Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кітапқұмарлар молайған жыл

0 404

Тарих жылнамасына еніп бара жатқан ескі жыл өңір руханияты үшін табысты болды. Шаһардың бас үнпарағы «Jambyl-Taraz» газетінің редакциясы бір жыл ішінде жас зияткерлердің зейінін тереңдетіп, келешегіне даңғыл жол салған бірнеше жобаларды жүзеге асырды. Соның бірі әрі бірегейі – 1000-нан аса баланы кітаппен дос болуға дағдыландырған «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауы. Ескі жылды шығарып сала отырып, біз зияткерлер сайысының жеңімпаздарымен пікірлестік. Өмірлеріндегі байқаудан кейінгі өзгерістер турасында ой бөлістік.

Тоғжан АЛЛАБЕРГЕН,
Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейінің 7-сынып оқушысы:

– «Кітап оқып, миллионер бол!» сайысына қатыса отырып көптеген қызықты деректер біле алдым. Жай күніңіздің он-он бес минутын немесе бір сағатын кітапқа бөлсеңіз, пайдасы көп болатынына көзім жетті. Сайысқа қатысу арқылы кітапқа деген құмарым ашылды, кітап менің жан-жақты білім алуыма көптеген септігін тигізді. Қазіргі уақытта мен Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицейінде оқимын. Уақыт аз болып, сабаққа зейін салу керек болса да, мен сол біліміммен қоса кітапты да бірге алып жүремін. Себебі кітаптың маған берер көмегі зор. Сонымен қатар аталмыш лицейде кітапқа берілген, білімді, сөздік қоры мол жастарды қатты сыйлайды. Ондай адамдарға барлық мүмкіндіктерді жасайды. Тіпті ол кішкентай қыз болса да, мұғалім болса да, сол жердегі жұмысшы кісі болса да. Әр екі сабақтан кейін кітап оқуға уақыт бөлінген. Сол уақытта лицейдегі барлық адам кітап оқиды. Білім алушылар ағылшынша кітап оқиды. Жетінші сыныпқа арналған ағылшынша кітаптарды оқу маған онша қиынға соққан жоқ, себебі мен «Кітап оқып, миллионер бол!» сайысына қатысып жүріп оқыған кітаптарымның аудармаларына да назар аудардым. Сол кездегі кітаптар ағылшын тілі деңгейімді ұлғайтуға да көмегін тигізді. Аталмыш сайыстан кейін «Гарри Поттер и философский камень», «Таза бұлақ», «Магия утра», «Moby dick», тіпті «Қазына аралының» ағылшынша нұсқаларын өзімнің сенімді серігіме айналдырдым. Кітап оқудың пайдасы зор. Кітап сөздік қорды ұлғайтады, қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәнінен қиындықтар болмайды. Қазақтың дәстүрін тани аласыз, ағылшынша кітап оқу арқылы ағылшын деңгейі, орысша кітап оқу арқылы орыс тілі деңгейін көтере аласыз, өз құрбыларыңыздың алдында жүресіз, біліміңізбен көзге түсесіз, өмірлік тәжірибе жинайсыз, көптеген қызықты дерек аласыз, өмірге деген көзқарасыңыз өзгереді және сіз жолы болғыш немесе жетістігі мол тұлғаға айналасыз. Кітаптарда қалай баю керектігі немесе қалай жетістікке жету туралы да көп айтылады. «Кітап оқып, миллионер бол!» сайысы маған осындай мүмкіндіктер берді. Сол үшін мен де сіздерге кітап оқуды ұсынамын.

Галина БУРКИНА,
студент:

– Байқауға былтыр 11-сынып оқып жүргенімде қатыстым. Бәлкім, осы байқаудың арқасы болар, қазіргі таңда Чехия Республикасының Брно қаласында білім алып жатырмын. Кітапқұмарлардың қалалық сайысына үлкен ыждаһаттылықпен қатыстым. Шығармалардағы оқиғаларды егжей-тегжейлі білуге талпындым. Нәтижесінде сыни ойлау қабілетім, жылдам оқып түсіну дағдыларым жақсы дамыды. Қазір оқу барысында үлкен көмегі тиіп жатыр. Еуропаға оқуға түскенде, мұнда кітап оқу таңсық дүние емес екенін аңғардым. Мұнда екінің бірі сөмкесіне кітап салып жүреді. Кез келген уақытта, кез келген жерде ашып оқи береді. Біздің елде де осындай мәдениет қалыптасатынына сенемін. «Кітап оқып, миллионер бол!» сынды байқаулар Еуропада ұйымдастырылса мұндағы жастардың барлығы миллионер атанатын сияқты. Бұл байқау менің туған қалам Тараздың жастарының арасында үлкен маңызға ие болды. Оқушылар кітап оқуды сән көріп, құндылықтар алмасты. Шекара асып, өзге елдің дүниетанымына көз жүгірте бастаған мен үшін оқыған кітаптарым арқылы алған ақпараттарым зор пайдасын беріп жатыр. Келешекте осы жақтағы алған білімімді елімнің болашағы жолында пайдаланатын боламын. «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауы осы армандарымның іргетасына айналды.

Қазына ӘБДІСЕЙІТ,
№45 гимназияның 10-сынып оқушысы:

– 5 айға созылған жарыстың нәтижесі әлі де жемісін беруде. Жүлде қоры 3 миллион теңге болатын кітап оқу байқауы 2018 жылдың 1 желтоқсанында басталып, жоба мамырдың 23-ші жұлдызында қорытындыланды. Қатысушылардың ішкі толқынысы, үрей мен қорқынышы маған да таныс дүние. Қолымның қалт еткен уақытында құлшына оқыған кітаптарымды қазылар алқасының алдында қорғап шығу, ата-анамның, мектеп ұжымы мен достарымның үмітін ақтау қажырлы еңбек пен үлкен жауапкершілікті қажет ететіндігін ұғындырды. Ел ішінде дүмпу тудырған бұл жоба барлығымызды елеңдетіп, сары уайымға да салған болатын. Сол бір жемісті де жеңісті күн қаламызға үлкен жаңалығын ала келді. Әлі де болса жарысты ұйымдастырушылар мен қаражатпен қамтамасыз еткен жандарға алғыс айтқым келеді. Жарыс аяқталғанмен, өзге арналарда жалғасын тауып жатты. Бұдан өзге кітап оқу марафондары, жарыстар ұйымдастырылды. Баяғыдай емес, жарыс десе оқушылар енді елең ете қалатын болды. Ақылы болса да жарысқа қатысып, өз білімдерін, күштерін сынап көріп жатты. Солардың бірі – мен. «Осы да жетеді» деп жатып алмай, өзге де жарыстарда өзімді сынамақ болдым. Үлкен жеңіске қол жеткізбесем де, менің беделімді асыруға, сөздік қорымды молайтуға, өмірге деген көзқарасымды өзгертуге себепші болған әдеби кітап ұтып алдым. Енді ұйымдастырылып жатқан түрлі жарыстарға өзім ғана емес, қасымдағы жолдастарымды да үгіттей жүретін болдым. Бастапқы 20 кітапты оқып болған соң, мән-жайды сұрау үшін «Jambyl-Taraz» газетіндегі ұйымдастырушылармен пікірлескен болатынмын. Сонда олар «1 ғана кітапты оқудың өзі миллионмен пара-пар» деген еді. Расында, қазір ойлансам, әр кітапты түсініп оқу, оқиғалардан сабақ алу, өткен ғасырдағы заманның хал-жағдайынан хабардар болу, көркем тілді авторлардың шығармаларын оқу кез келген жүлдеден асып түседі. Себебі білім – сарқылмас байлық, ажырамас дос. Жарыстың қала бойынша өтуі көптеген адамдарға жақсы жағынан әсер етті деп ойлаймын. Қаншама оқушы кем дегенде 5-10 кітаптан оқып, білімнің де, уақыттың да, өмірдің де қадірін түсініп қалды. Кітап оқыған адам әрдайым биік тұрады. Себебі көкірегі ояу, көзі ашық. Тек бұл ғана емес, қазіргі таңда жастар арасында үлкен мәселе болған смартфондарды дұрыс қолдануға зор үлесін қосты. Кітап оқу тыныштықты, жайшылықты қажет еткен соң, өзім де телефонымды өшіріп, тек кітапқа жиірек үңілуді әдетке айналдырдым. Жалпы бұл сайыс барша халыққа біршама жақсылығын, жаңалығын, тың идеяларын ала келді деп есептеймін.

Айзере ЕРЕН,
№39 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы:

– Өмірлік ұстанымым – анам адам етіп дүниеге әкелген соң, адам болып өмір сүріп, адам болып өту. Отбасымда анам, ағам, сіңілім тұрамыз. Кітап оқуды анамнан үйрендім. Мен өскелі анамның күндіз жұмыста болғанын көрсем, кешке міндетті түрде кітап оқып барып ұйықтайтынын көремін. Байқау басталмас бұрын, мен алғаш рет «Қыз Жібекті» оқу арқылы кітапқа деген қызығушылығым артты. Менің бағыма орай «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауы жарияланды. Анам кітап оқу байқауы жарияланғаны туралы айтып келгенде, қатысуға қорықтым. Ағам мен сіңілім кітапханадан кітаптарды әкеле бастағанда, мен де қызығып қолыма бір кітапты алып көрдім. Ол Төлен Әбдіктің «Оң қол» шығармасы болатын. Осылайша, менің кітапқа деген қызығушылығым арта бастады. Барлық кітаптың ішіндегі кейіпкерлерді оқығым келіп, олардың тағдырын білгім келді. Маған ең қатты ұнаған кітап «Оң қол» болса, қатты ұнаған кейіпкер – Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесіндегі» Ләйлә. Семей өлкесінде туған Ләйлә 20 жаста болса да баладай таза болған. Осы байқау арқылы мен кітап оқудағы тиянақтылықты, тазалықты ұқтым. Ашқан кітабыңды аяқтамағанша, кейіпкерлері қашып кететіндей оқығың келе береді. Ендігі арманым – осы байқауды ұйымдастырушы Эльмира әпке сияқты балаларды оқуға баулу мақсатында түрлі байқаулар ұйымдастыру. Осы арманымды орындау үшін білімді әрі балаларды ынталандыру мақсатында дәулетті болғым келеді. Қай әдебиетті оқысаң да, оның ішінен қажетті мәліметті алуға, табуға болады екен. Бірінші кезекте қазақ әдебиетін оқуға кеңес берер едім, сосын әлем әдебиетін ашып, шығармалардың жазылуына, өзгешелігіне қарадым. Осы байқау арқылы мен бірінші рет кітап оқудың кереметін ұқтым.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.