Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлағатты ұстаздар ұлықталды

0 134

Қала әкімдігінің мәжіліс залында «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» атты білім саласы қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті. Басқосуға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қатысып, ізгі тілегін білдірді.

– Мемлекетіміз әрдайым білім саласына қолдау көрсетіп келеді. Бұл тұрғыда қаламызда атқарылған ілкімді істер жетерлік.

Жалпы шаһарда бүгінгі күні 140 мыңнан астам бала бар. Бұл шаһар тұрғындарының 32 пайызын құрайды. Ағымдағы жылы «Арай» және «Казарма» алқаптары мен «Ұлы дала» ықшамауданында 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның екеуі жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» жобасы аясында ағымдағы жылы 4 мектептің құрылысы басталады. Қазіргі таңда 7 мектеп пен 1 балабақша ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2027 жылға дейін тағы 10 мектеп жөндеуден өтеді деп жоспарлануда. Бұл бағыттағы ауқымды жұмыстар үздіксіз жалғаса береді, – деген шаһар басшысы 2022-2023 оқу жылының қорытындысы бойынша жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде нәтижелерге қол жеткізген ұстаздарға Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын табыстады.

Жалпы өткен оқу жылында қаланың білім саласы бірқатар нәтижелерге қол жеткізіп, түйткілді мәселелердің бірқатары өз шешімін тапты. Айталық, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында барлық мектепке дейінгі ұйымдарда бала дамуының жаңа моделі енгізіліп, «Ойын арқылы оқыту қағидаты» негізінде мемлекеттік стандарт өзгертілді. Білім саласында қол жеткізген толағай табыстарымыз да баршылық. Мәселен, мектепке дейінгі білім мекемелері жаңашылдық пен өзгерістерді тиімді жүзеге асырып, №5, 9, 17, 28, 33, 39 балабақшалардың шығармашылық жұмысы республика деңгейінде жоғары бағаланып, «Мектепке дейінгі үздік ұйым-2022» байқауында №33 бөбекжай-бақшасы жүлдегер атанды. Сонымен қатар өрендеріміз республикалық, халықаралық ғылыми жоба мен пән олимпиадаларында 50 жүлделі орынды еншілеп, алдыңғы жылмен салыстырғанда жүлдегерлер үлесі 14,2 пайызға артқан. Бұл жүлделердің 22 пайызын Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының білім алушылары көрсетіп отыр.

Қаланың 6 мектебі Қазақстан Республикасы олимпиада мектептері рейтингісіне енгізіліп, оның ішінде Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясы мен №40 гимназия «Үздік олимпиада мектептерінің» сапынан көрінген. Бұған қоса халықаралық деңгейдегі «Иран олимпиадасы», «Өмірбек Жолдасбеков атындағы ғылыми жоба», «Математика және жобалау» интеллектуалдық жарыстарда жүлдегер атанған облыстың 15 оқушысының 8-і Тараз қаласы мектептерінің білім алушылары екенін де мақтанышпен айта кеткен абзал. Тағы бір ерекше атап өтерлігі, республика деңгейінде өткен білім сайыстарында №1,3,5,8,12,13,18,24,40,41,45,49,53 мектеп оқушылары қаланың қоржынына 29 медаль салып, алдыңғы жылмен салыстырғанда дарынды балалардың нәтижесі 20 пайызға өскен. Бұл, әрине, ұлағатты ұстаздарымыздың еселі еңбегінің жемісі екені даусыз.

Жұматай Көксубай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.