Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Лежачий полицейский»

0 417

Жаңа жылға орай жаңа қызыл бас киім сатып алдым. Бас киімге сәйкес белдемше киіп, оны өзіме зор санап, көкірегіме нан пісіп, аялдамаға барып аялдадым. Бірақ өзімді аялдама орындығы емес, хан сарайының тағында отырғандай сезінем. Қасымда автобус күтіп тұрғандар көмекшілерім іспетті паңдана, менсінбей қараймын. Шаштарын үш күн тарап, төрт күн өрген баяғының ханшайымдары сияқты тұрысымда мән бар. Өйткені мені жаңа киімнің буы әкетіп барады. Оның үстіне есік алдындағы кептерлерге жем шашып жүрген сары шал көзін сығырайта қарап, сап-сары тістерін ақсита күліп, бұйралана бетін жауып, маңдайына түскен жирен шаштарын үрлеп тұрып: «Слушай, ты такая клёвая», – демегенде, қазір көптің бірі боп тұра берер ем. Ал қазір сол шалдың бір ауыз комплименті аспанға қалықтатып жіберді.
Қасымдағы бес адам бірдей бір бағыттағы автобусқа мініп кетті. Аялдамада өзім-ақ қалдым. Енді байқадым, қара жолмен зулаған көліктер дәл менің қасыма келгенде кілт тоқтайды. О, Құдірет! Мен, расында, әлгі жирен шаш шал айтпақшы, «клёвая» боп тұр екем-ау. Әлде кеше мен туралы бағдарламаны теледидардан көрген таксистер танып, тоқтап жатыр ма? Мүмкін менің «Instagram», «Facebook»-тегі оқырмандарым танысуды армандап, бір қарауға ынтығып, аялдап жатыр ма екен? Хм, жұлдыз екенім рас болды. Не де болса жұрт жұмыла жиы-лып, маған тоқтап тұрып, асықпай бір қарап өтуде. Жаппай солай жасап жатыр.
Сөмкемнен «Mary Kay»-дің қызыл далабын алып, ерніме сүйкедім. Маңғазданып барам. Әне бір көлік ішіндегілер бала-шағасымен бірге улап-шулап, маған қол шапалақтап өткендей болды. Әне бір жүргізуші әйел терезесін ашып тұрып, көзі шарасынан шыға жаздап ол да қарады. Уау, үлкен «Зилдің» өзі дәл алдыма сылқ тоқтап барып, жайлап жүріп кеткенде табынушыларым екеніне сене бастадым.
Әлде бір жерім біртүрлі боп тұр ма? Аялдаманың әйнегіне ары-бері қарап, жұлдыздардай айналып қойдым. Жоқ, бәрі дұрыс екен. Тал мүсінім орнында. Көздерім бояулы, шашым тараулы. Көліктің бәрі расымен маған жай ғана құрмет көрсетіп жатқанына шын сендім. Іштей шүкірлігімді айтып, езу тартып, риза пейілмен сәл ары көз жүгірткенім сол, «лежачий полицейскийді» көзім шалды. Бәрі көлігінің астын ұрып алмас үшін, сол бәлеге бола тоқтап барып жүріп жатыр екен ғой… Атаңәлет, бұл да менімен жағаласып!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.