Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кітап – ғажайып әлем

0 725

2 сәуірде әлем бойынша Халықаралық балалар кітабы күні аталып өтеді. Бұл күн 1956 жылы дат жазушысы Ганс Христиан Андерсеннің туған күніне орай белгіленіп, 1967 жылдан бастап кең көлемде мерекеленуде. Осыған орай «MART» ойын-сауық орталығында Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы мен Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы «Кітап – ғажайып әлем» атты сыйқырлы феерия ұйымдастырды.

Оқырмандарға білімнің кітап арқылы берілетінін ұғындыру, оның адам өміріндегі маңызына тоқталып, балаларлы ертегі арқылы мейірімділікке, ізгілікке тәрбиелеуді мақсат тұтқан шара барысында қос кітапхана ұжымы көпшілікке түрлі ертегі мен балалар әдебиетінің кейіпкерлерінен 3D форматтағы жанды кітап көрмесін көрсетіп, көркем әдебиеттерден блиц сұрақтар қойып, ертегі желісі бойынша ойын ойнатты. Сондай-ақ балалар ән шырқап, концерттік бағдарламалар ұйымдастырып, жас оқырмандарға сыйлықтар мен бетбелгілер табысталды. Айшықты шарадан жас оқырмандар ерекше көңіл-күймен тарқасты.
Шара соңында кітапхана ұжымы атаулы мерекенің өтуіне қолдау көрсетіп, өнерлерін паш еткен «Асыл – Арман» өнер шығармашылық орталығының, «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының өнерпаздарына, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Балауса» циркіне, «Smart» өнер мектебіне, «Шабыт» би ансамбльіне, ғимаратты ұсынғаны үшін «MART» ойын-сауық орталығының әкімшілігіне алғыстарын жеткізді.

Гүлзада Қырықбаева,
Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының әдіскері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.