Қалалық қоғамдық-саяси газет

ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА ЖЕТПЕГЕН БИІКТІ ПАРАСПОРТШЫЛАР БАҒЫНДЫРУДА

0 466

Токио Олимпиадасында ұлттық құрама спортшылары алтын былай тұрсын, күміс те ала алмай миллиондаған жанкүйерді жерге қаратты. Осымен Токио төрінде еліміздің Әнұраны шырқалмады деп еңсеміз түсіп еді, параспортшылар сол кемшіліктің орнын толтырып, бір алтын, үш күміс жүлдемен жанкүйерлерді қуантып тастады.

Паралимпиаданың ашылу салтанаты 24 тамызда өткен еді. Биылғы байрақты бәсекеге жерлестеріміз бас-аяғы 25 лицензия жеңіп алды. Оның ішінде жүзуден 7, дзюдодан 6 жолдамамыз бар. Пауэрлифтингтен 5 жолдамаға тағы иелік еттік. Бұған қоса қазақстандық спортшылар жеңіл атлетика, таэквондо, ескек есу және оқ ату бағыттары бойынша сынға түсетіні белгілі болған. Сонымен Паралимпиадада еліміздің көк туын паратаэквондодан екі дүркін әлем чемпионы, Азияның үш дүркін чемпионы Нұрлан Домбаев пен пауэрлифтингтен Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева ұстап шықты.
Ал Паралимпиада ойындарында қоржынға түскен алғашқы жүлде қола не күміс емес, алтын болды. Оны пауэрлифтингтен Азия чемпионы, небары 5 жыл ішінде өзінің мықтылығын дәлелдеген Давид Дегтярев еншіледі. Давид спорттық мансабын 2016 жылы бастаған. Ел біріншілігінде Ақмола облысының намысын қорғаған. Оның ерлігі неде дейсіздер ғой? 54 келі салмақта өнер көрсететін Давид қарсыластарын дода басталғаннан-ақ тұқыртып үлгерді. Бірінші мүмкіндігінде 170 келі зілтемірді бағындырып, Олимпиада чемпионы атанып қойған. Расын айтқанда «сары баламыз» салған жерден жеңіске жететінін қарсыластары да күтпесе керек. Соған қарамастан Давид өзінің алғашқы мүмкіндігінен соң, тағы екі мүмкіндігін де пайдаланып, 174 келіні саспай көтерді. Бапкерлердің айтуынша бұған дейін Давидтің 185 келіні бағындырған кезі де болған екен. Паралимпиадада оған тең келетін ешкім болмаған соң, тәуекелге бас байламаған. Жас өрен үлкен спортқа келген соң араға екі жыл салып, Джакартадағы Азия параойындарына қатысқан. Сол турнирде екінші орынды еншілеп, паралимиада ойын-дарына қатысуға жолы ашылған. Дәл сол жылы Азия чемпионатының қола жүлдесін еншілеген. Дегтярев былтыр Қазақстан чемпионатында 4 рет ел рекордын жаңартып, әлем біріншілігіне қатысуға жолдама алған. Осындай ірі жарыстардың барлығынан өтіп, Токиода топ жарған Дегтяревтің жеңісті жолын Паралимпиадада ел намысын қорғап жатқан басқа да спортшылар жалғаса деген тілек бар.
Ел қоржынына екінші медальді дюдошы Ануар Сариев салды. Ол жартылай финалда венесуэлалық Маркос Бланконы жеңіп, Паралимпиаданың алтын жүлдесі үшін бақ сынауға мүмкіндік алған. Бірақ Сариевке сәттілік жолдас болмай азербайжандық Вугар Ширинлиге есе жіберді. Ануар құрамадағы тәжірибелі спортшылардың қатарында еді. Паралимпиадада жүлде алатынына бапкерлер де зор сенім артқан. Орда бұзар отыз жасқа таяған ол Рио Олимпиадасына қатысып, жүлдеден қағылған. Бірақ сол жеңіліске қарамастан спорттық бабын сақтап, дайындыққа көп көңіл бөлген Сариевтің жолы Токиода болды десек қате айтқанымыз емес. Бұл әрине жеңілістен кейін спорттық мансабын ерте аяқтаған жастарға үлгі боларлық дүние.
Паралимпиаданың күміс жүлдесін жеңіп алған парадзюдошының бірі – Дәулет Теміржан. Ол ел намысын 73 келіге дейін салмақта қорғаған. Бұл салмақта қола украиналық дзюдошы Руфат Могомедов пен литвалық спортшы Освальдас Барейкиске бұйырды. Дәулет жартылай финалда грузиялық Гиорги Калданиді 11:1 есебімен таза жеңіп, финалға жолдама алған еді. Алтыннан үміт күткеніміз рас, алайда ақтық белдесуде Өзбекстан спортшысы Феруз Саидов біздің спортшыдан бір бас басым болды. Бұл – Қазақстанның Токиода өтіп жатқан Паралимпиада ойындарындағы үшінші медалі еді.
Паралимпиаданың күміс жүлдесі дюдошы Зарина Байбатинаға да бұйырды. Осылайша 70 келі салмақта белдескен ару Паралимпиада дзюдодан әйелдердер арасында жүлделі болған тұңғыш қазақстандық атанды. Зарина финалға дейін моңғолиялық Ньямы Алтанцэцэг пен Италия споршысы Каролина Костаны жеңді. Бірақ ақтық сында әзірбайжандық Дурсадаф Каримова басым түсіп, Зарина Байбатинаға күміс жүлде бұйырды.
Ел спортшылары Паралимпиада ойындарына сонау 1996 жылдан бері қатысып келеді. Бірақ он жыл бойы бірде-бір қазақстандық параспортшыға жүлде бұйырмаған. Тек 2016 жылы Жамбылдың мақтанышы Зульфия Габидуллина Рио Паралимпиадасында жүзуден алтын медаль олжалаған. Сол жылы пауэрлифтингтен сынға түскен Раушан Қойшыбаев күміспен күптеліп, ел мерейін үстем етті. Осылайша араға он жыл салып біздің параспортшыларымыз ерлік жасаған. Бірақ биыл Токио төрінде Зульфияға бірінші қашықтықта жолы болмай, финалдық бәсекенің жолдамасы бұйырмады. Бірақ батыл қыз тағы бір қашықтықта өнер көрсететін болған соң 2 қыркүйекте тағы да бағын сынап көрмек. Әрине Паралимпиадада өнер көрсетіп жатқан басқа да спортшыларымыздың аяқалысы жаман емес. Биылғы жетістік тіпті тамаша десек те болады. Біз әр спортшының жеңісі елімізде параспортшыларға қолдау көрсетіліп, жетістікке жетуіне ерекше жағдай жасалғанынан деп түйдік. Сонымен параспортшыларымыз Рио олимпиадасында жалпыкомандалық есепте бір алтын және бір күміс медальмен 58-орынға тұрақтаса, Қытай, Ұлыбритания және Ресей көш басына шыққан Токиодағы Паралимпиадада әзірге 41-орында тұрмыз. Бірақ жарыстың 5 қыркүйекке дейін созылатынын ескерсек, әлі де жүлдеден үміт үзбейміз.

 

Сәндібек ПІРЕНОВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.