Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлттық өнер қолдаудан кенде қалмайды

0 486

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілері одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Ахметжан Өзбеков, белгілі айтыскер ақын Айтмұхамбет Исақов және республикалық айтыстардың жүлдегері, ақын Алина Айдаралымен кездесті.

Кездесуде шаһар басшысы қалада атқарылған ауқымды жұмыстарды тілге тиек етіп, ұлттық өнерге әрдайым қолдау көрсетілетінін баса айтты.

– Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан көне шаһар – Тараз бүгінде күннен-күнге көркейіп келеді. Қаланың мәдени дамуына да айрықша көңіл бөлініп, көптеген нысан бой көтеруде. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Тараз дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының қатарына қосылды. Бұл шаһарымыздың мәдениетін күллі әлемге паш еткені сөзсіз. Бұдан бөлек қалада ұлттық өнерімізді ұлықтауға бағытталған ілкімді істер қолға алынуда.
Қаланың үш жылдық даму жоспарында да бұл мәселе айқын көрініс тапқан. Сондықтан ұлттық өнерді қолдау әрқашан алдыңғы орында тұрады, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жуырда республикалық «Алтын домбыра» ақындар айтысында аймақ намысын қорғайтын Алина Айдаралыға сәттілік тіледі.

Бұдан кейін Ахметжан Өзбеков одақ тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, өңірде жас ақындардың қалың шоғыры қалыптасқанын жеткізді.

Келесі кезекте Алина Айдаралы кілең дүлдүл ақындар бақ сынайтын жыр додасында облыстың абыройын асқақтатып, мерейін үстем ету үшін бар күшін салатынын айтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.