Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әлеуметтік тұлға әлемі

0 366

Біздің әрбіріміз өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамның мүшесіміз. Құдай ешқашан қырын қарамаған Қазақ елінің құт-берекесі мен қыдыр дарыған байлық-дәулеті бар осынау байтақ далада халық игілігі мен мол байлығын жасап жатқан әрбір қазақстандық жандардың барлығы қымбат және қадірлі.

Себебі олардың әрқайсысының өз орны ерекше әлеуметтік тұлғалар болып табылады. Адам табиғаттың түлегі болып келіп, әлеуметтік тұлға болып өмір сүруге тиіс деген түйін жасалған. Әлбетте, олардың арасында жаратылысы мен қарым-қабілетіне қарай жұрт ұйысатын, қоғамға тигізер пайдасы мол, жеке өнегелік қасиеттері басым азаматтардың жөні бөлек, қоғамдық пікірде де берілетін бағасы жоғары. Сол интеллектуалдық жігері мен қайрат танытар еңбегі көп адамдардың саясат соқпағына саяси мәдениет алып келетінін де аңғаруға болады. Сол кісілер де саяси тәжірибені оқып, үйренеді. Ізденеді. Әлеуметшіл тұлғалардың жазғандарын оқиды, айтқандарына тұщынып, ой қорытады. Замана сипатын көп құбылыстары салдарымен-ақ айқындауға тырысады. Ақылға сыйымдылық – өзіңді басқаға сыйлата аларлық қадір-қасиетке ие болу, жұрт секілді өмір сүру, қор да болмау, зор да болмау. Біздің қазақ айтатындай, ұлық болсаң, кішік болу шарт. Ұлттық сана мен ұлттық сананың түпкі негізі осында жатқан сияқты көрінеді. Сын мен мін бар. Биік талғам бар. Әлеуметшіл тұлғалар көпшіліктің көз алдында ылғи айна секілді жүретіндіктен, ылғи да өзін қамшылап, саяси жағынан шыңдалып, ылғи да қисынды әрекетімен, орынды тапқырлығымен танылуы қажет. Саяси-қоғамдық жұмыстар сарқылмайтын сынақ тәрізді. Бұл белгілі жайт. Биік парасат та, танымал құрмет, тыңдай білу мен ұға алғанын есте шығармау да терең ойға тәуелді. Берік рухани иммунитет және керек. Ең керегі – жан-жақты білім, толыққанды тұлға болу. Әлеуметтік мінез-құлық қалыптастыру да, адамдардың ақыл-ойына өркениетті түрде ықпал ету де – идеологиялық тәсіл. Дұрыс ойлау нақты әрекетке ұласады. Әділдік – көптің мүддесі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың әрдайым қоғамдық әділдікті арқау етуінің маңызы өте зор. Ол – баршаға отандық рухты орнықтыра түсу және бұқаралық бірлікті биік сана тұрғысында бағалай білудің тура, аса қасиетті жолы, қазақстандық саясаттың сабақтастық тұғыры!
Парламент – саяси мәміле мектебі. Күні кеше «Nur Otan» партиясының Саяси менеджмент мектебінде Парламент Мәжілісіндегі партиялық фракцияның депутаттарына арналған «Саяси коммуникациялар» семинар-тренингінің бағдарламасына сәйкес өткізілген басқосуда көпшіліктің алдында сөз сөйлеу мен күрделі аудиториямен жұмыс істеу техникасы жайында нақты мысалдар келтіріп, ашық пікірлесу, әйгілі саясатшылар тәжірибесінен үзінді видеолар көру арқылы адамдардың өзін-өзі бақылаудың ең үздік тәсілдеріне куә болу, кез келген сөзді бағалаудың сенімді көрсеткіштері, жауаптарыңыздың құндылықтары негіздері, мағыналық екпіндер мен байсалды болу жағы, жалпы психологиялық дайындықтар мен алғырлық сияқты жұрт алдында жиі болатын, саяси тақырыпта пікір сайысына қатысатын әлеуметшіл тұлғаларға көп пайдалы, керекті, өзіңді ұштауға әсерлі жақтарына молырақ қаныққан тұста қарапайым ақылға қонымды істердің құндылықтары ойға оралды. Қоғамның бағын ашар әлеуметтік тұлғалар мен зиялы қауым үшін өмірлік үйрену сабақтары тынымсыз еңбек пен нағыз саясатшыға тән теориялық дайындық, әлбетте, қызмет тәжірибесі және әлеуметтік, мемлекеттік жауапкершілікпен тығыз байланысты екенін естен шығармауымыз керек. Бәрі де тұлғаларды танып, білу мен бағалаудан басталатын тұсы да маңызды.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
«Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.