Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы жүргізіледі

0 579

Елімізде ағымдағы жылдың 1 тамызы мен 20 қазаны аралығында Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын жүргізіледі. Бұл – еліміздің аграрлық секторының құрылымы, ресурстары мен жай-күйі туралы өзекті әрі сенімді деректерді алуға мүмкіндік беретін ауқымды статистикалық байқау. Санақ деректері тиімді мемлекеттік саясат құру, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық міндеттемелерді орындау үшін қажет.
Ұлттық санақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде жүзеге асырылады. Ал оны өткізу мерзімі ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығын және осы саланың жылдық қорытындылары бойынша өзекті деректерді алу қажеттілігін ескере отырып таңдалып отыр.
Санаққа дайындық жұмыстары осыдан 1,5 жыл бұрын басталған. Соның аясында Үкімет, облыс және аудандар деңгейінде арнайы комиссия құрылып, қажетті нормативтік-құқықтық актілер бекітілді. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдар жұмылдырылды. 2024 жылдың 21 тамызы мен 9 қыркүйегі аралығында ауыл шаруашылығы санағы пилоттық жоба ретінде Байзақ ауданының Көктал, Меркі ауданының Ақтоған ауылдары мен Талас ауданының Қаратау қаласында жүргізіліп, ақпараттық жүйелер, әдіснамалар және дала жұмыстарын жүргізудің ұйымдастырушылық ерекшеліктері сынақтан өткізілді.
Жалпы, Дүниежүзілік азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының халықаралық ұсыныстарына сәйкес, ауыл шаруашылығы санағы әр бес-он жыл сайын жүргізілуі керек. Бірақ, Қазақстанда санақтың бұл түрі соңғы рет 2006-2007 жылдары ғана іске асырылды. Ол кезде санақ өсімдік және мал шаруашылығы бойынша екі кезеңде өтсе, 2025 жылы барлығы бір мезетте жүргізіледі.
Ұлттық санаққа біріншіден, мал, өсімдік және балық шаруашылығы салаларымен айналысатын шаруа немесе фермер қожалықтарын қоса алғандағы, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер, екіншіден, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелері бар және/немесе мал ұстайтын үй шаруашылықтары, нақтырақ айтқанда, бұл бақшасы бар, өздері үшін төрт түлік ұстайтын, құс өсіретін жандар қатысады.
Санақ онлайн және офлайн кезеңдерден тұрады. Алдымен 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz. сайтында онлайн-сауалнама жүргізіледі. Бүгінде сайт санақ жұмысымен танысу үшін жұмыс істеп тұр. Заңды тұлғалар, фермерлер, үй шаруашылықтары – барлығы порталдағы санақ парақтарын қашықтан өз бетінше толтыра алады. Бұл әдіс өте ыңғайлы, сонымен қатар деректерді жинаудың тиімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сайтқа кірген сәтте респонденттер жүйеге тіркеліп, ЭЦҚ, QR-код немесе СМС арқылы авторизациядан өтуі қажет. Сауалнама парағына кірген кезде кейбір жолдарда мемлекеттік органдардың деректер базасында бар көрсеткіштер ұсынылады. Респондент осы көрсеткіштерді сол күйі қалдыра алады немесе оларды өзектендіреді. Содан соң толтырылған деректерін сақтап қойып, үзілістен кейін сол сауалнаманы толтыруды әрі қарай жалғастыра алады. Сауалнамадан өткеннен кейін респондент электрондық поштаға санақтан өткені туралы хабарлама алады.
Санақтан онлайн түрде өтуді ыңғайлы ету үшін жергілікті әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімшелерінің ғимараттарында өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ұйымдастырылады.
Осы ретте ескерте кетерлігін, заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер мен шаруа-фермер қожалықтары сияқты шаруашылықтың барлық ұйымдастырылған нысандары сауалнамадан сайтта өз бетінше өтуге тиіс. Сондай-ақ қызметі мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы немесе балық шаруашылығымен байланысты өндірушілердің барлығы санаққа қатысуға міндетті.
Егер респондентте сауалнама парағын толтыру кезінде қандай да сұрақтар туындаса, арнайы дайындалған жасанды интеллект арқылы жауап беретін Sanaq-Myrza виртуалды көмекшісіне жүгіне алады. Сондай-ақ, 1446 нөмірі бойынша бюроның байланыс орталығына хабарласуына болады. Қоңыраулар сағат 9:00-ден 18:30-ға дейін, ал онлайн-сауалнама басталған кезеңде – тәулік бойы, аптасына жеті күн бойы қабылданады.
Ұлттық санақтың 2025 жылдың 20 қыркүйегі мен 20 қазаны аралығында өтетін екінші кезеңінде интервьюерлер үй шаруашылықтарын жеке-жеке аралайды. Неліктен араға 20 күн қалдырып отырмыз? Себебі, бізге сауалнаманы өз бетінше аяқтағандарды ескере отырып, үй шаруашылықтарының тізімдерін қалыптастыру үшін қосымша уақыт қажет. Осылайша, санақ респонденттердің барлық санатын қамтиды және ақпарат жинаудың барынша толықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етеді. Санақ барысында облысымызда барлығы 129 мыңға жуық үй шаруашылығын және 34 мыңға жуық ауыл шаруашылығы өндірушілерін, оның ішінде 900-ден аса ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа фермер қожалықтарын қамту жоспарланған.
Санақ қызметкерлері барлық респондентті қамтуға міндетті. Қатысудан бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген. Нақтырақ тоқталсақ, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 497-бабы «Бастапқы статистикалық деректерді беру тәртібін бұзу» (жеке тұлғаларға – 10 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), заңды тұлғаларға айыппұл-кәсіпкерлік субъектісінің мөлшеріне байланысты 14-тен 120 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) дейін), «Мемлекеттік статистика туралы» 21-бабына сәйкес, Ұлттық санақтар барысында алынған мәліметтер бастапқы статистикалық деректерге жатады және міндетті түрде өтеусіз негізде ұсынылады.
Ерекше айта кетерлігі, біздің интервьюерлеріміздің атрибуттары – бейсболка, жамылғы, ауылшаруашылық санағының символикасы бар портфель, планшет және QR коды бар куәлік.
Азаматтарды санаққа саналы түрде қатысуға шақырамыз. Өйткені, бұл – жай статистикалық шара емес, барлық азаматты қамтитын мемлекеттік маңызы бар іс.
Сауалнамаларда заңды тұлғалар үшін сұрақтар жер және егіс алқаптары, мал басы, ауыл шаруашылығы техникасы және инфрақұрылымға байланысты болады. Сондай-ақ, респонденттерден олардың қызметінің сипаттамалары, еңбек ресурстары және ауыл шаруашылығы қызметінің басқа да аспектілері туралы сұралады. Үй шаруашылықтарында «жер аумағы, оларда маусымдық немесе көпжылдық дақылдар егіле ме, мал немесе құс ұстай ма, оларды жайылымға шығара ма?» деген сияқты анағұрлым қысқартылған нұсқадағы сауалнама алынады.
Айрықша атап өтерлігі, Ұлттық статистика бюросы алынған деректердің құпиялығына және оларды қатаң статистикалық мақсаттарда пайдалануға кепілдік беріледі. Сандар респонденттің бастапқы деректерін көрсетпей-ақ, жиынтық түрде өңделеді және жарияланады. Деректер салық немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейді.
Санақ жүргізу үшін жұмыссыздар мен студенттер қатарынан, сондай-ақ барлық ниет білдірген азаматтар санатынан жалпы саны 280-нен астам адамды интервьюер ретінде жұмысқа тарту көзделіп отыр. Оларды оқыту Бюроның «Data Literacy Hub» платформасында ұйымдастырылған. Онда қатысушыларға әртүрлі оқу материалдары мәтіндік құжаттар, бейнебаяндар және бейнеслайдтар қолжетімді. Оқу аяқталғаннан кейін барлық қатысушы білімдері мен жұмысқа дайындығын растау үшін міндетті тестілеуден өтуі керек. Бұл тәсіл санақ жүргізудің жоғары сапасын және жиналған деректердің дәлдігін қамтамасыз етеді.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біз де қызметкерлерді қабылдау науқаны жүріп жатқанын жеткізгіміз келеді. Интервьюер мен нұсқаушы ретінде санаққа қатысқысы келетіндердің барлығы біздің 1446 байланыс орталығына немесе өзі тұратын аудан орталығы немесе қаладағы статистика басқармасына өтініш қалдыра алады.
Өткен аптада Ұлттық статистика бюросы «Қазпошта» АҚ-мен меморандумға қол қойды. Онда ауыл шаруашылығы санағына интервьюерлер ретінде пошташыларды тарту мүмкіндігі қарастырылған. Қазіргі уақытта «Қазпошта» АҚ аудандық бөлімшелерінің 153 маманын үй шаруашылықтарын аралау кезеңінде интервьюер ретінде жұмысқа тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мұндай шешім жергілікті жерлерде сауалнама жүргізу үшін кадр ресурсын жедел толтыруға мүмкіндік береді. Пошташылар өздерінің қызмет көрсету аумағын жақсы біледі және жергілікті тұрғындар арасында, әсіресе ауылдық жерлерде зор сенімге ие. Сонымен қатар, санаққа қатысу олар үшін қосымша табыс табуға мүмкіндік туғызатыны сөзсіз.
Барлық кезең аяқталғаннан кейін 2025 жылғы желтоқсанда санақтың алдын-ала нәтижелерін жарияланады. Ал соңғы жиынтық деректер мен аналитикалық есептер Ұлттық статистика бюросының сайтында көпшілікке 2026 жылы ұсынылады.
Қорыта айтқанда, Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы – Қазақстанның аграрлық секторын және азық-түлік қауіпсіздігін тұрақты дамытуға арналған стратегиялық маңызы бар іс-шара. Алынған деректер тиімді мемлекеттік саясат пен барлық деңгейдегі ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға негіз болады. Сондықтан барлық қатысушы тарапты өздерінің азаматтық ұстанымын танытып, санаққа белсенді түрде атсалысуға шақырамыз!

Сырым Мадиев, 
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.