Құрметті Тараз қаласының тұрғындары!
Баршаңызды Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл Ата заңымыздың қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Осы жылдар белесінде басты құжатымыз мемлекеттілігіміздің берік тұғыры, еліміздің тұрақты дамуының мызғымас кепіліне айналды.
Мемлекет пен қоғам өмірінің негізін айқындайтын Конституцияда азаматтардың мүддесіне, құқығы мен бостандығына айрықша назар аударылған. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та: «Ата Заң ел бірлігін және адамның ар-ұжданы мен абыройына қол сұғуға болмайтынын негіздеп, кемсітудің кез келген түріне тыйым салу арқылы ұлтымызды ұйыстырады. Осы басты ұстанымдар баға жетпес байлығымыз – ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етеді», – деп Ата заңымыздың маңыздылығын айрықша атап өткен болатын.
Мемлекет басшысының бастамасымен өткізілген республикалық референдум нәтижесінде елімізде жан-жақты демократияландыру үдерісі басталып, саяси жүйе толығымен жаңғыртылғаны баршаға белгілі. Осы арқылы құқық қорғау институттарының мәртебесі көтеріліп, заң мен тәртіп үстемдігі орнықты. Ата Заң – азаттығымыздың айғағы десек, оны қастерлеу, құрмет тұту, талаптарын мүлтіксіз орындау – әр азаматтың қасиетті парызы.
Қадірлі жерлестер!
Барлығыңызды Конституциямыздың 30 жылдығымен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Ата заңымыздың айбыны асқақтай берсін!
Бақытжан ОРЫНБЕКОВ,
Тараз қаласының әкімі