Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ластанған сумен ағаштардың өсуін зерттеу қаншалықты тиімді?

0 229

Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – адамзат алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Соның ішінде су ресурстарын тиімді пайдалану және ластанған суды тазарту күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.

Табиғи және ақаба суларды тазарту кезінде әртүрлі әдістер қолданылады. Соның ішінде физикалық процестер ерекше орын алады.  Бүгінде әлем халқының көбеюі мен өнеркәсіптің қарқынды дамуы табиғи ресурстарға түсетін жүктемені арттырып отыр. Әсіресе, тұщы су қорларының жетіспеушілігі – жаһандық деңгейдегі күрделі мәселе.

Ақаба су – адамның тұрмыстық немесе өндірістік әрекетінен кейін пайда болатын ластанған су. Дүние жүзіндегі қалалық қауымдастықтар мен өндіріс орындары пайдаланатын және ақаба сулардың көлемінің тұрақты өсуі денсаулық пен қоршаған орта үшін ықтимал проблемаларды тудырады. Қазіргі таңда ғалымдар ақаба суларды тазартудың және кәдеге жаратудың қауіпсіз, экологиялық таза және үнемді жолдарын іздеуде. Сонымен бірге дәстүрлі түрде ауылға негізделген орман шаруашылығының қалалық және қалалық ортаны жақсартудағы рөліне баса назар аударылуда. Осы екі мәселені біріктірудің бір мүмкіндігі ؘ– ормандарды, орман екпелерін, жасыл белдеулерді және көріктендіру ағаштарын суару үшін коммуналдық ағынды суларды (кәріз және өнеркәсіптік ағынды суларды) пайдалану.

Осыған байланысты соңғы жылдары ақаба суларды қайта пайдалану идеясы үлкен қызығушылық тудыруда. Соның ішінде бұл суларды ауыл шаруашылығында, атап айтқанда ағаштар мен өсімдіктерді суару үшін пайдалану белсенді зерттеліп жатыр.

Ақаба сулардың құрамындағы минералдар мен органикалық заттардың ағаштардың өсуіне қалай әсер ететінін анықтау, бұл тәжірибенің экологиялық қауіпсіздігін бағалау аса маңызды.

Ақаба сулар тұрмыстық, өндірістік немесе ауыл шаруашылық қалдықтарынан түзіледі. Олар көбінесе азот пен фосфор сияқты тыңайтқыш рөлін атқаратын элементтерді, ауыр металдарды (мысалы, қорғасын, сынап), түрлі микроағзаларды қамтуы мүмкін.

Қазақ Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің ғалымдары М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде жүзеге асып жатқан «BR24992867 – Қазақстанның су шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі дамуы мен басқаруы үшін ресурс сақтау технологияларын әзірлеу, инновациялық инжиниринг орталығын құру» тақырыбындағы ғылыми мегагранттың аясында (бағдарлама жоба жетекшісі, ғылыми жұмыстар және цифрлық даму жөніндегі проректор Сейітжан Орынбаев) «Табиғи және ағынды суларды тазартудағы негізгі физикалық процестерді зерттеу» тақырыбы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Биылғы көктем мезгілінің басында Жамбыл ауданындағы «Бекбауов» шаруа қожалығынан жалға жер телімі алынып, оған 18 түрлі (шырша, арша, қарағай, терек, емен, қарағаш және т.б.) 180 ағаш отырғызылды. Техника ғылымдарының докторы, профессор А.Мұсаевтың жетекшілігімен ғылыми зерттеулер үш нұсқада жүргізілуде. Олар – топырақ үлгілері алынып, суару, ағаштардың өсу-дамуын бақылау-өлшеу жұмыстары.

Зерттеу барысында ағаштардың өсу қарқыны (биіктігі мен діңі диаметрі), жапырақтардың (қылқан жапырақтардың) түсі, ұзындығы, тығыздығы, топырақтағы тұздылық пен ауыр металл мөлшері, ағаштың жалпы физиологиялық күйі бағаланды.

Алғашқы бақылау нәтижелер бойынша тиісті деңгейде тазартылған кәріз суы ағаштың өсуіне кері әсер етпеген. Кейбір ағаштарда тіпті өсу белсенділігі артқаны байқалды.

Қалалық ақаба суларды суару үшін пайдалану, соның ішінде ағынды суларды қауіпсіз және үнемді тазарту және кәдеге жарату, суды үнемдеу және жер асты суларын толтыру және ақаба сулардан алынған қоректік заттарды өндірістік мақсатта пайдалану көптеген артықшылықтарға ие. Салыстырмалы түрде мол суы бар аймақтарда егінді немесе орман шаруашылығын суару негізінен ақаба суларды тазарту және кәдеге жарату үшін пайдаланылуы мүмкін. Құрғақ және жартылай құрғақ аймақтарда жерасты суларын толтыру және ағаштар мен дақылдарды өсіруде маңызды. Алайда тазартылмаған немесе жеткіліксіз сүзілген ақаба сулар топырақты тұздандыруы мүмкін. Бұл өз кезегінде ағаштың түбір жүйесін улап, ауыр металдардың жиналуына әкеледі. Ал ол топырақ пен жер асты сулары үшін қауіпті.

Сарқынды суларды ағаштар мен көгалдарды суаруға пайдалану суды үнемдеудің тиімді жолы болуы мүмкін. Бірақ ол тек мамандардың бақылауымен, судың құрамы зерттелгеннен кейін ғана жүзеге асырылуы тиіс. Әйтпесе, экологиялық тепе-теңдік бұзылып, зиянды әсері қайтарымсыз болуы ықтимал.

Бүгінде қаланың қалдық суы 200 гектардан асатын сүзгі алқабына төгіледі және жерге сіңу, булану арқылы тазарады. Тәулігіне 70 мың текше метрге жуық ақаба су түскендіктен, осы алқаптың өзі жеткіліксіз болып отыр. Оған қоса, ақаба суының жерасты суларына араласып, тұрғындарды ауыз судан айыру қаупі төніп тұр. Сондықтан да бүгінде қалалық кәріз суын тазалаудың жаңа кешенін салу қолға алынуда.

 Университет ғалымдарының жүзеге асырып отырған бұл ғылыми зерттеулері – Жамбыл облысында экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Бұл қаржыландырудың екі негізгі бағыты – тал егу және ағынды суларды тазалау аймақтың қоршаған ортасын жақсартуға, экологиялық тұрақтылыққа айтарлықтай ықпал етеді деп сенеміз.

 Кенжеғали ШИЛІБЕК,

техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Тараз қалалық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Экологиялық мәселелер» жөніндегі аймақтық кеңестің мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.