Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлағатты ұстаздар ұлықталды

0 107

«Баласағұн» орталық концерт залында облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Ұстаз-дық – ұлы қызмет!» атты мұғалімдер күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты кеш А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театры сахналаған ұлт ұста-зы Ахмет Байтұрсынұлының ұлағатын танытатын шағын қойылыммен ашылды.

Мерекелік шараға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, аудандар мен Тараз қаласы әкімдерінің орынбасарлары, облыс әкімдігінің басқарма басшылары, республикалық мекемелердің қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары, еңбек ардагерлері, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтар қатысты.

Жиын барысында педагогтардың жетістіктері туралы бейнеролик көрсетіліп, аймақ басшысы құттықтау сөз сөйледі.

– Адам баласы қай заманнан бері жаңаны үйреніп, ғылымды игеріп, білімді тоқумен келеді. Оқушы зердесіне асылды дарытушы, білімнің бағдары, ұрпақтың бағбаны ол ең алдымен – ұстаз. «Мұғалім ісі – сырттай қарапайым болғанымен, тарихтағы ең ұлы істің бірі» дейді халық даналығы. Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі», – десе, әлемдегі ең асыл мамандық иесі – мұғалім екендігі сөзсіз!

Сіздер өскелең ұрпаққа өмір бойы рухани азық болатын, болашағын және шынайы өмір жолдарын қалыптастыруда ең қажетті білім мен тәрбие бересіздер. Ұрпақ тәрбиесінде мұғалімнің таланты, біліктілігі, жауапкершілігі, адами қасиеттері өте маңызды, – деген Нұржан Молдиярұлы аймақта білім саласын жетілдіруге үлес қосып жүрген бір топ сала үздіктерін марапаттады.

Марапат иелеріне облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі, «Еңбек ардагері» медалі және тағы басқа түрлі номинациялар табыс етілді. Салтанатты шара одан әрі концерттік бағдарламаға ұласты.

Сондай-ақ ертеңіне Оқушылар сарайында білім беру қызметкерлерінің «Ұстазға мың тағзым» тақырыбындағы салтанатты кеш жалғасын тапты.

– Осынау ұстаз атты қастерлі ұғым барша адамзат үшін қадірлі. Қоғамның ары мен ақылы саналатын ұстаз – бүкіл халық құрметтейтін тарихы мол, ерекше кәсіп. Ұлы жол мектеп табалдырығынан басталады. Оған әр ұстаздың үлесі зор. Әрбір адамға, білім жолын ашқан мұғалімнің болашаққа жетелер ардақты ісі – шәкірт тәрбиелеу. Осы еңбектері еленіп, елі мен жеріне қызмет етер ұрпақ көбейіп, оларды биікке жетелейтін ұстаздар қауымының еңбегі елене берсін! – деді шарада алғашқы болып сөз алған қала әкімі Бақытжан Орынбеков.

Жиын барысында сала ардагерлері мен білім саласында ұзақ та нәтижелі еңбек етіп, сапалы білім беріп жүрген 15 мұғалімге министрліктің, қала әкімі және білім басқармасының Құрмет грамотасы табыс етілді.

Жалпы осы орайда аймақ ұстаздары 3 халықаралық, 13 республикалық, 33 облыстық конкурста және 2500-ге жуық қашықтық байқауларында жүлделі орындарды иеленгенін айта кеткен жөн.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.