Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлт пен ұлыстың ұйытқысына айналған

0 125

Осынау Ұлы дала төсінде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілі бір шаңырақ астында бақытты күн кешуде. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде татулықты ту еткен құтты орынға айналды. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси және тәуелсіз мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысында оң әсерін бергені сөзсіз.

Облыс бойынша этносаралық қатынасты нығайту, қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтауға бағытталған ілкімді істер қолға алынуда. Жалпы аймақта қазіргі таңда 87 этнос өкілі тұрмыс кешіп, 75 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың 34-і Ассамблея тізіміне енген. Сонымен қатар облыстық ассамблеяның ғылыми-сараптамалық тобы, қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, медиация кабинеті, журналистер клубы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы және «Әулие ата» еріктілер орталығы бар. Олар елдің ынтымағын нығайту бағытында аянбай еңбек етіп келеді.

Ел басына күн туған қиын сәтте Ассамблея әрдайым алдыңғы шепте болды. Татулық пен бірліктің ұйытқысы болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы ешқашан қоғамдық жайттардан тыс қалып, мұқтаж адамдарға көмек қолын созып, қайырымдылық шаралар ұйымдастырудан тартынған емес. Елді дүрліктірген Қордай қақтығысында алғашқылардың бірі болып тұтастықтың туын желбіретті. Зардап шеккендерге барынша көмек көрсетті. 2020 жылдың өзінде өңірлік ассамблея 570 миллион теңгеге 48 мың адамға жәрдем беріпті. Бұдан бөлек, этномәдени бірлестіктер 32 мың адамға 441 миллион теңгеге қайырымдылық жасаған. Төтенше жағдай кезінде 25 600 адамға 160 миллион теңгенің азық-түлігі, медициналық жабдықтар мен ЖӨЖ аппараттары алынған екен. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің отбасына да қайырымдылық жасаған. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған 2 отбасына 30 миллион теңгеге баспана сыйлағаны да айрықша айтуға тұрарлық. Әлемді жайлаған коронавирус індеті Әулиеата жеріне жеткенде аймақтағы Ассамблея тағы да алдыңғы қатардан көрінді. Этномәдени бірлестіктер өкілдері халықтың әлеуметтік осал топтарының жанұяларына көмек көрсету бойынша азаматтық белсенділік танытты. Атап айтқанда, «Әулиеата» қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі аз қамтылған 2 отбасына 25 000 теңге көлемінде қаржылай көмек берсе, Аналар кеңесі дәл осындай 10 жанұяны 100 000 теңгенің азық-түлігімен қамтамасыз еткен. ҚХА-ның еріктілер қозғалысы «Жібек жолы жастарымен» бірге қоғамдық қызметкерлерге 200-ден астам қолдан жасалған бетперделер таратса, «Түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы 100 000 теңгеге аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етіп, 25 отбасына 225 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеткен.

«Біз біргеміз!» қайырымдылық акциясы аясында да өңірде тіркелген этномәдени бірлестік өкілдері ұйымшылдықпен атсалысып, қала, аудан бойынша әлеуметтік жағдайы төмен 25 600 адамға 160 миллион теңгеге түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырған болатын. Сондай-ақ Ассамблея мүшелері техногенді апаттан зардап шеккен Түркістан облысы Мақтаарал ауданы тұрғындарына 10 миллион 160 мың теңгеге 40 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелткені де жұрттың есінде.

Жыл басында орын алған қаңтар оқиғасы кезінде де олар жапа шеккен жұрттың жанынан табылып, көмек сұрап келген 7 әйелге әлеуметтік, құқықтық көмек көрсетіп, азық-түлік түрінде қайырымдылық жасады. Сондай-ақ Рамазан айына орай «Ізгілік айы» марафоны, Қазақстан халқы бірлігі күніне «Күшіміз – бірлікте» акциясы, Балаларды қорғау күніне арналған түрлі акциялар аясында кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктер, меценаттар 108 миллионнан аса теңгеге 12 500 мыңға жуық адамға көмек көрсеткен болатын. Мәселен, «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы Шу, Меркі, Қордай, Байзақ, Жамбыл аудандары мен Тараз қаласындағы 240 аз қамтылған отбасына 3,5 миллион теңге азық-түлік себеттерін, «Немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері 60 отбасыға 500 000 теңгеге азық-түлік, дәрі-дәрмек таратты. Ал Аналар кеңесінің мүшелері өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының 40 тәрбиеленушісіне 200 мың теңгеге қайырымдылық көрсетті. Бұдан бөлек, Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында облыстағы этномәдени бірлестіктердің меценаттары 1 миллион теңгеге қайырымдылық акциясын өткізіп, шаһардағы 30 әлеуметтік аз қамтылған отбасына азық-түлік жиынтықтарын таратқан болатын. Бұл сауапты шараны дүнген, тәжік, өзбек, «Қарашай және бал- қар – Бірлік» республикалық қоғамдық бірлестіктері бірлесіп ұйымдас- тырды. Олар өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығында 2 рет, қарттар үйінде 2 рет қайырымдылық шараларын да жасады.

Қайырымдылық – Ассамблеяның негізгі бағыттарының бірі. Айталық дәстүрге айналған «Мектепке жол» акциясы аясында «Радонеж» орыс кеңесінің мүшелері әлеуметтік жағдайы төмен балаларға материалдық көмек көрсетсе, өзбек мәдени орталығының өкілдері Шамұхар Шаюнусов, Мусаман Қасымов және Шаниер Шосабиров №4 орта мектептегі аз қамтылған 7 оқушыға жәрдем берді. Сондай-ақ діни мерекелерге байланысты облыстық мәслихат депутаты Лугмар Буларов пен облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени бірлестігінің төрағасы Айша Идыбо мен дүнген кәсіпкерлері 3,5 миллион теңге көлемінде 250 адамға арналған қайырымдылық түскі ас ұйым- дастырып, 42 отбасына азық-түлік таратқан еді.

«Апат айтып келмейді» дейді халқымыз. Өткен айда Қостанай облысында орын алған төтенше жағдай бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Тілсіз жаудан келген апат салдарын жою бағытында облыстық ҚХА этнос өкілдері 2 136 000 теңге аударып, отандастарымыздың қасынан табылды.

Әрине, мұның бәрі Ассамблеяның атқарған жұмыстарының бір парасы ғана. Ұйым алғаш құрылған күннен бастап, бірлік пен келісім үлгісінің негізгі элементі болып келеді. Оның негізгі міндеті – ішкі этникалық мүдделерге тұйықталмай, біртұтас және бейбіт халық форматында ұлттық мәселелерді шешуге белсене қатысу. Сондай-ақ ол кемсітушілікке жол бермеу, этностық және басқа да тиесілілігіне қарамастан, адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қадағалайтын өзіндік омбудсменге де айналған.

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.