Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әлеуметтік желінің зияны

0 4  894

Қазір жаңа ақпараттық технологиялардың дәуірі. Бүгінде ақпарат алмасу, қарым-қатынас орнату, жұмыс іздеу, білім алу мүмкіндігі және тағы басқа іс-әрекеттер шынайы әлемге қарағанда виртуалды түрде жүзеге асатын болды. Интернет жастардың ең сенімді құралдардың біріне айналды. Қазірдің өзінде әлем халқының 57 пайызы бетпе-бет тілдесуден гөрі, интернет арқылы, дәлірек айтқанда, әлеуметтік желі арқылы тілдесуді жөн көреді екен.

Ал сіз интернетте ұзақ отырғанды жақсы көресіз бе? Таңертең тұра салысымен ноутбугіңізді қосып поштаңызды тексересіз бе? Бұл сұраққа жастардың дені ойланбастан «иә» деп жауап береді. Себебі, олардың көп жұмысы ғаламтор арқылы жүзеге асады. Күн сайын жастардың жүзбе-жүз сөйлесуі азайып, әлеуметтік жүйе қолданысы артып келеді.
Қазіргі кезде «TikTok», «Instagram», «Вконтакте», «Мой Мир», «Facebook», «LinkedIn» сынды әлеуметтік желілер кең таралған. Статистика бойынша, Қазақстандық интернет қолданушылардың саны 81,9 пайызға артқан. Бұл қазақстандықтардың әлеуметтік желіде қаншалықты уақытын өткізетінін көрсетеді.
Көптеген жастардың ата-аналары бүл үрдістің әсерінен қауіптеніп отыр. Себебі, көбінесе 10-18 жастағы жасөспірімдер мұндай әсерге тап болады. Ал бұл жас жасөспірімдердің негізгі әлеуметтендіру, оның психика мен дүниетанымын қалыптасу кезеңі саналады. Статистикаға жүгінсек, жастардың 49,2 пайызы әлеуметтік желіні күнделікті, 19,7 пайызы аптасына бір рет және 9,1 пайызы айына бір рет тексереді екен. Бұл деректер ата-аналарды мазалап қана қоймай, психолог, дәрігерлердің, мұғалімдердің де алаңдаушылығын тудыруда. Себебі, бұл жастардың қоғамдық- психологиялық дамуына кері әсер етуде.
Әлеуметтік желі бос уақыттың көп бөлігін алатынына көз жеткіздік. Сондай-ақ ол көзбе-көз қарым-қатынасты ығыстырып қана қоймай, әуестікті де алмастырды. Әрине, ғаламтордың жақсы жақтары өте көп. Мәселен олар – үнемді байланыс құралы, аудио және видеоның қол жетімділігі, ақпарат іздеу және алмасу мүмкіндігінің жоғары болуы. Алайда осының салдарынан сколиоз, арқа және нерв жүйесі сияқты ауруларға шалдығып жатқандар аз емес.
Әлеуметтік желіге тәуелділіктің бірнеше белгісі бар. Олар – себепсіз поштаны қайта-қайта тексеру, ғаламторға қажетсіз кіре беру, жжақын адамдардың «компьютер алдында көп отырасың» деген айыптаулары, желідегі қарым-қатынастың басымдығы, күнделікті режимнің бұзылуы, ашушаңдық, көңіл-күйдің болмауы, шаршау. Егер бұл белгілер сізде кездессе, демек әлеуметтік желіге тәуелдісіз. Ал бұл тәуелділіктен қалай арылуға болады? Ол үшін әуелі салауатты өмір салтына, жүзбе-жүз қарым-қатынасқа деген махаббатты оятып, шынайы өмірге оралу қажет. Оның барлығы өзімізге тікелей байланысты.

Гүлнұр Ділдәбек,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«Конвергентті журналистика» мамандығының 4 курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.