Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кремний өндірісі өрге басады

0 295

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «JVictor New Energy» компаниясының бас директоры Цень Цзяуэймен кездесті.

Жүздесуде Цень Цзяуэй кремний өндірісіне қатысты жобасымен таныстырды. Ол Шу ауданындағы арнайы экономикалық аймақта екі балқыту пешін орнатуды бастағандарын, электр энергиясы тапшылығына қатысты мәселе шешілсе, мұндай пештердің санын арттыруға ниетті екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ көмірмен жұмыс істейтін электр энергиясын өндіретін станция салу бойынша жоспарларымен де бөлісті. Ол үшін компанияға кен орнын игеру мен тиісті аумақ қажет.
Аймақ басшысы жергілікті билік инвесторларды қолдауға дайын екенін атап өтіп, ұсынылған жобаның маңыздылығы мен тиімділігін жан-жақты зерделеу бойынша жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.
Бұл күні аймақ басшысы «Кнауф Гипс Қапшағай» ЖШС бас директоры Александр Ефименко, «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС бас директоры Асхат Құндызбаевпен кездесіп, гипсокартон және құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру бойынша инвестициялық жобасына инфрақұрылым тартуға қатысты бірқатар мәселелерді талқылады.
Бұдан бөлек, облыс әкімі «Wuhan Top Resources Holdings Co. Ltd» компаниясының өкілдерімен де жүздесті.
Компания төрағасы Ли Вэй өздерінің қызметі туралы айтып, Жамбыл облысында бизнесті дамытуға қатысты ойларымен бөлісті. Тараптар тау-кен өнеркәсібінде бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарларын талқылады.
Аймақ басшысы бүгінгі таңда өңірде жоғары технологияларды дамытуға қажетті әрі сұранысқа ие шикізаттың ауқымды қоры бар екенін атап өтті.
Ли Вэй де өз кезегінде таза және заманауи өндірісті жолға қоюға, компания Жамбыл облысымен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін жеткізді.
Алғашқы кезеңде инвестиция көлемі 110 миллион АҚШ долларын құрайды деп көзделуде.

Еркін Сайын

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.