Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлттық құндылығын ұлықтаған ел озады

0 2  652

Кез келген ұлттың өзіндік ерекшеліктері болады. Ұлттық құндылықтар болмаса, ұлттың мәдениеті, дін мен дәстүрі, қоғамдағы тұрақтылықты, рухани тұтастықты айқындап отыратын ұлттық бірегейлік сақталмайды. Атырауда өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге тереңірек тоқталды.

– Ендігі мәселе – ұлттық бірегейлігімізді нығайту. Мен «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатымда Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша атап өтетінімізді айттым. Жақында осыған байланысты арнайы тұжырымдама қабылданды. Әрине, бүкіл әлем жұртшылығымен бірге қарсы алатын Жаңа жыл мерекесінен бас тартпаймыз. Бірақ әз-Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз. Мысалы, Көрісу күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болады. Соның бірі Ұлттық киім күні деп аталады. Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Мен былтыр ауызашар берген кезде осы мәселеге арнайы тоқталдым, – деді Мемлекет басшысы.
Аллаға шүкір, тәуелсіздік таңы атқан жылдардан бастап әз-Наурыз өз ортамызға оралды. Өткен тарихқа көз жіберсек, 1926-1988 жылдар аралығында Кеңес Одағының идеологиясына қарсы, яғни дінге, сонымен қатар Түркі жұртына ортақ салт-дәстүрге тыйым салынды. Себебі Наурыз мерекесі бүкіл түркілерді біріктіреді. Бұл халықтардың нанымы, танымы, құндылығы бірігіп кетсе, онда Кеңес үкіметі ыдырап кетеді деген ой болды. Сондықтан соған сәйкес идеологияның бәрін жойды, тыйым салды, ұмыттыруға тырысты. Мәселе осында. Яғни өз идеологиясын орнықтыру үшін басқа идеологияның, басқа танымның бәрін ысырып, халық жадынан өшіру керек болды.
Дегенмен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін Қазақстанның ішкі ахуалы нашарлап кетті. Сол кезде Колбин елді дұрыстап басқарғысы келді. Сөйтіп, жағдайды жақсартуға байланысты зиялы қауыммен ақылдасты. Олар қазақ халқының құндылығын жоғары көтеру керек екенін айтып, Өзбекәлі Жәнібеков белгілі ақын-жазушыларды Колбинмен кездестірген. Нәтижесінде, Наурыз мерекесін тойлау қолға алынып, осылайша ұлтымыздың ортасында ұмыт болуға айналған ұлық мейраммен араға 62 жыл салып ел қайта қауышты.
Тарихи деректерге сүйенсек, бағзы заманда Наурызды тойлау 8-9 күнге жалғасқан. Оны «Наурызнама» деп атаған. Бұл туралы деректер ұлы философ-жазушыларымыз Махмұд Қашқаридің, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Абай Құнанбайұлының еңбектерінде жазылған. Мәселен, Абай Наурыздың ерте кезден келе жатқан халықтық мейрам екені жөнінде былай дейді: «Наурыз тарихын көшпелі халықтардың сонау «хибаги», «хұзағи» деп аталған заманға дейін апарып: «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен».
Абайдың бұл жазғанына қарап ғалымдар Наурыз мейрамының түп төркінін сонау арғы Иран-Тұран, Алып Ер Тұңға (Афрасиаб) заманына дейін апарады. Өйткені Түркі жұрты мен Парсы қауымының арасындағы байланыс сол кезеңде басталған. Қалай десек те, қазақтың күнтізбесінде Наурыздың жыл басы ретінде танылып, мерекеленетіні мәдени қарым-қатынаспен байланысты алыс-берістігі болғаны анық. Одан бөлек, Абай Наурыз мейрамының діни мереке емес, көктем мейрамы, яғни халықтық мереке екеніне назар аударады. Яғни қазақ жерінде мұсылманшылық тарамағанға дейін «Ұлыстың ұлы күні» атты дүниетанымдық түсінік болғанын алға тартады.
Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.
Мұнда ақынның «жыл құсы» деп отырғаны – «наурызек» аталатын көкала торғай.
Осылайша тарих керуенімен бірге жеткен Наурыз мерекесін тәуелсіздік жылдарында жаңаша жаңғырту үшін қолға алған жұмыстар аз емес. Бүгінде Ұлыстың ұлы күні елімізді мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың басын қосқан, ұлтаралық келісім жарасым тапқан, ел бірлігіне үндеген бүкілхалықтық мерекеге айналды. Наурызды республика деңгейінде атап өтетін болдық. Онда ұлттық ат спорты түрлерінен, қазақ күресі, арқан тарту, бағанаға өрмелеу, жүлде алу секілді жарыстар ұйымдастырылып, дастарқан жайылып, наурыз көже дайындалып, ұмыт бола бастаған көптеген дәстүрлеріміз жаңғырды. Осы бағыттағы жұмыстардың арасында ерекше атап өтетіні – 2009 жылдың 4 наурызы күні Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» қолданыстағы Заңға өзгеріс енгізуді көздейтін заң жобасын мақұлдады. Сол заңға сәйкес, мемлекеттік мереке Наурыз мейрамы бір күннің орнына үш күн бойы, яғни 21-22-23 наурыз күндері мерекеленетін болды.
Ал Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының өзі айтқандай, ағымдағы жылы атаулы мерекені атап өтуге 10 күндік кесте жарияланған болатын. Атап айтқанда, 14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі. Бұл дәстүр негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған. Қазір бұл мерекені барлық аймақта тойлауда. Ал 15 наурыз – Қайырымдылық күні етіп белгіленіп, бұл күнді ел бойынша қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арнаймыз. Сонымен қатар 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні болса, 17 наурыз – Шаңырақ күні болып белгіленді. Сондай-ақ 18 наурыз – Ұлттық киімдер күні күнімен жалғасса, 19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды. 20 наурыз – Ұлттық спорт күні болып, бұл күні елдің барлық аймағында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылса, 21 наурыз – Ынтымақ күні жалпы халық арасында бір-біріне деген сый-құрметті арттырып, татулық пен бірлікті насихатталады. Ал 22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңке ұйымдастырылып, келесі күні, яғни 23 наурыз – Тазару күнімен түйінделеді. Бұл халқымыздың ерекше қуанышпен қарсы алған жағымды жаңалықтарының бірі болды. Қалай десек те, Наурыз мерекесінің орны қазақ халқы үшін маңызды. Ендеше, дәстүрлі мейрам алдағы уақыттарда да халқымызбен бірге жасасып, біте қайнаса бермек.
Біз жоғарыда 18 наурыз – Ұлттық киімдер күні болып белгіленген атап өттік. Мемлекет басшысы Жайық жағасындағы құрылтайдағы баяндамасында: «Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн. Әсіресе қазіргі таңда мұндай қадамдардың мән-маңызы айрықша», – деген болатын. Айтылған сөздің жаны бар. Бұрын ұлттық нақыштағы киім-кешектер мен ұлттық бүйімдар арнайы мерекелерде ұлықталса, қазіргі таңда күнделікті өмірімізге дендеп енген. Сәнге құмар қыз-келіншектер оюлармен көмкерілген қазақи киімдерді бүгінгі заманға сай икемдеп киюді әдетке айналдырған. Отандық этнодизайнерлердің бірі Қазипа Қалиқызы уақыт өткен сайын ұлттық құндылықтарға қызығушылық пен сұраныс артып келе жатқанын айтады.
– Сырға салу, қыз ұзату, келін түсіру, шілдехана, бесік тойы, сүндет тойы сынды өзге де қазақтың тойы көп қой. Осындай мерекелік отырыстарға аруларымыз гүлді не бір түсті матадан тігілген көйлектер кисе, ал сыртынан көздің жауын алатын оюлармен безендірілген заманауи жилеттер киіп, одан сайын ерекшелене түседі. Бұл бір жағынан қарапайым болып көрінгенімен, көйлектің түсі жилеттің түсімен үйлесіп, әшекей-бұйымдарымен одан сайын ажарлана түседі. Уақыт өткен сайын осындай дүниелерге деген қызығушылық артып келеді, – дейді дизайнер.
Соңғы бірнеше жылдан бері ұлттық нақыштағы футболкаларды кию жаппай сәнге айналғаны бәрімізге мәлім. Дегенмен өзгелерге еліктеу әлі де басым. Өкініштісі сол, көшеде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдардың қатары аз емес. Қазақ халық ежелден мал-жанның амандығын бірінші кезекке қойып, «дені саудың жаны сау» дегенді алға тартады. Індет айналып өтсін, адамзат аман болсын деген тілектеміз, әрине. Алайда «Өмір бар жерде өлім бар» дегендей, қазақтың қазалы жағдайға байланысты ұстанған наным-сенімі, тағы бір салты «қаралы үй», «қара жамылу», «қазан төңкеру» дегеннің мәнісін тереңінен қозғасақ, астарында ұрпақты тәрбиелеу жолы да, сақтандыру шарасы да бар. Ал қаракөздеріміздің қара жамылғаны тарихымыз бен болашағымыз үшін аса қауіпті. Осы мәселе Мемлекет басшысын да алаңдатып отыр.
– Соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз. Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіредіншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Радикалды неофиттер халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы Ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында.
Әрине, біз араб емес, мұсылманбыз, Алланың адал құлымыз. Ислам діні – ұлтымыздың басты рухани негізі, ата-бабаларымыздың ұстанған, қастер тұтқан жолы. Әлімсақтан мұсылман болған халқымыз әркез діні мен дәстүрін қадірлеп, ғасырдан-ғасырға осы екі қасиетті ұғымды ұштастыра білу арқылы Құдайға деген құлшылығын жасап, дархан мінезінен таймай, ұрпағын ізгілікке тәрбиелеп келген. Өмірлік тұрмысымызға айналған дәстүрлеріміздің көбі асыл дінімізден бастау алған. Осылайша асыл дініміз қазақ халқының рухани дүниесін қанағаттандырып қана қоймай, халқымыздың танымы, мәдениетімен біте қайнасып кеткен.
Қазақ халқының мұсылмандық діни түсінігі, шешендік сөздері, діни-дастандары, мақал-мәтелдері, кешегі жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінің мазмұнына да көз жүгіртсек, әрине, аят-хадистерге барып тірелетініне және рухани құндылықтарымен негізделуіне куә боламыз. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы бір сөзінде: «Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған», – деген екен.
Шынымен де, «Алла атымен бастадым сөз әлібін, Жарылқаған, жаратқан, бір тәңірім», – деп сөз бастаған Жүсіп Хас Қажыб Баласағұни бабамыз бастап, бергі сөз бастаған жырау, шешендеріміздің ешқайсысының аузынан Алласы түспеген. Абай хакімнің: «Алланың, Пайғамбардың жолындамыз, Ынтамызды бұзбастық иманымыз», – деуінің өзі қазақ халқының қандай жолды ұстанғандығын анық көрсетуде. Бұл ойымызды Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай төріндегі: «Дүниеге ақыл-парасатпен қарау және еркін ойлау секілді ханафизмге тән қасиеттер Ислам өркениетінің қайта өрлеуіне жол ашты. Сондай-ақ біздің өңірде өнер-ғылымның өркендеуіне және Әл-Фараби сияқты ұлы ойшылдардың тарих сахнасына шығуына ықпал етті. Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, Түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн», – деген сөзі толықтыра түседі.
Әрине, бүгінгі таңда еліміздің әлеуеті артып, қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларда жетістікке жетіп, әлемдік саясат алдында беделінің өсуіне елдегі ішкі тыныштық пен тұрақтылықтың маңызы зор. Күн сайын түрлі елдердегі ұлтаралық, дінаралық алауыздықтар, түрлі лаңкестік әрекеттер мен дін атын жамылған экстремистік топтардың әрекеттері орын алып отырған оқиғалармен салыстыра келе, ел ішіндегі тыныштық еліміздің басты жетістіктері екендігін мойындауға болады. Әйтсе де, еліміз бұл мәселеден оқшау қалған емес. Өйткені діни экстремизм мен терроризм қаупі тек Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде қашан болса да өзекті болып қала бермек.
– Біз халқымыздың рухани негізін құрметтей отырып, мемлекетіміздің зайырлы ел ретіндегі мәртебесін күшейте түсуіміз керек. Қазақстан өзінің мемлекеттілігіне және қоғамдық мораліне қайшы келмейтін діни наным-сенімдердің, түрлі танымдар мен ілімдердің бәріне түсіністікпен қарайды. Бірақ біз батыстың, я болмаса басқа да көзқарас иелерінің ықпалымен төл мәдениетімізге жат әрі әлемнің дуалистік негізіне кереғар құндылықтарды насихаттаушылардың жетегіне еріп кете алмаймыз, кетпейміз де! Деструктивті насихаттарға біздің еліміздегі балалар да ілесіп кетіп жүр,– деді Президент.
Бүгінде деструктивті діни ағымдар идеологиясының беделін түсіру үшін алдымен олардың өз мақсаттарын орындау үшін жасалатын әрекеттерін, әдіс-тәсілдерін анықтап, соған сай қарсы әрекет ету қажет. Деструктивті діни ағымдардың жастарды арбау әрекеттері осы ғаламтор ресурстары арқылы, соның ішінде әлеуметтік желілерде жүзеге асырылуда. Әлем бойынша осындай ұйымдарға қосылушылардың 80 пайыздан астамы – ғаламтор арқылы арбалғандар. Радикалды ағымдар көбінесе жастар арасында кең қолданысқа ие «Facebook», «В контакте», «YouTube», «Одноклассники», «Instagram», «Telegram», «TikТok» әлеуметтік желілерін кеңінен өз мүдделеріне сай пайдалануда. Деструктивті діни ағым өкілдері жасөспірімдердің назарын аудару мақсатында түрлі форматта контент жасап жатыр. Әсіресе жастардың арасында танымал болған «TikТok» әлеуметтік желісі – өз насихаттарын оңай жүргізу үшін қолданатын таптырмас құралдарының бірі. Діни сипаттағы контентті дайындап, таратушылар, негізінен олар террористік ұйымның соғыс алаңдарында жүрген адамдары емес. Олар – өздерінің деструктивті дiни ағымдарының идеологиясын ұстанатын, әлемнің қай жерінде болса да ғаламтор арқылы үгіттеп отырған жақтаушылары. Жихадшы-террористердің күнделікті өмірін жақсы қырынан көрсетіп, жоғарғы сапада жасалған әсерлі бейнероликтері арқылы өздеріне өзгелердің назарын аудартқызып, тіркелушілерінің санын арттыруда. Бұған еліміздегі экстремизм баптарымен темір торға қамалғандардың басым көпшілігі осы әлеуметтік желілерде ақпарат тарату жұмыстарымен белсенді айналысқандығы дәлел бола алады.
Сонымен қатар Ислам діні алғашқы уақыттардан бастап-ақ әйел затының жанұядағы әрі қоғамдағы орнын белгіледі. Өзіне тиесілі міндетін нақтылап, ар-ұяты мен абыройын қорғады. Сүйкімді қыз, сүйікті жар, аяулы ана ретінде беделін өсірді. Дініміздің әйелдерге зор қамқорлық жасауы – барша әйел заты үшін адамзат тарихындағы теңдессіз оқиға болды. Өйткені өзге елдерде де әйелдің жағдайы тым аянышты күйде еді. Құран Кәрімде 176 аяттан тұратын «Ниса» («Әйелдер»), 98 аяттан тұратын «Мәриям» деп аталатын сүрелер тікелей әйелдерге арналған. Бұдан басқа, «Нұр», «Ахзаб», «Мұмтахина», «Тахрим» сүрелерінде де дініміздегі әйел адамның орны туралы кеңінен айтылған. Бұл – Ислам дінінің әйелдерге қаншалықты көңіл бөлгеніне дәлел.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында дінді бұрмалап, әйелдерді кемсіту жағдайының етек алып бара жатқанына да тоқталды.
– Біз дәстүрлі отбасы құндылықтарын табанды түрде орнықтыра беруіміз қажет. Ислам қағидаларын өрескел бұрмалап, қатып қалған догма ретінде қабылдайтын отбасылардағы әйелдерді кемсіту, тіпті қорлау фактілеріне ерекше назар аударған жөн. Мұндай отбасылардың тұрмыс-тіршілігі ғылым мен техниканың жетістіктеріне толы XXI ғасырдың өмір салтына мүлде үйлеспейтін сорақы тыйымдар мен тәртіптерге негізделген. Кейбір адамдар әдейі кері кетуді қалап, орта ғасырларға тән ескі таным-түсінік пен іс-әрекетке бой ұратын сияқты көрінеді, – деді ол.
Президент атап өткендей, Ислам дінінде әйелдің орны ерекше. Сондықтан әйелге деген құрмет зор болуға тиіс. Ислам діні әйелге Алланың аманаты ретінде қарауға шақырған. Ешбір құқын шектемеген. Қайта өз жаратылысына сай сүйікті жар, аяулы ана ретінде қашанда оның орнын жоғары бағалаған. Қоғам тәрбиесін қыз баланың ұяттылығымен ұштастыра қарастырған. Әйел затын жатпиғылдылардың бұзық әрекеттерінен қорғауға тырысқан. Осындай құрметке лайық бола білу үшін әйелден де белгілі бір міндеттерді талап еткен.
Әйелдер демекші, Президент осы құрылтайда еліміздегі қыз алып қашу мәселесіне арнайы тоқталып: «Елімізде қыз алып қашуды, көп әйел алуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар. Бұл – мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті масқара тірлік. Өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керек. Сондықтан мұндай ақылға сыймайтын әрекеттерді қатаң сынға алу жеткіліксіз. Оған құқықтық баға беріліп, біржола тосқауыл қойылуға тиіс», – деді.
Бүгінде елімізде қыз алып қашу статистикасы жүргізілмейді. Себебі қылмыстың осы түріне қатысты арнайы бап жоқ. Бұл дерек «Адам ұрлау» фактісімен тіркеледі. Ал еркінен тыс алып қашса, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жазушы Баянғали Әлімжановтың сөзінше, танымайтын қызды бір-екі рет қана көріп, сөз байласпастан алып қашу – тағылық.
– Бұл ешқандай адамгершілік немесе заң нормасына сыймайды. Заңгерлер де мұндайды заңға қайшы әрекет деп бағалайды, – дейді жазушы.
Ал заңгерлердің сөзінше, 126-бабына байланысты адамды өз еркінен тыс бостандығынан айыру бабы бар. Екінші бап Қазақстан Республикасының 125-бабы «Адам ұрлау» фактісі бар. Үшінші бап, зорлық-зомбылық көрсету деген тағы да бап бар. Сол себепті сіздерге айтарым бірінші әрекет етпестен бұрын заңға бір қарап алыңыздар. Сізді адам кешіргенмен, заң кешірмейді.
Әрине, ел абыройын бір сүйемге жоғарылататын, дәуірін мейіріне қандыратын, барлық дерттен тазартатын шипалы ем секілді пайдалы, озық салт-дәстүрлерді сақтауда әр адам енжарлық танытпауы тиіс. Ал осы ғасырдың талаптарына сай келмейтін ырым-тыйымдардың жойылуы жүрекке шаншудай қадалса да, бұл өсиеттер «ұмытылуға тиіс дәстүрлер» кемесіне мініп, «тарих» теңізінде жүзе береді. Мүмкін, бұл сөзімізге көпшілік «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп ақталуы мүмкін. Сондықтан да ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, ұлықтағанымыз жөн болар.

Айнур МЕНЛИБЕКОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
«Жаратылыстану ғылымдары» факультеті
«Химия» кафедрасының аға оқытушысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.