Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлт көсемі ұлықталды

0 1  155

Қылышынан қан тамған Кеңес өкіметінің тұсында елім деген әрбір азаматтың асыл арманы – ұлтымызды сақтап қалу болды. Осы жолда жан аямай күрескен ерлеріміз қаншама! Солардың бірегейі – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев еді. Тау тұлға өз елін шексіз сүйді, халқы да оны дәл солай жақсы көрді. Сондықтан болар, ол дүниеге келген 12 қаңтар бүгінде жалпыхалықтық мерекеге айналды.

Кемеңгер азаматтың туған күнін тараздықтар да естен шығарған емес. Мәселен, күні кеше Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 112 жыл толуына орай Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың Жамбыл облыстық бөлімшесінің ұйымдастыруымен «Д.А.Қонаев және әділетті қоғам» атты «дөңгелек үстел» отырысы өтті.
Басқосуға Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының, қалалық ішкі саясат бөлімінің, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Әуелі сөз алған белгілі журналист, жазушы, ҚР Журналистер одағының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, «Ғұмыр-Дария» қоғамдық-саяси газетінің бас редақторы Жаңабай Миллионов Алаш ардақтысының ұлт мүддесі жолында еткен еңбегі мен өнегелі өмір жолына кеңінен тоқталды.
– Дінмұхамед Қонаев аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері ғана емес, ұлтының шынайы жанашыры болды. Ол билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама-қайшылыққа толы болғанына қарамастан елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді, – деді Ж.Миллионов.
Сондай-ақ облыстық «AQ JOL» газетінің бас редакторы Хамит Есаман ұлы тұлғаның ғылымға сіңірген еселі еңбегін тілге тиек етті.
– Д.Қонаевтың Ғылым академиясына басқарған уақыты де өте қиын мезгіл болатын. Сол тұста көп ғалымдар мен жазушылар Компартияның тарапынан қуғындалып жатты. Қонаев сол уақыттарда басына қиын іс түскен М.Әуезов, О.Сүлейменов, І.Есенберлин сынды көптеген академиктер мен жазушыларға араша түсті. Тіпті Ғылым академиясының жұмысының жандануына барынша атсалысты. Елде көптеген әрсалалық ғылыми институттар ашылды. Біздің академиктеріміздің арасынан 7 Еңбек Ері, 18 Лениндік сыйлықтың, жүзден аса КСРО және Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлықтарының иегерлері шықты. Мұндай жетістік ешбір академияда, ешбір елде болған емес. Мұның бәрі қоғам қайраткерінің ғылымға үзбей жасаған қамқорлығының жемісі, – деп түйіндеді сөзін Хамит Ерболатұлы.
Келесі кезекте М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы Бақытжан Мақашев тарихи тұлға туралы құнды естеліктерімен бөлісті.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.