Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлт көшбасшысымен ұлағатты сәт

0 206

Әрбір адамның өмірінде өзі бет түзейтін, ғұмырынан ғибрат алатын, тағдыры тағылымға толы тұлға болады. Біздің кейіпкерлеріміз үшін ол – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы. Тұтас ұлттың ел болып қалыптасуы жолында орасан рөлі бар Ұлт көшбасшысының қаншама өреннің ғұмырына сәуле болары заңды да. Себебі оның есімі тәуелсіз Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазылмақ. Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, келелі әңгімесін тыңдаған кейіпкерлеріміз өз әсерлерімен бөлісті.

Елбасының көзі ұлттық нақыштағы киіміме түсті

Мен өз басым Елбасымен он бір рет кездесіппін. Соның ішінде ең есімде қалған екі естелікпен бөліскенді жөн көріп отырмын. Ең алғаш 1996 жылы Тараз қалалық Ұлттық технологиялық институтының оқытушысы болып қызмет атқарып жүргенде, Елбасы кезекті іссапарларының бірінде Тараз шаhарына келіп тоқтаған еді.
Сол жылы Жүсіп Баласағұн атындағы мәдениет сарайында әйелдер съезі өткен болатын. Институттан мені сол съезге делегат етіп жіберді. Ғимараттың екінші қабатында әйелдер қаз-қатар тұрған едік, баспалдақпен көтеріліп келе жатқан Елбасы дәл маған беттеп келе жатқандай көрінді. «Маған ба әлде басқа адамға қарап келе жатыр ма мына кісі, о, тоба?! Мәссаған, маған келе жатыр ғой!» деп ойлап үлгергенімше, бірден маған келіп, қолын беріп амандасты, мен қателеспеппін. «Қай жақтансыз?», – деді көзіме тіке қарап. «Технологиялық институттан келдім», – дедім сасқанымнан. Сол сәтте Нұрсұлтан Әбішұлы мені басқа облыстан келген делегаттардың бірі деп ойлаған болуы керек. Әлде бір танысына ұқсатты ма, ойлы көзбен қарап, қолымнан біраз ұстап тұрып қалды. Сөйтсем, Нұрсұлтан Әбішұлының қырағы көзі, алашқа тән жүрегі менің ұлттық нақышта оюланып тігілген қамзолыма, кестеленіп тігілген жейдеме, түрлі тастармен көмкерілген сырға-білезіктеріме түсіп, сүйсінгені екен. «Шіркін-ай, қазақтың барлық қыз-келіншектері де, ақ жаулықты әжелері де дәл осындай ұлттық үлгіде киініп жүрсе нұр үстіне нұр болар еді, ә?! Қандай тамаша, қараңыздаршы!», – деп жан-жағымда қаздай тізіліп тұрған нәзікжанды әріптестеріме масаттана, шаттана қарады.

Ғимараттан шығып бара жатқанда, тағы да жанарымыз түйісіп қалды. Маған жымия, риза көңілмен қарап бара жатқан көзқарасы кешегідей көз алдымда.
Екінші кездесуім 2005 жылы Елбасы Қордай ауданына келген сапарында Тараз қаласынан күтіп алып, шығарып салу бақыты бұйырды. Үлкен жауапкершілікті сезінгенім соншалық, Елбасының алдында аяқ-қолым дірілдеп, жүрексінгенімді жасырмаймын. Ұлт көшбасшысы бұл жолы мені айна-қатесіз таныды.
Жаны қазақ деп соққан Қазақ елі көшбасшысының денсаулығы зор, күш-қуаты семімесін! Халқымызды төрткүл дүниеге танытып, нұрлы болашаққа жетелеген Елбасына айтар алғысым шексіз!

Айгүл КАБИЕВА,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз мемлекеттік университетінің
«Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі

Арман алдамайды

Әр адам баласының өмірінде орындалуы мүмкін емес көрінетін бір арман болады. Менің де бала күнімнен көкейімде сондай бір арман болды. Тіпті кейде соны жеңу үшін «алдыма қандай мақсат қойсам болады екен?» деп те ойлаушы едім. Бірақ ойлағаным маған алынбас қамалдай көрінетін. Ол менің Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен кездесіп, қол алысып амандасу болатын. Мен Елбасын үлгі тұтамын, ол кісі арқылы өзімді тәрбиелеймін. Арман алдамайды екен. Менің арманым орындалды. Тіпті артығымен десем де болады. Елбасымен ең алғаш Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессияларының бірінде кездестім. Кездесу деген жеткіліксіз-ау, Нұрсұлтан Әбішұлымен бір мінбеде қатар отыру бақыты бұйырды. Кездесуді армандаған мына маған қатар отырғаным тіпті көңілімді қуаныштан күпті етті. Кеудемді мақтаныш кернеді. Елбасы қолымды қысқан кездегі сезімді айтсаңызшы?!

Мен дәл осы күнге дейін қаншама еңбек етіп шаршағаным да, ұйқысыз күндерім де – бәрі де ұмыт болды. Шынымды айтсам, екінші тынысым ашылғандай сезімде болдым. Ертеңгі күніме, алда жетер жетістіктерім мен армандарымның міндетті түрде орындалатынына көзім жетіп, сенімділігім арта түсті. Мен үшін барлығы тәтті түс секілді сезілді. Орындалмас арманымның алдында тұрған мен үшін қобалжу да заңдылық еді.

Маған Елбасымен кездесу құрметі екі рет нәсіп етілді. Екінші кездесуім өзімнің туған жерім Тараз қаласында өтті. Елбасы біздің сәні мен сәулеті келіскен су жаңа Достық үйімен танысуға келген болатын. Тұңғыш Президентпен осы кездесудегі маған тағы бір ұнаған және таң қалдырған тұсы – бәрімізді аса зор зейінмен тыңдай алғандығында. Бұл – үлгі аларлық дүние. Елбасымен тамаша кездесулерден кейін менің басқа да алға қойған мақсаттарым орындалды. Оған түрткі болған менің ең үлкен арманымның орындалуы екені сөзсіз. Қазір айналысатын кәсібім бар. Сол арқылы мен де еліме өз пайдамды тигізсем екен деймін. Елбасы артқан, ел артқан сенімді ақтамауым мүмкін емес!

Зайнуддин Махусеев,
Қазақстан халқы Ассамблеясы еріктілер орталығының жетекшісі, «Вынхуа» дүнгендер этномәдени бірлестігінің мүшесі

Жастар атынан сөз сөйлеу бұйырды

2015 жылдың наурызы еді. Студенттік кезімнің соңғы жылдары болатын. Ауылдан келген қара баланың талпынысы мен талабын одан әрі қаланың тыныс-тіршілігі баурап алып, қоғам өмірінің дамуына қолдан келгенше жастар атынан үлесімді қосып, есесіне сол бір белсенділіктің арқасында Тараз қалалық жастар орталығында еріктілер ұйымының жетекшісі болып жүрген шақ еді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде мерекелеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатты. Облыс әкімдігіне жылдам келуге қоңырау түсті. Тіпті қызметтік көлік те жіберіп қойыпты. Ойымда ештеңе жоқ, абыр-сабыр күймен шығып кеттім, бір шетінен қобалжу мен уайым да бар. Үшінші қабатқа кіріп, 30 адамның 29-ыншысы болып тіркелдім. Облысқа белгілі саяси тұлғаларды, өнер, білім, ғылым және басқа да түрлі жетістіктерге жеткендерді облыс әкімі К.Көкірекбаев қабылдап жатыр екен. Бар ынта-ықыласымды аударып, күш-жігерді жиып дайындалып отырдым. Кезегім келді. «Жастар атынан не айтасың?» деген сұрақ қойылды.Жастар алдында сөйлеп, жаңа бастамалардың бастап жүрген жастың бірі ретінде ойыма оралған оңды сөздерді орағытып, азды-көпті өлең шумақтарымен жалғастырып жібердім. «Облыс жастарының атынан сен сөйлейсің» деген сөзді естіген сәттегі әсерді айтып жеткізу мүмкін емес. Дайындықтар, күндегі кездесулер, сөйлейтін сөздерді сараптау – барлығы мерекелік күн болатын уақытта дайын болды.

Елбасымен кездесетін сәт таяды. Бойда тербеліс бар. Қобалжу, қорқу – барлығын да Елбасының алдына шығып, амандасқанымнан-ақ ұмытып, сайрай түстім. 5000 адам жиналған «Тараз-Арена» спорт кешенінің көрінісі тіптен бөлек. Елбасына егемендік жолдағы ерен істері үшін өз алғысымды шынайы білдіріп, ары қарай өркендеп-өсу жолында өлеңіммен өрілген алғысымды білдірдім. Сөз аяғы келгенде, шапалақпен шабыт берген көрермендерге қосылып, Елбасымыздың өзі де орнынан тұрып қошеметтеп тұрғаны да үлкен әсерге бөледі. Қызмет барысындағы осы бір сәт ең үлкен жетістік деп білемін. Сондай-ақ «Jas Otan» жастар қанатының белсенді мүшесі болып жүріп, Астана қаласында өтетін «Jas Otan» жастар қанатының съездеріне де, бірнеше рет Елбасымыз қатысатын әртүрлі жиындардың да қатысушысы болдым.

Айбек Қадыралиев,
Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы,
Жамбыл облыстық ҚХА мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.