Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Әлемді кітап арқылы таны

0 754

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Д.А.Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы және мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларын өткізетін облыстық орталықтың ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасы аясында «Әлемді кітап арқылы танимын» ең көп оқитын оқырмандар арасында жыл сайын облыстық байқау ұйымдастырылды,-деп хабарлайды «Zhambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Жергілікті балалар жазушыларының өмірі мен шығармашылығын тереңірек оқыту, сан алуан тақырыптағы танымдық-тәрбиелік туындылары арқылы балалардың қазақтың тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген ықыласын арттыру және көркем сөз оқу шеберлігін, тіл мәдениетін жетілдіру, рухани-адами тәрбие беру, ұлтжандылық қасиеттер қалыптастыру мақсатындағы байқау 2017 жылдан бері өткізіліп келеді.
2017ж – Ескен Елубаевтың, 2018ж – Сұлтан Қалиевтың, 2019 ж – Пернебай Дүйсенбиннің шығармашылықтары бойынша өткізілсе, 2021 ж — «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты – Әлдихан Қалдыбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналды.

Байқауға жас ерекшеліктеріне қарай 8-12 жас аралығындағы аудандық іріктеу кезеңінде жолдама алған 10 оқырман қатысты.
Сайыс «Мен – талантты оқырманмын», «Портрет галереясы», Балалар жазушысы, драматург – Ә.Қалдыбаевтың шығармаларынан монолог немесе сахналық қойылым, «Әдеби бәйге» — Ә.Қалдыбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы сұрақтарға жауап беру сынды кезеңдерден тұрды.
Сарапшылар алқасы қатысушылардың өнерін бағалау кезінде оқырманның шығарманы таңдау талғамына, дауыс мәнеріне, тіл тазалығына, жан-жақты білімділігіне, сахнада өзін-өзі ұстау мәдениеттілігіне жан-жақты назар аударды. Байқауға шақырылған қонақтар – Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысының орынбасары – Сара Мадиева, сатирик-ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Әлімқұл, жас ақын Шапағат Әбдір, мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс шараларды өткізетін облыстық орталығының педагог-ұйымдастырушысы Жібек Қасымова төрелік етті.
Байқау нәтижесі бойынша бас жүлдені – Жамбыл ауданы Б.Момышұлы атындағы мектептің 3 сынып оқушысы Ешназар Гүлдария, І орынды Сарысу ауданы Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының 4 сынып оқушысы Сеңгірбай Мұқағали, ІІ орынды –Т.Рысқұлов ауданы «Қорағатты шағын орталықты» орта мектебінің 5 сынып оқушысы Жорабек Айшуақ, ал ІІІ орын – Байзақ ауданы Ғ.Мұратбаев атындағы мектеп-гимназиясының 5 сынып оқушысы Еркін Аружан иеленді.
Байқауды ұйымдастырушылар мен сарапшылар алқасының ұйғаруымен жеңімпаздар анықталып, қатысушылар арнайы сыйлық және дипломмен марапатталды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.

error: Көшіруге болмайды! Редакцияға хабарласыңыз.