Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Клара апай шәкірт тәрбиелеудің биік үлгісін көрсетті»

0 284

Ләззат Қызылқұлова,
Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияның директоры

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр», – деген еді. Расында да, ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан нағыз ұстаз болу – жүректің батырлығы деп білемін.

Менің ұстаздық мамандықты таңдауыма Қордай ауданы, Бетқайнар ауылы, Роза Люксембург атындағы орта мектептің орыс тілі пәнінің мұғалімі Клара Ахметова әсер етті. Клара Надырқызының әр сабағы ұстазға тән байсалдылықтан, өз пәніне деген сүйіспеншіліктен, балаларға деген махаббат сезімінен құралған еді. Оқушы кезімізде оның сабағына ерекше асығатынбыз. Бұл сезім өсе келе, жоғары оқу орнына түсер сәтімде еш ойланбастан мұғалім мамандығын таңдауыма түрткі болды. Ұстаздардың еңбегін ұлы ететін – өздері емес, шәкірті. Білім нәрімен сусындатып, үйретуден талмаған ұстаздың сан жылдар бойғы еңбегінің жемісі – аяулы әрі білімді шәкірт. Мен де өз ұстазымның еңбек жолын жалғастырған шәкірт болғанымды мақтан тұтамын.
Қоғам қашанда ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік артады. Өйткені жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші білім деңгейімен өлшенеді. Әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, еліміздің білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру – кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл – тек білімі мен білігі жарасқан, өз кәсібін сүйетін мамандардың қолынан келетін шаруа. Себебі ұстаздың алдында өміріміздің аса бағалы құндылығы, еліміздің ертеңі жас өркендер отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.