Отыз күн ойынын, қырық күн тойын жасаған қазақ халқы үшін кез келген мерекенің орны айрықша. Әсіресе, Наурыз мейрамын кең көлемде атап өту дәстүрі жылдан-жылға қанатын кеңге жайып келеді. Сондай іс-шаралардың бірі Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өтті.
Салтанатты шараның шымылдығы Қыдыр атаның ақ батасымен ашылды. Осыдан кейін сахнаға «Ару әжелер» ансамблі көтеріліп, әуезді әндерімен көрермен көңілін көтерді. Әннен кейін рухани-танымдық интелектуалды ойын ұйымдастырылып, қатысушыларға Наурыз мейрамы мен қазақ халқының салт-дәстүрлеріне қатысты сұрақтар қойылды.
Жалпы, ұлттық мерекені ұйымдастыруға аталған мектептің ұстаздары мен оқушылары, сонымен бірге ата-аналардың белсенді түрде атсалысқаны көрініп тұр. Мектеп ауласына тігілген, аппақ жұмыртқадай болып көздің жауын алатын қазақы үйлер мен дастарқандағы халқымыздың түрлі тағамдары осыны айғақтап тұрғандай.
– Биылғы наурыз мерекесі мен үшін ерекше әсермен өтіп жатыр. Мектеп ауласына сән-салтанатымен тігілген киіз үйлер, ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен көмкерілген безендірулер және молшылықтың белгісіндей жайылған дастархан – барлығы да мерекенің рухын асқақтатып тұр. Түрлі дәмді тағамдарға толы дастархан көрген адамды қызықтырып, нағыз қазақы қонақжайлықтың үлгісіндей әсер қалдырды. Мектептің барлық оқушысы бір мезгілде жиналып, ұлы мерекені бірге тойлап жатқаны мен үшін бұрын-соңды болмаған ерекше оқиға. Бұл менің жадымда ұзақ уақыт сақталатын ерекше сәттердің бірі болатыны сөзсіз, – дейді 7 сынып оқушысы Нұрасыл Сейітқасым.
Сонымен қатар салтанатты шара барысында арқан тартыс, қол күрес, би жарыс секілді ойындар ұйымдастырылып, кеш көркін қыздыра түсті. Белсенділік танытқан оқушыларға арнайы дайындалған сый-сияпаттар табысталды. Сондай-ақ барша қонақтарға наурыз көже таратылып, іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ