Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әлемі әсем Ғайни ақын

0 452

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мектебімізде «Үміттің жағып шамын» атты кеште Ғайни Әлімбекқызы оқырмандарымен кездесті.

Ақынды мектеп кіреберісінде өнерпаздар өзінің сөзіне жазылған «Қаздар қайтып барады қарашада», «Сезім гүлі» әндерімен күтіп алды. Сондай-ақ Ғайни Әлімбекқызы туралы бейнероликтер көрсетіліп, оқушылар құшақ гүлдермен қарсы алып, қуанышты көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік кештің шымылдығы ақынның патриоттық өлеңдері, Тәуелсіздік, Астана, Тараз, Отан, туған жерге арналған жүрекжарды шумақ өлеңдерімен түрілді. «Шындыққа айналып қиялы», «Көне Тараз – қарт шежіре абызым!», «Үміттің жағып шамын» сынды өлеңдері оқылып, көрермен жүрегіне жол тапты. Поэзия – әдебиеттің ең нәзік саласы. Ал бұл құдіретті түсінген ақын өз тылсым сырларын ақ параққа маржандай шашуда. Ақынның жүрегінен тулап шыққан жырлары «Қарлығаш», «Жүрегімдесің менің», «Ақша бұлттар арасында арман бар», «Көңілімде боздап тұрды бозінген», «Жыр айна», «Қарлығаштар мекені» атты кітап болып шығып, оқырман жүрегінен орын алып отыр. Оқушылар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, тебірене орындады. Ғ.Әлімбекқызының бірнеше өлеңдеріне композиторларымыз ән жазып, әндері телеарналарда орындалып жүр. Соның бір Қазақстанның белгілі әншісі Д.Таңатаровтың орындап жүрген «Қаздар қайтып барады қарашада» әнін мектебіміздің музыка пәнінің мұғалімі Ү.Сатышбеков орындады. Ақынның басқа ақыннан ерекшелігі – ең керемет шашпа шумақ өлеңдері бар. Осы шашпа шумақтарын композициялық бірізділікпен оқушыларымыз нақышына келтіре айтып шықты.
Осылайша сөз кезегі Ғ.Әлімбекқызына берілді. Ақын жылы лебізін арнай отыра, өзінің «Қарлығаштар мекені» атты кітабын кітапханаға сыйға тартты. Сұрақ-жауап сәтінде оқушыларымыз көкейтесті сұрақтарын қойып, бірде жүректі толқытар, бірде өлеңменен жеткізген қызықты да әсерлі жауаптарын алды.
Мектеп директоры Нұрбол Әбдіқалық Ғ.Әлімбекқызына рақметін айтып, шығармашылығына табыс тілеп, ізгі ниетін білдірді. Кешіміздің қызықты өтуіне атсалысып, қонағымызбен блиц-сұрақтарын жүргізді.
Кездесу соңында білім алушылардың үні тыңдалды. Толығымен ақынның өлеңдері тілге жеңіл жаттағанға оңтайлы және басқа ақындарға қарағанда қысқа жазылған өлеңдеріне бүкіл әлемді сыйғызып жібергендей сезілді. Ақынның нәзік жүрегімен жалынды көзінен білім алушылар шындықты, патриоттылықты, отансүйгіштікті, кішіпейілділік пен қарапайымдылықты аңғарды. Алдағы уақытта осындай кездесулер жалғасын тапса екен деген өтініштерін білдірді. Оқушылармен суретке түсіп, ақын суреті шығартылған блокноттар мен парақтарға естелікке қолтаңба алумен аяқталды. Кешке қатысқан оқушыларымыз бен ұстаздарымыздың алғаны мен түйгені көп болды.

Гүлназ ӘБДІБЕКОВА,
Балхия БЕКМОЛДАЕВА,
№56 орта мектептің кітапханашылары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.