Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әлеуметтік көмек талаптары өзгерді

0 388

2019 жылы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін 51177 отбасы өтініш білдірген. 36475 жамбылдық отбасыға 22,8 миллиард теңге атаулы әлеуметтік көмек төленді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков баяндады.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Өңірде 2020 жылы жүзеге асырылатын әлеуметтік бағдарламалар жайы ортаға салынған баспасөз жиынында атаулы көмек көрсетудегі жаңа өзгерістер туралы кеңінен айтылды.

– Өткен жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінен жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылғандар үлесі 20,9 пайызды құрап, жоспар 22,2 пайызға орындалды. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу кезіндегі кемшіліктер біртіндеп жойылып жатыр. 933 отбасы бюджетке 133,5 миллион теңге қайтару қажет. Бүгінгі таңда 67,1 миллион теңге қайтарылды, қалған сомаларды өндіріп алу бойынша жұмыс қарқынды жүргізілуде, – деді баяндамашы.

Бекболат Серікбекұлы ағымдағы жылы атаулы әлеуметтік көмекке болжам бойынша 14919 отбасы өтініш білдіретінін, бұл 74876 адамды құрайтынын айтты. Бұл үшін 10,9 миллиард теңге қарастырылған, оның ішінде республикалық бюджеттен 6167 миллион теңге, жергілікті бюджеттен 4740 миллион теңге бөлініп отыр. Б.Орынбековтің айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек көрсету механизмін өзгерту ашықтықты, әділдікті қамтамасыз етуге және еңбекке ынталандыруды арттыруға бағытталған. Жаңа тәсіл көпбалалы отбасыларға олардың табыстарын есепке алмай, балалардың санына байланысты сараланған мөлшерде 42500 теңгеден 74400 теңгеге дейін жәрдемақы енгізуді көздейді.

– Бұл әлеуметтік шара халықтың осы санатын аз қамтылғандардан саралауға және масылдықты азайтуға мүмкіндік береді. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау өлшемі өңірлік күнкөріс минимумының 70 пайызынан тұрады. «Еңбек» бағдарламасына атаулы әлеуметтік көмек алушыларға жеңілдікпен микрокредит беру және оқусыз гранттар беру бөлігі бойынша өзгерістер енгізілді, – деді баяндамашы.

Баспасөз мәслихатына облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимур Нұрымбетов пен Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайсар Сарытай да қатысты. Тимур Нұрымбетов журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, атаулы әлеуметтік көмек еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек мүлде көрсетілмейтінін атап өтті.

Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмектің балаларға белгіленген төлемдері жойылды. Оның орнына азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтармен, мектептерде тегін ыстық тамақпен, мектеп формасы және жол жүру жеңілдіктерімен қамтылған кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізіліп отыр.

– 2020 жылы кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен 48893 бала қамтамасыз етіледі, оның ішінде 1 жастан алты жасқа дейін 18343 бала бар. Кепілдік берілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуге барлығы 4021,9 миллион теңге бөлінді, оның 667,1 миллион теңгесі республикалық бюджеттен және 3354,8 миллион теңгесі жергілікті бюджеттен, – деді Тимур Нұрымбетов.

Сондай-ақ өткен жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 185,9 мың адамды құрағанын, 2020 жылы ол 109,7 мың адамға дейін азайғанын, төрт және одан да көп баласы бар жамбылдықтардың 31213-і арнайы мемлекеттік жәрдемақы алатынын, оның ішінде 8616 отбасы оған алғаш рет өтініш білдіргенін хабарлады.
Брифинг соңында Бекболат Орынбеков жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсету бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін тиісті сала мамандарынан тұратын ақпараттық топ аймақтың 80 ауылдық округіне арнайы барғанын хабарлады. Бұл ақпараттық шараларда 10 мыңға жуық адам қамтылған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.