Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әлеуметтік порталдың әлеуеті зор

0 434

Таразда 2021 жылдан бастап әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылған болатын. Аталған портал мүгедектігі бар жандарды оңалту құралдарымен қамтамасыз етеді. Мысалы, протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдармен, сондай-ақ мүгедектер арбаларын беруді көздейді. Оған қосымша арнаулы әлеуметтік қызметтер де бар. Арнаулы қызметке жеке көмекшілердің, ымдау тілі мамандарының және санаторийлердің қызметі кіреді.

Порталдың басты тиімділігі – уақыт үнемдеу. Өйткені бұдан бұрын мүгедектігі бар тұлғалар оңалту құралдарын мемлекеттік тапсырыс бойынша алатын. Оны алу мен кезекке тұруға айлап уақыт жоғалтуға тура келетін. Қазіргі кезде құралдармен қамту мерзімі бір-екі аптаға созылса, оңалту құралдарын өз бетімен таңдауға да мүмкіндік берілген. Бастысы, бәрін «бір терезе» қағидасы арқылы басқаруға болады.
Ағымдағы жылдың 7 айында 55 құрал түрі мен 3 қызмет түрі бойынша мүгедектігі бар азаматтар өзінің электрондық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалана отырып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс беруде. Нәтижесінде, мүгедектігі бар азаматтарға 7 200 құрал мен қызмет түрі көрсетілді. Мүгедектігі бар жандарды оңалту құралдарымен қамтамасыз етудің орындалу көрсеткіші 77,5%-ды құрады.
Атап айтсақ:
– протездік-ортопедиялық құралдармен қамтылу көрсеткіші – 1 363;
– сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдармен қамтылғандар – 4 134;
– мүгедектер арбасын алушылар – 208;
– жеке көмекшінің, ымдау тілі мамандарының қызметтері – 401;
– cанаторий-курорттық емделу қызметі – 1 094.
Қазіргі уақытта Тараз қаласында мүгедектігі бар азаматтар саны – 16 970. Оның ішінде І топтағы азаматтар саны – 1 690, ІІ топтағы – 6 172, ІІІ топтағы – 6 305 адам. Ал 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны 2 803 адамды құрайды.

Б.Амангелдиев,
Мүгедектермен және ардагерлермен
жұмыс жүргізу секторының бас маманы.
Тараз қаласы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.