Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлағат жолындағы ұстаздар әулеті

0 371

Адам жанын ізгілікке баулып, жүрекке жылулық нұрын себетін аяулы тұлғаларымыз жақын күндері төл мерекелерін атап өтеді. «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегінің ерен екенін көкірек көзі ояу кез келген жанның ұғынары анық. Ал қастерлі мамандықтың қадірлі иесі болу үшін жоғары білім игеруден бөлек, өнегелі өмір тәжірибесін өткеру керек.

Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр. Тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді жандарға ілтипат таныту – адамгершілігіңнің ілгері басуының бір қадамы. Өйткені ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше кәдеге асыра алмайтындығы қасиетті Құранда да жазылған. Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім.
Ұстаздық етуден жалықпаған әулеттің бірі – Мұстафаевтар әулеті. Әңгімеміздің әлқиссасын №39 мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, екінші санаттағы ұстаз Нұркелді Мұстафаевтан бастасақ. Нұркелді Тұрсынбайұлы аталмыш мектепте 3 жылдан бері қызмет етеді. Бала күнінен спортқа жаны жақын ол мектепті тәмамдағаннан кейін ұстаздық жолды таңдайды.
– Асылы, шәкіртті талабынан танып, шамын жағып, жұлдызын жарқыратып, шығармашылығын дамыту – әрбір педагогтың парызы. Сөзіме дәлел ретінде Жүсіп Баласағұнның «Әрбір бала – жарық жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет» деген нақыл сөзін айтқым келеді. Ықылым заманнан ұстаз орны – ешкімге бергісіз тақ. Нақтырақ айтар болсақ, жүрек тебірентер әнші де, білекті батыр да, ғұлама ойшыл да, белгілі өнерпаз да ұстаз атты ұлы есімнің алдынан өткендігі жасырын емес. Менің де өмірлік ұстазым – анам. Ә дегеннен қолыма қалам алып, әліппені ашқан кезден бастап тәлім-тәрбиесін, білімін менен аяған емес. Үлкен өмірдің ағысына қосылғалы ұстаздық жолды да ақ жаулықты анамнан үйрендім, – дейді Нұркелді Мұстафаев.
Үлкен әулеттің анасы Қаламқас Әуелбекова ұстаздық қызметін 1979 жылдан бастапты. Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Ұланбел ауылында М.Әуезов атындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі 40 жыл ұстаздық етіп, бүгінде зейнетке шыққан. Ал Нұркелдінің әпкесі Дана Тұрсынбайқызы қаладағы «Ақ желкен» балабақшасында 10 жылдан астам уақыт тәрбиеші болып істейді. Ең бір қызығы, әулетке түскен келіндер де ұстаз. Үлкен келін Салтанат Мумейова қаладағы №45 «Балбұлақ» бөбекжайында тәрбиеші болса, одан кейінгі келін Айжан Жолдыбай Ұланбел ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте психолог, өзін-өзі тану пәнінен мұғалімі. Ал кенже келіні Салтанат Жұман болса, Атырау қаласында «Тараз сервис» колледжінде, кейін Тараз мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, қазір бала күтімімен үйде.
– Өзімнің отбасым, келін болып түскен әулет – ұстаздар династиясы. Анамның (енем) анасы, ағалары мен інілері де – көпке үлгі болған ұстаздар. Әпкелерім Зәуре, Сәуле мен Айнұр да 15-20 жылдан астам мұғалімдік қызметте. Бәсекеге қабілетті мемлекеттің жастарына білім беру – бүгінгі ұстаздарға артылған жауапкершілік. Өзімнің өмірлік жолымды бала көкжиегін кеңейтуге бағыттағаным – мен үшін әрі абырой әрі маңызды міндет. Бағытымды бағамдап, болмысымды қалыптастыруда шәкірт алдында жауаптымын. Елімізде педагогтарға қатысты көтеріліп жатқан мәселелер аз емес. Алайда ұстазға деген сенім мен құрмет өз биігінен түспегені хақ, – дейді Салтанат Әбдіманапқызы.
Жас маман Нұркелді Мұстафаев сабақ беруден бөлек, бос уақытында оқушыларды жаттықтырып, волейболдан облыстың намысын қорғап жүрген команда жасақтаған. Оған дәлел 2020-2021 оқу жылында волейболдан ұлттық мектеп лигасында 7-8 сынып оқушылары (қыздар құрамасы) арасында қаланың 60 мектебінің ішінен ІІ орын, облыстан І орын иеленіп, Нұр-Сұлтан қаласына жолдама алады. Бас қаладан да жақсы көрсеткішпен оралады.
Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенмен, ал нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» деп ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рақаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы. Мұғалімді мектептің жүрегі деп білетін дана халқымыз өз ардақтыларына әркез құрметпен қараған. Ұстаз деген қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі болып қала бермек. Келе жатқан мерекелеріңіз тағы да құтты болсын, ұлағаты мол ұстаздар династиясы.

Арайлым Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.