Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлт болашағын айқындаған ұлттық құрылтай

0 2  760

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлытаудан басталған Ұлттық құрылтайдың шымылдығы өткен жылы Түркістан төрінде түрілсе, ағымдағы жылы ел тарихында айрықша орны бар тағы бір аймақ Атырау облысына да жетті.

Ұлытаудағы ұлы жиын

әуелсіздік тарихындағы алғашқы Ұлттық құрылтай 2022 жылы 16 маусымда Ұлытауда өткен еді. Сол кезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың көкейінде жүрген көптеген келелі мәселелерді айтып, тың ойларды ортаға салған болатын.
– Құрылтай шақыру ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында «Алаш» партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз атамекенге шақырылды. Ұлы көш тәуелсіз Қазақстанға бет алды, – деген еді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Ұлттық құрылтай құрамында 117 адам бар. Оған барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдері кіреді. Құрылтайға Парламент депутаттары, саяси партиялар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері де шақырылды. Үкіметтік емес және кәсіби ұйымдардың өкілдері де шет қалған жоқ. Құрылтай құрамына өңірлік қоғамдық кеңестердің мүшелері де қосылды.
Жалпы Ұлттық құрылтайдың басты міндеттері – қоғамдық бірігуді дамыту, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету және нығайту бойынша ұсыныстарды тұжырымдау және енгізу, жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету және өз құзыреті аясында Қазақстан заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру.
Құрылтай – кең ауқымды жиын. Бірақ бұл жұмыстың сапасына кері әсер етпеуі керек. Отырыстарды мұқият ұйымдастыруымыз қажет. Бұл жерде, шын мәнінде, халықтың үні естілуге тиіс. Кез келген адамды құрылтайға қатыстыруға болмайды. Жұрттың мұң-мұқтажын, талап-тілегін жеткізетін азаматтар бас қосуы керек. Бұл ел бірлігін нығайтатын, қоғамды ұйыстыратын тың идеялар орталығы болатынына кәміл сенемін, – деді Тоқаев.
алпы құрылтайдың алғашқы отырысында жалпыұлттық бірлікті нығайту, реформалардың мән-маңызын халыққа түсіндіру және жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға қатыстыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Ұлттық құрылтайдың шақырылуы – ел өміріндегі елеулі оқиға. Құрылтайдың басты мақсаты – жаңа идеялар мен жасампаз қадамдар арқылы ұлт бірлігін нығайту. Біз, ең алдымен, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрықша мән беруіміз қажет. Сонымен қатар қоғамды алға жетелейтін құндылықтарды қалыптастыруымыз керек. Халықтың болмысын және қоғамдық сананы жаңғыртпай, түбегейлі өзгеріс жасау мүмкін емес, – деп түсіндірді сол кезде Тоқаев.
Жалпы құрылтайдың алғашқы отырысында ел тарихы, саяси реформалар, қазақ тілі сияқты қоғам мен әлеуметтің өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды.

Киелі Түркістандағы құрылтай

лттық құрылтайдың екінші отырысы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбы аясында өтті. Киелі Түркістандағы басқосуда ауқымды саяси жаңғыру жоспары туралы айтылды.
Қазақстан осыдан 2-3 жыл бұрынғы, тіпті бір жыл бұрынғы қалпынан айтарлықтай өзгерді. Біз аз уақытта зор серпіліс жасадық. Бұған ынтымақ-бірліктің және сындарлы қоғамдық диалогтың арқасында қол жеткіздік. Қазақстан – осы геосаяси аймақта саяси жүйесін қысқа мерзім ішінде түбегейлі өзгерткен бірден-бір мемлекет. Тың өзгерістердің арқасында саяси реформалардың Қазақстанға ғана тән ерекше үлгісі қалыптасты. Келешекте де оның мән-маңызы арта бермек. Алайда қолда бар жетістікке тоқмейілсіп отыруға болмайды. Алда ұзақ жол, ауқымды жұмыс бар. Жалпы Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылуымыз керек, – деп сөз бастады Тоқаев.
Шежірелі шаһарда өткен мәнді жиын осы жолы мемлекеттік нышандарды жетілдіру, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту, мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеу, өскелең ұрпақтың тәрбиесі, ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту, мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметін сапалы жүргізу, шекаралас аймақтарды дамыту, мемлекеттік аппараттың жұмысын жетілдіру қатарлы 8 бағытты қамтыды. Президент келесі мәселелерге ерекше тоқталды.
– Біз қолға алған саяси-экономикалық реформаларды қоғамдағы терең әлеуметтік-мәдени өзгерістермен қатар іске асыруымыз керек. Бұл – маңызды міндет. Біз алға үздіксіз қадам басуымыз керек. Елді дамытуға кедергі келтіретін нәрсенің бәрінен арылып, құндылықтарымызды нығайта түсуіміз қажет. Сонда ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастырамыз, сан ғасырлық мемлекеттілігіміздің тұғырын бекемдейміз. Олай болмаса, даму көшінің соңында қалып, ақырында құрдымға кетеміз, – деді Президент.
Оның айтуынша, Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады.
– Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс, – деді Тоқаев.

Атыраудағы алқалы басқосу

Алдымен Мемлекет басшысы Амал мерекесі қарсаңында Ұлттық құрылтайдың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес екенін атап өтті. Сондай-ақ алдыңғы екі отырыста елімізді дамытуға қатысты маңызды бастамалар көтерілгеніне, оның біразы орындалғанына және барлық салада өзгерістер болып жатқанына тоқталды.
ен былтыр күздегі Жолдауымда жаңа экономикалық саясатқа көшетінімізді айттым. Ақпанның басында Үкімет ауысты, жаңа міндеттер жүктелді. Дегенмен нағыз дамыған ел болу үшін тек экономикалық мақсат қою жеткіліксіз. Әлеуметтік, шаруашылық, идеологиялық және басқа да салалардағы бағдарымызды айқындап, нақты шараларды қолға алуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін мәлімдеп, ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға жеке-жеке тоқталды. Олар: тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық.
Шара барысында Ұлттық құрылтай мүшелері де баяндама жасады.
лғашқы болып сөз кезегін алған Еділ Жаңбыршин Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангерлер туралы негізгі құжаттар мен деректерді қамтитын цифрлы платформа қажет деген пікір білдірді.
– Бүгінгі таңда соғысқа қатысты мұрағаттардағы құжаттар әбден тозған. Ал біз бұл істі мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде әлі қолға алған жоқпыз. Салдарынан бұл жұмыстарды тек үкіметтік емес ұйымдар мен жекелеген отаншыл азаматтар ғана атқарып жүр. Осы бағытта ҚР Президентінің архиві зерттеу жұмыстарын бастаған болатын. Нәтижелері бар, бірақ әлі де жеткіліксіз, – деді құрылтай мүшесі.
Жиын барысында қоғам қайраткері Оразалы Сәбден «Толық адам» ілімін жаңғырту туралы бастама көтеріп, «Абайдың жол картасы» аясында тағылымды іс-шаралар өткізу керек деген ұсыныс білдірді. «Ғалымдардың, жазушылардың, зиялы адамдардың араласуымен Абайдың «Толық адам» ілімінің жол картасын жасап, барлық оқу орнында оқыту қажет. Сонда біз қоғам өмірін ізгілендіре аламыз. Өркениетке жаңаша бет бұрамыз», – деді құрылтай мүшесі.
Парламент Сенатының депутаты Евгений Больгерт азаматтардың қаржылық сауаты мәселесіне тоқталып, осы бағытта мектеп бағдарламасына арнайы пәндер енгізу керек деген бастама көтерді. Сонымен қатар бүгінгі жастардың алдында цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту сынды күрделі міндеттер тұрғанына, сәйкесінше, білім беру жүйесінің заман талабына сай болуы қажет екеніне тоқталды.
Содан соң сөз кезегін алған адвокат, «Құқық қорғаушылар» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы Айман Омарова елдегі зорлық-зомбылық мәселесінің өзектілігіне тоқталып, халықтың құқықтық сауатын арттыруға қатысты ұсыныстарын айтты.
алаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы ақпарат таратуда БАҚ өкілдері бізден бұрын қимылдайтыны белгілі. Ал бұл ақпарат көп жағдайда жәбірленушілердің психологиялық күйзелісіне алып келеді. Тіпті кейбірі ар-намысты алға тартып, өз-өзіне қол жұмсауға барады. Осыған байланысты зорлық-зомбылықты насихаттайтын бағдарламаларға тыйым салып, өрескел дүниені көрсетпеуді сұраймын, – деп түйіндеді спикер.
Адам капиталының дамуы және техникалық салалардағы кадр тапшылығы мәселесін Мәжіліс депутаты Никита Шаталов көтерді. Ол:
– Қазіргі таңда стратегиялық секторларда кадр тапшылығы бар. Бұл техникалық сала мамандарын даярлау үрдісінің күрт төмендеуіне байланысты. Бүгінде республикадағы инженерлік-техникалық қызметкерлердің орташа жасы – 48-52 жас, – деп жастарды өндіріске қызықтыру мақсатында грант санын, шәкіртақы мөлшерін көбейту керек деген ұсыныс білдірді.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева халықаралық тәжірибелерді мысалға келтіріп, жалпыұлттық құндылықтар жүйесін бекітуді ұсынды. «Әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заң жобасы балаларды қорғауды, әйелдер мен отбасын қолдаудың бірыңғай тұжырымдамасын қалыптастырды. Сондай-ақ зорлық-зомбылық пен агрессияға төзбеудің бастауы бола алады. Сондықтан құңдылықтарды дәріптеу, әсіресе өскелең ұрпақ үшін өте маңызды», – деді құрылтай мүшесі.
Ұлттық құрылтай – ұлт болашағына қатысты маңызды мәселелерді талқылап, шешім іздейтін бірегей алаң. Кезінде хандарымыз бен билеріміз бас қосқан келелі кеңестерде тұтас елдің тағдыры шешілген. Кезекті құрылтайда да ел ертеңіне қатысты салиқалы пікірлер айтылды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев идеологиялық, рухани бағыт-бағдарымызды айқындап, жалпыұлттық құндылықтар төңірегінде өз ойларын, пайымдарын ортаға салды.
Мемлекетіміздің ертеңі не болмақ? Елімізді жаһандық сын-қатерлерден алып шығудың, тұрақты дамудың жолдары қандай? Міне, осы сұрақтарға Президентіміз нақты жауап берді.
Әрине, тіл, дін, тарих пен мәдениет, салт-дәстүр – әр ұлттың басты байлығы. Сөз жоқ, біздің де тамырымыз тереңде жатыр. Сан ғасырлық шежіреміз тасқа қашалған. Өшкенімізді тірілту, өткенімізді жаңғырту – бабалар алдындағы перзенттік парызымыз. Бүгін Мемлекет басшысы осыған ерекше назар аударды.
Қазақтың түп-тамыры сонау сақ-ғұндардан басталады десек, бертіндегі Жошы ұлысы мен оның заңды мұрагері саналатын Қазақ хандығының да тарихымыздан ойып алар орны бөлек. Президент болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет екенін атап өтті.
емлекет басшысы мұндай мерейлі даталарды құр той тойлау емес, тағылымды етіп өткізуге, құнды зерттеулер жүргізуге арнауға шақырды. Осы орайда Қазақстанның жеті томдық жаңа академиялық тарихын жазу үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өту керек.
Президент Тәуелсіздік, Республика, Бірлік мемлекеттілігіміздің мызғымас тұғыры екенін дөп басып айтты. Біз бұл ұғымдарға ерекше мән беруіміз керек. Әр азаматтың жүрегіне ұялайтын басты құндылығымыз да осы. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз десек, мықты ұлт, іргелі мемлекет құруға күш салуымыз қажет.
Бұл тұрғыда елдің мәдени дамуына, рухани кемелденуіне баса назар аударған жөн. Оған да бүгін Мемлекет басшысы кеңірек тоқталды. Осы орайда зиялы қауым өкілдеріне зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Қазір жеке бастың қамын ойлайтын заман емес. Ел мүддесі бәрінен биік. Сондықтан тұғырлы тұлғаларымыздың басын біріктіріп, ортақ мақсатқа, ел игілігіне қызмет етуге шақырды. Аталарымыз «Бөлінгенді бөрі жейді» деген. Біздің басты күшіміз – бірлікте. Оны зиялы қауым өкілдері де, әрбір азамат та естен шығармауға тиіс.
Ұлттық бірегей-лігімізді нығайту – негізгі мәселе. Бұл орайда Мемлекет басшысы ұлтымыздың салтында жоқ киім үлгілерінен аулақ болу керек екенін айтты.
– Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіредіншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Баларымыздың сан мың жылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы Ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент дәстүрлі отбасы құндылықтарын табанды түрде орнықтыра беруге үндеді. Біз мәдени кодымызды сақтап, бабалар жолымен жүруге тиіспіз. Бұл жаһандану заманындағы қауіпті кеселдерге төтеп беруге септігін тигізері сөзсіз. Ол қандай қатерлер? Есірткі саудасы, жастар арасында вейптердің таралуы, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия, вандализм қоғамның дертіне айналды.
Бұл кеселдермен кешенді күрес басталып та кетті. Олар бойынша Президенттің нақты тапсырмалары бар. Қазір Парламентте вейптерді елге әкелген, оны өндірген және таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасы қаралып жатыр. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылданды. Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек.
ұмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою үшін «AMANAT» партиясы фракциясының бастамасымен тиісті заң жобасы әзірленді. Президент оны осы сессияның соңына дейін қабылдауды тапсырды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия, вандализм бойынша да үлкен қадамдар жасалып жатыр. Ең бастысы, Президент айтқандай, елімізде заң мен тәртіп қатаң сақталып, қоғамда заң үстемдігі салтанат құруы қажет.
Мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбиелеудің кілті неде? Әрине, тәрбиеде деп ойлаймын. Ол үшін өскелең ұрпақтың бойына адами құндылықтар мен қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың жаңа келбетін айқындайтын сол негізгі құндылықтарды да атап өтті. Олар: тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық.
– Әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезініп, оны бағалай білуі керек. Біз біртұтас ұлт және халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде ұлттық мүддемізді, егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді қорғауға әрдайым дайын болуымыз қажет, – деді Президент.
Мәжіліс төрағасының айтуынша, Мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр.
– Сондықтан бәріміз оны дәріптеуге атсалысуға тиіспіз. Ең бастысы, бұл құндылықтардың барлығы біздің төл тарихымызға, мәдениетімізге, болашақ ұмтылысымызға негізделген. Қорыта айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің болашақ бейнесін «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үш таған ұғым арқылы сипаттап берді. Біздің беттеген бағытымыз да, таңдаған жолымыз да осы. Осы жолда баршаңызды Мемлекет басшысының маңайына топтасып, жұмыла қызмет атқаруға шақырамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді ол.
Жиын соңында Президент жаңа идеялар мен ұсыныстар мұқият қаралып, нақты шаралар қолға алынатынын айтты. Сонымен қатар Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысын келесі жылы Көкшетауда өткізуді ұсынды.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.