Қалалық қоғамдық-саяси газет

Криминалистика – ғылымның өзі

0 369

Бәріміз бала кезде Ресейдің детектив жанрындағы кино өнімдерін көріп өстік. Әрқайсымыздың жадымызда қылмыстық оқиға орын алған жерге ақ қолғабы, фотоаппаратымен жетіп келетін криминалистің образы бар.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Қылмысты кім, қай сағатта, тәуліктің қай мезгілінде, қандай қарумен жасады? Осының бәріне нақты жауап беретін сала криминалистика деп аталады. Ал кәсіби мамандар криминалистикаға ең әуелі ғылым деп қарайды. 23 маусым – Қазақстан полициясы күні қарсаңында құқық қорғау саласының күретамырына айналған криминалист мамандығына ерек көңіл бөліп, саланың қызығы мен шыжығына құлақ түрмекке бекіндік.

Кейіпкеріміздің есімі – Қанат Қазыхан. Жыл басында Тараз қаласы №1 полиция бөлімі жедел криминалистика бөлімшесінің басшысы қызметіне тағайындалып, шаһардағы ірілі-ұсақты қылмыстардың басы-қасында жүрген маманмен бізге беймәлім криминалистиканың ой-шұңқыры, кедір-бұдыры турасында ашық әңгімелестік.

Қанат Қазыханұлы 2006 жылы мектеп табалдырығынан қанат қағып, Алматыдағы Ішкі істер министрлігінің академиясына оқуға түседі. Дәрігерлер отбасынан шыққан өренге ата-анасы «сенің мінезіңе сәйкес» деп құқық қорғау саласын таңдауға кеңес берген. Әке сөзін екі етпеген ол аталмыш білім ордасын «криминалист» мамандығы бойынша үздік тәмамдап, өзі туған Жуалы ауданына қызметке келеді. 2010 жылдан бастап салада қалтқысыз еңбек етіп, өзінің жұмысына деген жауапкершілігімен көзге түсіп, биылғы жылдың қаңтар айынан бастап жоғарыда аталған қызметке тағайындалады. Дегенмен 10 жылдық тәжірибесі бар маманның бұл қызметтегі жұмыс бабы елді көп әбігерге салған Қордай ауданындағы қылмыстық істі зерттеуден басталған.

– Менің ұғымымда криминалистика – ғылымның өзі. Мен оқыған академияда студенттерді учаскелік полиция, тергеуші, криминалист мамандықтарына баулиды. Таңдауым бірден криминалистикаға түсті. Осы мамандыққа назарымның ерекше ауғанына ешқашан өкінген емеспін. Криминалистика – қылмыстың себебін, қылмыскердің ойы мен психологиясын зерттейтін ғылым. Сондай-ақ оқиға орнында тергеушінің ең бірінші көмекшісі де – біз. Тергеушіге мән-жайды жеткіземіз. Ең басты міндетіміз – дәлелдемелер жинап, қылмысты ашу. Ал жүргізетін жұмысымыз – зерттеу. Ең алғаш ашқан қылмысым – пәтер ұрлығы болатын. Қызығы, бұл қылмысты жасаған адамды жалғыз ғана дәлелдеме – саусақ ізі арқылы таптым. Әлбетте, әрбір әккі қылмыскер қылмыс жасаған жердегі ізін жасыруды көздейді. Осы себепті криминалисте ұсақ-түйек деген болмайды. Әрбір деталь маңызды. Осындай қырағылық арқылы қылмыстың түйіні тарқатылады, – дейді Қанат Қазыхан.
Кейіпкеріміз 2017 жылы Жамбыл облыстық полиция департаменті тағайындаған «Үздік криминалист» жүлдесінің жеңімпазы. Осы жылы ол уақытынан бұрын майор шенін иемденген. Жаңылуды жаны сүймейтін із кесуші криминалистің үш қаруы бар екенін айтады. Олар: ең бірінші – адамгершілік, екінші – білімі, соңғысы – қызметіне деген адалдығы. Бұл салада ұзақ бөгелу үшін асқан төзім, салқынқандылық, байыпты мінез керек.

– Бізге оқуға түскен жылы ұстаздарымыз: «Сендердің бұл ауыр салада табанды еңбек етулерің алғашқы үш жылдағы әрекеттеріңе тікелей байланысты. Алғашқы үш жылда шыдас берсеңдер, келешекте жақсы маман боласыңдар», – дейтін. Рас, қылмыстың аты – қылмыс. Онда кісі өлімі де, ұрлық та, отбасылық кикілжің де орын алады. Соның бәріне криминалист тек қана өзінің жұмысы ретінде ғана қарауы тиіс. Еңбек жолын бастаған кезімде пайдаланған құрал-жабдықтар өте қарапайым болатын. Бүгінде біздің салада көптеген дүниелер жаңарды. Көбісі автоматтандырылған бағдарлама арқылы жүргізілетін болды. Аталмыш сала қызметі қашанда қарбаласқа толы. Сол қым-қуыт жұмыс барысында әрбір іске жауапкершілік қажет етіледі. Әрбір істің артында адам тағдыры тұр. Жаңсақ басуға әсте болмайды. Бұл қызметте жүрген мамандар уақытпен санаспай еңбек етеді. Олар қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне зор жауапкершілікпен қарайды, – дейді Қанат Қазыханұлы.
Бүгінгі күні криминалистер заманауи құралдар мен тәсілдерді пайдалана отырып қылмыс болған орындарда баллистикалық, трасологиялық, дактилоскопиялық, техникалық-криминалистикалық зерттеу-лер жүргізеді. Нәтижесі өте жоғары. Одорологиялық сараптаудан кейін ашылмай қалған қылмыс саны өте аз. Бұл тәсіл бүгінде тиімділігін көрсетіп отыр. Отандық криминалистика саласы үшін жағымды жаңалық, келешекте саусақ іздерінің орталықтандырылған базасын құру жөнінде жаңа заң қабылданбақ. Яғни заң аясында елдегі әрбір азаматтың саусақ іздері бір жүйеге тіркелетін болады. Қанат Қазыханұлының айтуынша, бұл қылмыстарды ашуға өзінің оң септігін тигізеді. Яғни кез келген қылмыс орнында қалған саусақ іздерінің иесін база арқылы тауып алу оңайға соқпақ.
– Криминалистикадағы басты мәселе – маман тапшылығы. Бүгінде қалада, менің қарамағымда алты криминалист қызмет етеді. Оның екеуі қыз бала. Оларға бағыт-бағдар беріп, білгеніммен бөлісіп отырамын. Қыз балалар үшін бұл психологиялық тұрғыдан оңай жұмыс емес. Бүгінде Ішкі істер министрлігінің Қарағанды қаласындағы академиясында криминалист мамандарды дайындап шығарады. Бұл – криминалистикалық зерттеудің жеті түрі бойынша жұмыс істеуге құқығы бар сарапшыларды даярлайтын жоғары оқу орны. Қиын да күрделі саланы бес саусақтай біліп шығу үшін бас алмай оқуға тура келетіні рас. Үнемі жан түршігерлік оқиғалардың ортасында, кісі өлімімен бетпе-бет келіп жұмыс істейтін болғандықтан, осы салаға ден қоятын жастардың қарасы сирек дейді мамандар. Оның үстіне жыл сайын енгізіліп жатқан жаңалықтармен танысып, ғылыми еңбектер арқылы біліктілігін көтеріп отыруды уақыт өзі талап етіп отыр. Сондықтан да криминалист мамандар өмір бойы ізденіс үстінде болуы тиіс, – дейді маман.

Аталған жүктемелерді иығына артып, әккі қылмыскерлердің заңсыз әрекеттерін әшкерелеп, кейді тіпті өткір интуицияның арқасында орын алғалы тұрған қылмысты болдырмауға себепкер болатын, өз саласына тек мамандық деп емес, ғылым деп қарайтын криминалистердің қызметі осындай. Олар – ұшқыр ақыл, салқын сана иелері. Оларсыз тергеушінің ісі ашылмайды. Қанат Қазыханның айтуынша, кейде тергеушіге күрделі қылмыстың күрмеуін шешуге табандылығы мен нәтижеге жету жолындағы тынымсыздығы сеп болады. Ал криминалист үшін әрбір ашылған қылмыс – Олимп шыңын бағындырғанмен бірдей. Әрбірден соң криминалистердің мықтылығы ашылған қылмыстың көптігімен есептеледі. Ал кейіпкеріміздің айтуынша, бір кезекшіліктің өзінде 3-4 қылмыстың ізін кесуге тура келеді. Өз кезегінде мемлекет те өз ісінің нағыз шеберлеріне лайықты қолдауын аяған емес. Қанат Қазыханұлы ел тыныштығын күзетіп, жаға ұстатар жайттарды азайту жолында жанұясына көңіл бөле алмай кететін сәттерге аздап қынжылатынын айтады. Дегенмен бұқараның бейбіт өмірі жолында тер төккен әке әрбір балаға үлгі болары хақ. Осы ретте 23 маусым – Қазақстан полициясы күні қарсаңында тұтастай тәртіп сақшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтап, сарқылмас ерік-жігер, түгесілмес төзім тілейміз!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.