Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құландағы қоныстой

0 63

Жуырда Т.Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылында 80 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.

Ауданға жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Нұржан Нұржігітов салтанатты шарада жаңа пәтерлердің кілттерін тапсырып, қоныс той иелерін қуанышымен құттықтады. – «Баспана – бақыт шамы» демекші, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде облыста тұрғын үйлер салу бағытында көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Айталық, өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 693,5 мың шаршы метрді құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға артты. Яғни, былтыр 68 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, оның 28-і пайдалануға берілді. Ал, ағымдағы жылы облыс бойынша 70 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 45 үй ел игілігіне ұсынылады деп күтілуде. Сондай-ақ, «Бақытты отбасы» бағдарламасы шеңберінде 3,2 миллиард теңгеге 343 азаматқа және «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 58 азаматқа 515 миллион теңге сомасына несие рәсімделді, – деді аймақ басшысы.

Бұл күні баспаналы болғандардың қуанышында шек болмады. Олардың қатарында көпбалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар да бар. Солардың бірі – сегіз ұл-қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы ана Дианара Юсупова. Ол мемлекеттік бағдарлама аясында үйлі болғанына балаларының көңілі шат-шадыман екенін жеткізді. Осылайша, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде аудан орталығы Құлан ауылындағы «Арай» жаңа тұрғын үй алқабында алғашқы салынған 5 қабатты тұрғын үй кезекте тұрған азаматтарға берілді. Тұрғын үйде 1 бөлмелі – 20 пәтер, 2 бөлмелі – 40 пәтер, 3 бөлмелі – 20 пәтер орналасқан. Нысанның құрылыс жұмыстарын мердігер «Сырым Былеке» ЖШС жүргізген. Тұрғын алқапта тағы бір 80 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталуға жақын.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.