Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлттық идеологияның ұрпақ тәрбиесінде алар орны зор

0 285

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті, республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналы, республикалық әлеуметтік-қоғамдық «Елана» ақпараттық агенттігі саяси партиялармен, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен «Ауыл – ел бесігі» атты дәстүрлі экспедициясы Жамбыл облысында өз жұмысын тәмамдады.

Еліміздің барлық аймағында негізінен жылына екі рет өтетін экспедиция биыл бағытын тағы бір үлкен мәселеге бұрды. Ол – ұрпақ тәрбиесін қолға алу, ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарды идеология деңгейінде насихаттау.

Сол мақсатта, осы ауқымды бастаманың аясында Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен аймақтың барлық ауданында «Ұлттық идеологияның қайнар көздері» атты көшпелі «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. 4 мамыр күні Жамбыл ауданынан басталған іс-шара 15 мамыр күні Тараз қаласында түйінделді.

Экспедиция аясындағы көшпелі «дөңгелек үстелдің» алғашқы қадамы халықаралық «Qazaqstan dauiri» ЖШС Бас директоры, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сәуле Мешітбайқызы мен облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің кездесуінен басталып, одан ары аудандарда жалғасты.

Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылындағы Өнер мектебінде өткен «дөңгелек үстелде» Сәуле Мешітбайқызы ардагер ұстаз ретінде бүгінгі оқушылар арасындағы қылмысты азайту, ата-ана мен мектеп ұжымының бала тәрбиесіндегі рөлін айқындау, смартфонға байланған баланың бетін кітапқа бұрудың ұлтқа берер пайдасы, жастардың санасын улап жатқан түрлі телевизиялық бағдарламаларды жабу, әлеуметтік желінің балалардың санасын улап жатқаны, жалпы ұлттық идеологияның қайнар көзі болатын рухани құндылықтардың насихатын арттыру тақырыбында кеңінен ой қозғады.

– Менің сіздерден бір ғана өтінішім бар. Балалардың қолындағы смартфонды алып, кітапты ұстатыңыздаршы. Ұлттық тәрбиенің негізгі қайнар көзі баспасөз бен кітапта. Біздің рухани байлығымыздың жойылып бара жатқаны сол кітап оқымаудан болып отыр. Кейбір балалардың ежіктеп дұрыс оқи алмауы, ойын жеткізе сөйлей алмауы – осының бәрі кітап, журнал оқымағаннан келген кесел. Біздің тіл әлемдегі сөздік қоры мол ең бай тілдердің бірі, бірақ ең мықты дамыған тілдердің қатарында жоқ. Сондықтан қазір газет пен кітап оқымайтын буын өсіп келе жатқаны жанымды ауыртады.

Менің ғана газетіме жазылыңыздар деуден аулақпын. Өздеріңіздің аудандық, облыстық газеттерді алып оқыңыздар. Балаларды соған дағдыландырыңыздар. Әйтпесе, ата-анасы таң азаннан қара кешке дейін жұмыста, ал балаларының сол уақытта телефоннан не көріп, немен сусындап жүргенін бір Құдай біледі. Тіпті керек болса көп ата-ана балаларының қандай контент көріп, кімдермен сөйлесетінін, не жайлы сырласатынын тексермейтін де болған. Міне, осы ғасырдағы ақпараттық технологияның қарқынды дамуының кесірінен кейінгі буын ұлттық құндылықтан ада, рухани білімнен жұрдай күйде жетіліп келеді. Бұл жағдай менің жүрегімді қатты ауыртады, барынша толғантады.

Тәуелсіздік алғалы білім саласына жиырмадан аса министр келіпті. Олардың әрқайсысы өз реформасымен мектепті сынақ алаңына, оқушыны тәжірибе жүргізетін тірі қоянға айналдырды. Міне соның салдарынан білім сапасы төмендеді. Тәрбие сағаттары, тәрбиелік мәні бар пәндер қысқарды.

Осыны біле тұра, көре тұра қалай ғана қамсыз, қарекетсіз отырамыз? Ойласайық, тиісті министрлікке, Үкіметке ұсыныс айтайық. Ауылдың жағдайын, ауылдағы білімнің сапасы мен тәрбиені көзбен көріп, пікір алмасу үшін жолға шығып, алдарыңызға келіп тұрмын, – деген С.Мешітбайқызы жуық арада еліміздің Оқу-ағарту министрімен кездесетінін және құр қол бармай еліміздің аудандарын аралап, осындай жиындарда айтылған нақты ұсыныстарды құжатқа қаттап ала баратынын атап өтті.

Жалпы, облыстың барлық ауданында өткен көшпелі «дөңгелек үстел» отырыстарында көтерілген негізгі мәселелер осылар болды.

Жуалылық абыз қария Әбілқасым Ергебеков те ұрпақ тәрбиесі турасында тәлімге толы сөз сөйледі.

– Мектепке ерекше назар аудару керекпіз, әсіресе қыздардың тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Біздің келешегіміз көп жағдайда қыз тәрбиесіне байланысты. Сондай-ақ балаға адалдық, әділдік, кісі ақасын жемеу, өтірік айтпау қасиеттерін үнемі құлағына құйып отыру керек. Тәрбиелік мәні зор тәмсілдерді көбірек айтып берген дұрыс. Сонда оның бойында өмірлік дағды қалыптасады, – деген Ә.Ергебеков ата-аналардан бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарауды сұрады.

Бұл «дөңгелек үстелдің» тағы бір айта кетер жемісі – оқушылар шығармашылығына мән беріп, оларды барынша ынталандыру. Талас ауданында өткен жиында Қаратау қаласындағы мектеп-лицейдің бес бірдей оқушысына С.Мешітбайқызы республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының штаттан тыс тілшісі деген куәлікті салтанатты түрде табыс етіп, батасын берді. Сондай-ақ осы оқу орнының тағы екі оқушысы Әйгерім Төрегелді мен Дана Махадиді тілшілер қатарына қосуға уәде берді.

Сонымен қатар Қордай ауданында өткен үлкен жиында Қаракемер ауылындағы №14 Ә.Нүсіпбаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Болат Төреев оқушылардың тәлім-тәрбиесі жайлы сөз қозғай келе елді баспасөзге жылуға шақырған үндеуін жеткізді.

– Біздің мектептің ұжымы және ауыл тұрғындары сіз басқарып отырған газет-журналдарға бірауыздан жазылады деп сендіргім келеді!

Баспасөзге жазылу — ерікті. Бірақ бүгін оқырманды газетпен емес, газетті оқырманмен қамтамасыз ету қажеттілігі туған кезең келді!

Біздің, мектеп басшыларының міндеті – осындай газет-журналдарға жазылуды ұйымдастыру деп білемін. Ол жұмыс біздің қолымыздан әбден келеді, – деп азаматтық ойын білдірді.

Жалпы, барлық ауданда өткен «дөңгелек үстел» отырыстарында аталы сөзін айтып, елге жөн сілтеген, тіпті батырып-батырып айтқан қариялар да болды. Асалық Сәрсенбай Күзербаев, жуалылық Сейтхан Жұмашев, байзақтық Сүндетулла Әбілов, Нағима Даусариева, қордайлық Әбдібек Сейілханов тіл, ұлттық құндылық жайлы өте керемет ойларын жеткізді.

Аптаның әр күнінде өткен форумға бергісіз «дөңгелек үстел» отырыстарына Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасына қарасты Ш.Мұртаза атындағы «Баспасөз үйі» КММ-сі директорының орынбасары, облыстық қоғамдық Ата-аналар кеңесінің төрағасы Ринат Нұрақбаев модератор әрі спикер ретінде тұрақты қатысса, облыстық білім басқармасының білікті мамандары, яғни басқарманың бөлім басшысы Гүлзира Дәрібаева, білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің «Тұлғаны әлеуметтендіру және тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің жетекшісі, Гүлзат Келдібаева, осы бөлімнің әдіскері Алмагүл Түйтебаева спикер ретінде атсалысты. Сондай-ақ облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев, аудандық ардагерлер кеңесінің, ата-аналар комитетінің өкілдері, өңірлердегі әкелер, аналар алқасының жетекшілері, мектеп директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және бала, оқушы тәрбиесіне қатысы бар өзге де тиісті сала мамандары, ата-аналар, жастар жиынға қатысып, тақырып төңірегінде ойларын ортаға салып, пікір алмасты.

Ұлттық идеологияның қайнар көздерін іздеген форумға бергісіз кездесулер барысында мектеп оқушылырының қолынан шыққан сурет, түрлі қолөнер бұйымдарының көрмелері ұйымдастырылды. Одан бөлек түрлі өнер байқауларынан жүлде алып жүрген оқушылар мен аудандардағы жергілікті халықтық өнерпаздардың концерттік номерлері де жиынның маңызын аша түсті.

Көшпелі «дөңгелек үстелдің» Жамбыл жеріндегі қорытынды жиыны Тараз қаласында облыстық деңгейде ұйымдастырылды. Экспедициялық топ ары қарай еліміздің батыс өңірлерін араламақ.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.