Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әлем қазақтары Әулиеатада бас қосты

0 268

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз», – деген еді. Президенттің бұл сөзі алыстағы ағайынға ақжолтай хабар болғаны анық.

Тарихтың түрлі аумалы-төкпелі кезеңдерінде шекараның шетінде қалып қойған 6 миллионнан астам қандасымыз тарихи Отанынан жырақта өмір сүріп жатыр. Ел тәуелсіздігін алған алғашқы күннен бастап қандастарды елге кері қайтару жоспары жүйелі жүргізілуде. Әрі біз әлемдегі өз қандастарын шақырған Германия және Израильмен қатар тұрған үшінші ел атандық. Нәтижесінде азаттық алған алғашқы күннен бастап 1 миллионнан астам қандасымыз елге оралды. Олар ұлы даланың экономикалық, демографиялық өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді.
Күні кеше ғана әлемнің әр бұрышына тарыдай шашылған туыстарымыз Тараз төрінде бас қосты. Олар «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен осымен 5-ші рет өтіп отырған дәстүрлі «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестиваліне келген қандастар. Өнер бәйгесіне Түркия, Иран, Моңғолия, Қытай, Ресей, Украина, Өзбекстан сияқты 8 елден 35 үміткер вокал-дәстүрлі ән айту, жыр мүшәйрасы, терме мен күй сайысы және қолөнер номинациялары бойынша бақ сынады.

Алыстан ат терлетіп келген ағайынның көзінде қуаныш, көңілі шат. Өзге мемлекетте жүрсе де, тілін, дінін жоғалтпай, салтын сақтап отырған ұл-қыздарымызды көріп, кеудемізге қуаныш ұялады. Әуелі қандастарымыз қарт шаһардағы қасиетті орындар мен музейді аралап, еліміздің бай тарихымен танысты. Сонымен қатар облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қонақтарды арнайы қабылдап, ақжарма тілегін айтып, қатысушыларға тарихтан сыр шертетін кітап сыйға тартты.
– Биылғы жылдың өзінде өңірге қоныс аударған 350 отбасының 470 адамы «қандас» мәртебесін алды. Бүгінде сырттағы ағайын бауырлармен мәдени-рухани байланыстарды жандандырудың түрлі жолдары қалыптасуда. Оның дәлелі бүгінгі өткізіліп отырған «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалінің біз үшін маңызы ерекше, – деді Нұржан Молдиярұлы.
Өнер фестивалінің тағы бір ерекшелігі – қандастар ғана емес, Алатаудың арғы бөктерінен айыр қалпақты ағайындар да шақырылғаны. Енші бөлінбеген егіз халықтың тойы да ортақ. «Сүйегім – қазақ, етім – қырғыз» деп жырлаған Жамбыл Жабаевтың жеріне келіп, халқымыздың қонақжай пейіліне риза болған ағайындарды сөзге тарттық. Қомызбен бірге қазақтың қоңыр домбырасын қатар ұстаған қырғыз қызы Жаңылгүл Мұрсалбек талантымен тараздықтарды таңғалдырды. Ол атақты Манарбек Ержановтың «Сайра, бұлбұл» әнін үкілі домбырамен сайрап салғанда, зал толы көрермендердің құрмет шапалағы ұзақ уақыт басылмады.
– Бала кезімнен қазақтың дәстүрлі әндерін сүйіп тыңдап өстім, домбыраны да өз күшіммен үйреніп алдым. Осы жарысқа жолдама алғанда қатты қуандым. Біз Қазақстанды жақсы білеміз, өнерге, мәдениетке қатты көңіл бөледі. Сіздермен рухани байланыс ешқашан үзілмейді деп ойлаймын. Ақындардың сөзімен айтқанда, «Тұрса да Алатауым бөліп, қырғыз-қазақ бауыр болып қалады» деген сөздің шындығына көзім анық жетті, – деді Жаңылгүл Мұрсалбек қуанышын жасырмай.
«Елім-айлап» ел көшіп,
Гималайдан ары астым.
Армандаған бұл күнді,
Әлиханмын, Алашпын.
Көк туға көз жаутаңдар,
Қандасымның зарымын.
Тарпаң тағдыр қолымен,
Шашып кеткен тарымын», – деп жырлаған Дәурен Бақытқажыұлының жырлары жанымызға жігер сыйлады. Қытайда туып, қырандай ұшып жеткен ақын қандасымыздың отқа оранған өлеңдерімен жат жұртта жүрсе де, Алаш екенін ұмытпаған ұлымызға тәнті болдық. Дәуреннің айтуына қарағанда, соңғы жылдары Қытайда қазақ мектептері жабыла бастаған. «Мектепте қос тіл бағыты бойынша оқыту жүргізіліп, қытай тіліне баса басымдық берілуде», – дейді бауырымыз. Тілі мен дінін сақтап қалу үшін ол жақтағы ағайындардың көбі елге келуді жоспарлап жатқан көрінеді.
Он саусағынан өнер тамған Иран жерінен келген кілем тоқу шебері Қалдифен Шалақ жастайынан кілем тоқуға қызыққанын айтады. Оның сөзінше, Иран мемлекеті бір жылда кілем саудасынан 17 миллиард АҚШ доллары көлемінде табыс табады екен.
– Елге келіп, осы өнерімді өркендетсем деген арманым бар. Біз ол жақта мектепті иран тілінде оқимыз. Қазақша газет-журнал, радио, телеарна деген атымен жоқ. Қазір жастардың қазақша білетіндерінің қатары барған сайын сиреп кетті. Біз үйде балаларымызға ана тілімізде сөйлейміз, бірақ ол жеткіліксіз. Бұрын біз үшін Қазақстанға келу мұң болатын. Себебі Әзірбайжан елі арқылы өтуге тура келетін. Бүгінгі таңда ол мәселе шешілген. Ақтаудан айына 2 рет Иранға ұшақ қатынайды. Бұл біздің көп күткен арманымыз еді. Енді ол жақтағы қандастардан тарихи Отанына табан тірейтіндер көбейеді деген ойдамын, – дейді Қалдифен.
Фестиваль қорытындысында қала тұрғындары мен қонақтарын қолөнерімен тамсандырған Айнагүл Барамбаева есімді Ресейден келген қандасымыз халықаралық өнер сайысының бас жүлдесін қанжығасына байлап, 500 000 теңге және теледидар еншіледі. Ал «Терме мен күй» номинациясы бойынша І орынға өзбекстандық термеші Жаңғар Мамбетназаров лайықты деп танылса, Роза Бағланова атындағы «Вокал-дәстүрлі ән салу» аталымы бойынша І орынды Қытайдан келген қандасымыз, атақты «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы Ермұрат Зейіпханұлының туған інісі Нұршат Зейіпханұлы жеңіп алды. Абай атындағы жыр жарысында моңғолиялық Тілектес Ақылбекұлының бағы жанса, «Қолөнерде» сынға түскендердің арасында Ираннан келген Қалдифен Шалақ қарсыластарынан оза шықты. Әр аталым бойынша І орын алған жеңімпаздарға 300 000 теңгеден берілсе, қалған қатысушыларға да бағалы сыйлықтар табыс етілді. Одан бөлек, Шерхан Мұртаза атындағы «Көрермен көзайымы» онлайн дауыс беру номинациясы бойынша жүлде Қытай елінен келген термеші Дәурен Құралбекке бұйырып, 400 000 теңгені қанжығылады.
«Отандастар қоры» КАҚ президенті Абзал Сапарбекұлының айтуынша, шетелдегі қандастарды қолдау бір шараның шеңберінде қалмайды екен.
– «Отандастар қоры» тек өнер фестивалін өткізумен шектелмейді. Біз шетелдегі қазақтардың өз ана тілін үйренуіне сол мемлекетте курстар ұйымдастырамыз. Қазіргі таңда 8 елде осындай офлайн курстар жүруде. Жат жерде жүрген белсенді жастарды жыл сайын Қазақстанға әкеліп, 3 күндік арнайы бағдарлама жасаймыз. Биыл шара жаңа құрылған Абай облысында өтті. Сондай-ақ сыртта тұрып жатқан мектеп оқушыларының жазғы лагерьлерін де ұйымдастырып тұрамыз, – дейді қор президенті.
Халықаралық фестивальге қатысушы қандастарымыз атажұрт Қазақстанға деген ең шынайы ризашылықтарын білдіріп, тілектерін жеткізді. Ұлтымыздың өнерін жат жерде дәріптеп, болмысын бұзбай сақтап жүрген бауырларға алғысымызды айтып, «Қазақтың жалғыз Отаны – Қазақ елі! Бір тудың астында ғұмыр кешетін күн жақын болғай» деп тіледік.

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.