Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өліп, қайта тірілу

0 394

Қан қысымым жоғарылап, тұла бойымды әлсіздік жаулады. Жүрегім лоқсығанда барып әлденені сезгендей болдым. Дәрігерлер жүкті екенімді растады. Бірақ «денсаулығыңыз жарамайды, жүктілікті тоқтатамыз» деуден танбады.

Ауруханадан қашып шығып кеткелі ауылдағы әке-шешемнің үйіне барып алдым. Ол жерде жау тие қоймасы анық. Ажалдың ауыздығымен алысып, күні-түні ұйқы көрмей, таңға аласұрамын. Жанымның емін есік алдындағы ағаштан таптым. Қиналғанда қос қолдап құшақтап алып, тістеніп тұрып жылаймын. Денемнің әр клеткасы ауырғанда жантәсілім ете жаздап барып, есімді қайта жиямын. Сосын ажалдың басынан тепкендей мәз болып қарқ-қарқ күлемін. Тоғыз айға жеткен күні дәрігерге бардым. Ол жанымның сірі екенін айтып, бас шайқады.
Ота үстелі. Қос білегіме жалғауы көп тоқ жалғанды. Шалқамнан жатқызып, етегіме тұра қалған дәрігер отаға кірісіп кетті. Мен болсам дірдектеп барам. Әлдебір алып күш алқымымнан алып, дем жетпей жатты. Әне-міне аспан асты кеуекке сіңіп кетердей, жер бетінен жоқ болып жарылып кетердей қиналдым. Бар дауысыммен «дәрігер» деп шақыра бердім. Ол болса бетіме де қарамастан, «еркелей берме» деп отаға дайындалып, ішіме спирт жағып жатты. Соңғы рет ышқынып, бар әл-дәрменімді жинап «өлдім, мам» деп шыңғырғанда барып, дәрігер бас жағыма жүгіріп келіп, алақанын маңдайыма қойды.
Жүрек тұсыма жалғанған аппараттан үздіксіз «дыңңңңң» деген дыбыс бөлмені алып кетті. Ары-бері жұлқынып жатып есіктен бес-алты дәрігердің маған қарай лап қойғанын көрдім. «Кімді құтқарамыз?» – деді бірі. «Әйелді», – деді екіншісі. Мен: «Баланы», – дегенім сол, қап-қара шұңқырға құлап кеттім.
Қара түнек. Тек ту-ту биіктен, аспаннан ғана бір жарық сәуле көрінеді. Соған жетуге жанталасып жатырмын. Бірақ жарық сәуле тым биікте, жете алмайтынымды ұқтым. Берілмедім. «Қайтсем де жетуім керек» деп ойладым. Қап-қара лабиринт түнектен шығар жол іздеп жүргенде, төбеден бір зор дауыс «Сен кімсің?» деп сұрады. Дүн дүниеде мұндай сұсты, қаһарлы әрі қуатты бұрын-соңды естімеппін. Ол дауыстың иесі мені сөзсіз түсінетінін ұқтым. Бірақ оған жауап беруге әлім жетпеді. «Бұл дүниеде бітірген түгім жоқ, немді айтам? Қай жақсылығыммен мақтанам? Мен кіммін?» деген сауалдарға жауап таппай қынжылдым. Дауыс үш рет « Сен кімсің?» деп сұрады. Үшеуінде де аласұрып, аузым кеуіп, жан-жағыма алақтай қарап, тыпырлап кеткеніммен, үндей алмадым. Сосын жас толы жанарымды сонау төбедегі жарыққа қадап: «Мені шығарыңызшы. Мен осы жерден шықсам, тек жақсылық жасайтын адам боламын. Сол үшін ғана өмір сыйлаңызшы, енді мен жақсы адам болып ғұмыр кешкім келеді», – деп жалындым. Кеудем солқ еткенде аһ ұрып, көзімді аштым.
Айналам аппақ. Ақ төсек. Ақ халат, ақ қалпақты дәрігер маған сүйеніп, жанарын жұмып, тұнжырап отыр екен. «Мен қайдамын?» – дедім бірден. Ол әбден титықтап шаршаған нұрсыз көзін маған қадап тұрып: «Рақмет, ұлыңмен бірге қош келдің жарық дүниеге!» – деді.

Құралай ІЗЕТБАЕВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.