерге әуестеніп кеттік: елімізде екі мил­лионнан аса салық төлеуші, яғни жеке кәсіп­керлер мен заңды тұлғалар тіркелген деседі. Бірақ олардың қандай кәсіпорындар еке­ніне, қалай пайда болғанына, қанша са­лық төлейтініне, тіпті оны төлеп жатыр ма, жоқ па дегенге еш талдау жасалмаған. Бірақ қазір құр кінәлаудан іс оңға баспайды.

Енді ахуалды шұғыл түзету қажет. Үкімет пен Парламентке айтарым – заңнамаға жедел түрде тиісті түзетулерді енгізу керек. Әділ әрі тиімді салық жүйесін құру еліміздің болашағына, кейінгі ұрпақтың тұрмысына тікелей әсер ететінін ұғынған жөн. Билік бизнеске қолдау көрсетіп келді, көрсете де береді. Бұған күмән болмауға тиіс. Бірақ бизнестің өзі заңды және заңсыз болады. Біз заңды сақтау, тәртіпке бағыну керек деп жатамыз. Ендеше, Үкіметтің және жалпы биліктің қолдау шараларының игілігін, бірінші кезекте, адал әрі жауапты, ең бастысы, заң аясында жұмыс істейтін кәсіпкерлер көруге тиіс. Олар тиісті артықшылыққа ие болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын барысында Мемлекет басшысы соңғы үш жылда елімізде ауқымды саяси өзгерістер жүзеге асырылғанын атап өтті. Конституциялық реформа жасалғанын, елді жаңғыртудың басты кезеңдері табысты орындалып жатқанына баса назар аудартты.

Сондай-ақ Президент Ұлттық құрылтайдың атқарып жатқан рөліне айрықша тоқталды. Оның айтуынша, бұл құрылтай ел болашағын айқындайтын маңызды қоғамдық диалог алаңына айналды.

– Құрылтай – мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтатын бірегей құрылым. Біз мұнда ел мүддесі тұрғысынан маңызды бастамаларды көтеріп, ортақ міндеттерді талқылаймыз. Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелер ескерусіз қалған жоқ. Керісінше, нақты шешімдер қабылданып, іс жүзінде жүзеге асып жатыр. Жалпы, құрылтай елдегі жаңару үдерісінің нышанына, ұлттық бірліктің символына айналды деуге болады, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге Президент өзінің баяндамасында елге қажетті көптеген мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, салық реформасы, қосымша құн салығы, бизнестегі заңбұзушылықтар, жастар арасындағы теріс діни ағымдар, көлеңкелі экономика, бірыңғай уақыт белдеуі, алаяқтар мен жалған психологтер, жас ұрпақ тәрбиесі, фильмдердегі көркемдік деңгей, тұрмыстық зорлық-зомбылық, мемлекеттің марапат жүйесі, ономастика мәселелері туралы тоқталып салық реформасы шеңберінде батыл шараларды дәл қазір қабылдау керек екенін, әйтпесе бұдан да зор қиындыққа тап болатынымызды ескертіп өтті.

Мемлекет басшысы бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты пікірталасқа қатысты Үкімет пен Парламент бұл мәселені талқылап, арнайы зерттеулер жүргізілгенін, шешімге күмән келтірген қоғам белсенділерінің қаупі мен күмәні расталмағанын айтты.

– Үкіметтің және депутаттардың басым көпшілігінің, сондай-ақ мамандардың уәжімен келісемін. Біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқымыздың саны да салыстырмалы түрде алғанда көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс. Бұл тәсіл – мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді. Осымен пікірталасты доғару қажет деп ойлаймын. Оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ, – деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар қоғам белсенділері көтерген қоғамдық әдеп мәселесін қозғап, әлеуметтік желіде адамға тіл тигізу, ар-намысын аяққа таптау көбейіп кеткенін сынға алды. Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи еліміздегі діни ахуалға алаңдаушылық білдіріп жүргенін тілге тиек етті.

– Құрылтай мүшелері Дания Қыдырбаева және Олжас Сүлеймен жат діни ағымдардың жастар арасында, әсіресе спорт саласында ықпалы күшейіп бара жатқанын айтты. Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ. Елімізде дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды. Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуға тиіс. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек. Соның ішінде заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеп отыру өте маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Одан әрі Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтай мүшелерін алаңдатқан тағы бір жайт – түрлі алаяқтық әрекеттердің жиілеп кеткенін айтты. Теріс пиғылды адамдар қайырымдылыққа деп ақша жинап, оны жеке басының пайдасына жарататынын, сондай-ақ көп адам интернет-алаяқтардан зардап шегіп жатқанын атап өтті.

– Бұған қоса, қазір жұртқа ақыл айтып, ақша табатын жалған психологтер мен «коучтар» көбейіп кетті. Оларға сеніп, алданып қалғандар көп. Маған бұл туралы көптеген шағым түсіп жатыр. Жауапты органдар бұл мәселені де назарға алуға тиіс.

Тағы бір түйткіл – қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар. Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан. Яғни негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа. Зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдер де пайда болды. Осы жерде бір нәрсені ескерген жөн: бүгінде фильмдердің басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен емес, жеке қаржыға түсірілуде. Кино – маңызды идеологиялық құрал екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрларға шығармас бұрын алдын ала сараптаудан өткізу жолдарын қарастырған жөн.

Сондай-ақ жақсы мысалдар да бар. Жақында «Шоқан. Қашқария сапары» деген мультфильм шығыпты. Бұл – өскелең ұрпаққа әйгілі тарихи тұлға Шоқан Уәлиханов туралы мәлімет беретін өте жақсы туынды. Қазақ тілінде ұлттық нақышта түсірілген осындай мультфильмдер көп болуы қажет. Бұл – ұлт болашағына тікелей ықпал ететін мәселе. Сондықтан анимацияны дұрыс бағытта дамыту мәселесін қолға алу керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы өзіне белгілі адвокат Айман Омарова хат жолдап, әйелдер колониясындағы ахуалға тоқталғанын, әсіресе жүкті әйелдер мен кішкентай балалары бар әйелдердің жағдайына баса назар аударғанын айтып еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінің мақсаты – сотталған азаматтарды жазалау емес, түзету болуы керек деген пікірмен келісетінін жеткізді.

– Ер адам немесе әйел болсын, бас бостандығынан айырылғандардың бәрі заң алдында бірдей. Дегенмен адамгершілік құндылықтарды басшылыққа алып, «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтай отырып, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты кейбір заңдық ұстанымдарды қайта қарауға болады деп ойлаймын. Құқық қорғау органдары мен депутаттар осы мәселені байыпты әрі жан-жақты зерттеп, шешім қабылдау үшін ұсыныстар енгізуі керек, – деді ол.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев біртіндеп барлық салада ауқымды реформалар мен нақты өзгерістерді жүзеге асырып жатқанына тоқтала келе, олардың бәрі халықтың тілегі мен заманның талабына сай жасалатынын айтты.

– Бұл жердегі түпкі мақсат – барлығын өзгерту емес. Ең бастысы – атқарылып жатқан шаруаны оңтайландырып, оның тиімділігін арттыру. Алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі – жекелеген бағыттар бойынша мемлекеттік аппараттың жұмысын жүйелеп, ретке келтіру. Өздеріңізге мәлім, елімізде түрлі салаға қатысты бағдарламалар мен кешенді жоспарлар бар. Биыл осындай бірқатар құжаттың мерзімі аяқталады. Әрине, оның кейбірі жалғасады, кейбірі мүлдем тоқтатылады. Үкімет мұқият ойластырып, нақты шешім қабылдауы керек. Ел болашағы үшін айрықша маңызы бар салалар бойынша жұмыс үздіксіз жалғасуға тиіс.

Мысалы, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес туралы жоспардың мерзімі биыл бітеді. Бұл құжат 2023 жылы әзірленген. Мұндай жоспар елімізге қажет екені анық. Өйткені осы қауіпті кеселге қарсы күрес – өте маңызды мәселенің бірі. Сондықтан жаңа құжатты дайындауға қазірден бастап кірісу керек.

Биыл балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, өзіне-өзі қол салудың алдын алу туралы жоспардың мерзімі де аяқталады. Біз әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылдадық. Өткен жылы барлық аймақта балаларға психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Заңдарға маңызды өзгерістер енгізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске қатысты заң қабылданған соң ахуал біршама жақсарды. Бірақ кейбір шалғай аудандарда әлі күнге дейін мұндай келеңсіз оқиғалар тыйылмай тұр. Жат діни ағымның жетегінде жүрген адамдар жағдайды тіпті ушықтыруда. Жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысынан шет қалып отыр. Оның үстіне осы бағыттағы жұмыстар қазір әртүрлі құжатпен реттеледі. Шашыраңқы болып тұр. Соның бәрін бір жерге жинақтаған дұрыс деп ойлаймын. Осыған орай, «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн, – деді Президент.

Оның айтуынша, озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек. Сондықтан аталған бағдарлама маңызды құжат болмақ. Оны дайындау үшін Үкімет, Парламент депутаттары, омбудсмен Динара Зәкиева, қоғам қайраткерлері өз үлесін қоспақ.

– Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды. Былтыр мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынды. Бағдарламаны қабылдау – істің басы ғана. Енді жаңарған құжатты еліміздегі барлық мемлекеттік білім ошағына енгізу керек. Оны алдағы уақытта жекеменшік мектептер де басшылыққа алуға тиіс. Себебі тәрбие жұмысы балаларды түгел қамтуы қажет. Сонда ғана бұл бастама жалпыұлттық ауқымға ие болады. Жобаның түпкі мақсаты – отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Мұның бәрі – адал азаматқа тән қасиеттер. Құрылтай мүшелері алдағы уақытта осы бағдарламаны «Адал азамат» деп атауды ұсынып отыр. Мен бұл ұсыныспен толық келісемін, – деді Президент.

Сонымен қатар Президент бұл бастама қоғамда кең қолдауға ие болатынына сенім білдірді.

– Қазір жұрт адал еңбегімен танылған қарапайым азаматтарды құрметтейді. Шын мәнінде, елге қызмет ету тек марапатпен өлшенбейді. Бірақ жұртқа үлгі болған адал азаматтарды марапаттау – өте маңызды. Жаңарған Қазақстанда еңбексүйгіш, білімді, отансүйгіш адамдар жаңа дәуірге лайықты қаһарманға айналуға тиіс. Сондықтан мемлекет наградаларын беру рәсімін жетілдіру керек. Тиісті мемлекеттік органдарға нақты ұсыныс енгізуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент ономастика саласын ретке келтіру үшін ауқымды жұмыс басталғанына, көшелер мен елді мекендерге атау беру немесе атауларды өзгерту мәселесіне келгенде жергілікті атқарушы органдар көп қателік жібергеніне, бұл ретте тіпті, жерлестік пен тамыр-таныстыққа жол берілгеніне тоқталды. Сондықтан бұл істі орталықтандыру туралы шешім қабылданғанын жеткізді.

– Нәтижесінде, бізде ономастика сала­сын­дағы жұмыстың бірыңғай әрі нақты регламенті бар. Алайда тиісті рәсімдерді өзгертіп қана қоймай, сонымен бірге, бұл жұмыспен тиянақты айналысу керек. Тарихи әділдік қағидатын қатаң ұстану қажет. Біздің көрнекті тарихи тұлғаларымыз ұлықтауға әб­ден лайық. Сөз жоқ, олардың есімін ел жадында сақтау – перзенттік парызымыз әрі жалпыұлттық болмысымызға тән қа­сиет. Бірақ ономастиканы «тарихи еңбегі» еш­қан­дай архив құжаттарымен расталмаған тұл­ғал­арды ұлықтау құралы етуге болмайды, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ келелі кездесуде Мемлекет басшысы бүгінгі реформалардың бәрі болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқанын атап өтті.

– Біз бейбіт және берекелі ел болуымыз керек. Бұл – ұлтымыздың болашағы үшін аса маңызды. Біз бір ел, бір халық, бір ұлт болып ұйысуымыз керек. Бұл – ұлт ретінде ұйысудың бірден-бір жолы. Халқымыздың амандығы мен еліміздің тұтастығы бәрінен қымбат. Осыны әрдайым есте ұстайық, – деді Президент.

Қорыта айтқанда, Ұлттық құрылтай – елдің бірлігін нығайтып, жарқын болашаққа бастайтын маңызды бастама әрі сан түрлі сауалға жауап іздеп, елдің әлеуметтік, мәдени, экономикалық дамуына бағыт-бағдар беретін алаң ретінде ерекше маңызға ие.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.