Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков И.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназиясының оқушыларымен кездесті. Басқосу барысында шаһар басшысы заң алдындағы жауапкершілік, отбасындағы тәрбие, мектептегі буллинг пен әлімжеттік туралы балалардың ой-пікірін тыңдап, ашық әңгіме өрбітті.
– Бүгін сіздермен әкім емес, әке ретінде еркін әңгімелескім келіп отыр. Себебі әр бала – өз алдына жеке тұлға. Әрқайсысыңыздың жүректеріңіздің түкпірінде айтылмаған сыр, мақсатқа бастайтын асқақ арман жатыр. Біздің басты міндетіміз – соған құлақ түріп, темірқазықтай бағыт-бағдар көрсетіп, дұрыс жолды сілтеу. Бұл кездесудің де негізгі мақсаты заң бұзушылықтың алдын алып, әрбір оқушыны жауапты, саналы азамат болып қалыптасуға ынталандыруға бағытталып отыр.
Соңғы күндері қаламызда болған қайғылы жағдайлар баршамызға ауыр тиді. Бұл тек бір ғана отбасының емес, тұтас қоғамның трагедиясы десек, артық емес. Сондықтан бұдан барлығымыз өмірлік сабақ алуға тиіспіз. Даңқты қолбасшы, батыр жерлесіміз Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзі бар. Расында, заң мен тәртіп үстемдік құрған елдің болашағы баянды болары сөзсіз. Бұл тәмсіл келешекте осындағы әрқайсысыңыздың бұлжымас қағидасына айналады деп сенемін.
Қазіргі таңда құқық қорғау, жергілікті атқарушы органдар тарапынан жасөспірімдер арасындағы қылмысқа жол бермеу бағытында кешенді іс-шаралар жүргізіліп келеді. Дегенмен, бұл жұмыстардың әлі де кемшін тұстары бар екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жеткіншектерді еркін сұхбат құруға шақырды.
Сонымен қатар қалалық мәслихаттың депутаттары, құқық қорғау органдарының өкілдері мен ата-аналар да өз орамды ойларын ортаға салды.
Осы ретте айрықша атап өтерлігі, қала аумағында жасөспірімдер қазасына байланысты балалардың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс қимыл және жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу жөнінде 9 жұмыс тобы құрылды. Топ мүшелері білім ордаларындағы жасөспірімдермен кездесулер өткізіп, зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Құрбанәлі ШАХАБАЙ