Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлттық ойындар ұлықталды

0 155

Ұлттық ойындар – ерте заманнан қалыптасқан дәстүрлі ойын-сауықтардың бір түрі. Оның бастауы тым тереңде, ғасырлар қойнауында жатыр.

Ұлттық ойындар ұғымы – әр халықтың төл дүниетанымынан, жағырапиялық жағдайларға бейімделуінен, ел мен жерді сыртқы жаудан қорғау дайындығынан негізгі ақпар береді. Бағзыдан бері сайын дала төсінде мекендеген сан алуан тайпалар мен мемлекеттердің бүгінгі мұрагері қазақ халқының күнделікті өмір салтында ойын әрекеттерінің орны қашанда ерекше болған.
Осының негізінде әр халық әртүрлі жаттығулар жасау жолымен дене шынықтыру ісінің негізін қалады. Бұл бертін келе шынайы спорт түрлерінің шығуына түрткі болды. Оның адам денсаулығын жақсарта түсуде пайдасы зор екені белгілі. Қазақтың ұлттық ойындары – бабаларымыздан қалған асыл қазына. Сондықтан оларды ұлықтау – ұрпақ парызы.
Биылғы әз-Наурыз мерекесінің жетінші күні ұлттық ойындарды кеңінен насихаттауға бағытталған. Осыған орай еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның жарқын көрінісі – Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен «Ер қаруы – бес қару» атты ұллтық ойындар фестивалі.
Ұлттық ойындарды қолдау, дамыту, қала жастарының танымдық-қозғалыс белсенділіктерін арттыру, салауатты өмір салтына баулу, спортқа икемді жастарды анықтау, ұлтымыздың салт-дәстүрін сақтауға шақыруды мақсат тұтқан сайыс барысында қатысушылар садақ ату, асық ату, арқан тарту, гір тасын көтеру, ләңгі тебу, қол күрес 6 спорт түрінен сынға түсіп, өзара мықтыны анықтады. Шара соңында сайыс жеңімпаздарына ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Аталмыш фестиваль алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Бинура Жақыпбай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.