Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлттық банк жүргізетін мониторингтің маңызы

0 921

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тоқсан сайын экономиканың нақты секторындағы іскерлік климатты сараптау үшін аумақтық филиалдар арқылы кәсіпорындардың басшыларына пікіртерім жүргізеді. Пікіртерім бизнес конъюнктурасындағы негізгі тенденцияларды анықтауға бағытталған. Сауалнама кәсіпорынның дайын өніміне деген сұраныс, дайын өнім, шикізат пен материалдар бағасының өзгерісі бойынша олардың күтімін, кәсіпорынның кредит көздеріне қажеттілігін және оның қолжетімділігін анықтауға байланысты сұрақтарды қамтиды.

Ұлттық Банкте кәсіпорындар мониторингі сауалнама негізінде жүргізіледі. Оны жүргізу барысында сауалнаманың екі түрі пайдаланылады: конъюнктуралық және қаржылық сауалнамалар. Конъюнктуралық сауална-ма – кәсіпорындардан сұраныс, бағалар, өндіріс көлемі және қорлар туралы, банк қызметтерін алу және қанағаттану деңгейі, сондай-ақ болашақ кезеңдерде күтілетін өзгерістер туралы ақпарат алуға арналған. Қаржылық сауалнама қаржылық жағдайды, кәсіпорын қызметінің тиімділігін сипаттайтын деректерді алуға арналған.
Экономиканың нақты секторы кәсіпорындары мониторингінің негізгі мақсаттары келесілер болып табылады:
1) экономиканың нақты секторындағы ағымдағы ахуалды шұғыл талдау, экономикадағы негізгі үрдістердің қысқа мерзімді болжамдарын әзірлеу;
2) ақша-кредит саясаты бойынша шешімдер қабылданған кезде Ұлттық Банк басшылығын ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету.
Сауалнамалардың деректері бойынша, Ұлттық Банк кәсіпорындардың қаржы қаражатына қажеттілігін зерттеуге, олардың қаржылық жағдайын, қалыптасқан инвестициялық ахуалды бағалауға, олардың қызметіне банктік ортаның әсерін зерттеуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар мониторинг аймақтың экономикасын кәсіпорындардың берген деректері тұрғысынан бағалауға мүмкіндік береді. Мысалы, өнімге деген сұраныстың өзгеруі, шаруашылық қызметтің тәуекелдерін бағалау, экономикалық конъюнктураның нәтижелерін жалпы талдау, кәсіпорынның ағымдағы және инвестициялық қызметіне әсерін тигізетін факторлар.
Бұл ретте жүргізілетін сауалнамалар жедел ақпараттың көзі болып табылады, оны кешенді талдау Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттің ақша-кредит саясатын даярлау және жүргізу бойынша міндеттерін жүзеге асыру үшін сапалы ақпараттық-талдамалық шолу алуға мүмкіндік береді.
Мониторинг жұмысы кері байланыс қағидаты бойынша құрылғанын атап өткен жөн. Сауалнамаларды өңдеу нәтижелері бойынша Ұлттық Банк мониторингке қатысушыларға экономикалық конъюнктураны, саладағы инвестициялық ахуалды дамыту, кәсіпорындардың қаржы-экономикалық жай-күйінің көрсеткіштерін салалық салыстыру туралы қажетті көрсеткіштерді қамтитын талдамалық материал жібереді. Сонымен қатар талдамалық материал жалпы Қазақстан бойынша қызметтері ұқсас кәсіпорындардың өз қызметтерін өзгелермен салыстыруына мүмкіндік береді.
Кәсіпорындардың басшыларынан тікелей алынатын деректердің Ұлттық Банк үшін үлкен мәні бар, себебі олар ағымдағы ахуал туралы ғана емес, сонымен қатар нақты сектордағы және оның салаларындағы күтілетін өзгерістер туралы жедел деректер алуға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде кредиттік тәуекелдерді анықтау, нақты сектордың іскерлік белсенділігінің циклдік өзгерісін және қаржылық орнықтылығын бағалау жөніндегі нақты міндеттерді шешу де маңызды.
Қазіргі таңда мониторингке ел экономикасының нақты секторының негізгі салаларының 3 334 кәсіпорны, оның ішінде Жамбыл облысы бойынша 233 кәсіпорын қатысады.
Кәсіпорындар мониторингіне қатысу сұрағы бойынша ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалына Тараз қаласы, Қазыбек би көшесі, 137, немесе 8 (7262) 99-93-41, 99-93-48, 45-59-81 (факс) телефондары бойынша хабарласуға болады.

Айжан Құттыбаева,
ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының бас маман-экономисі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.