Қалалық қоғамдық-саяси газет

Үкіметті алдағандар сотта жауап береді

0 212

Биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап Тараз қаласы бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке 10213 отбасы өтініш білдіріп, олардың өтініші «Е-Халық» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне тіркелді.

Кедейлік деңгейінің 20789 теңгеге көтерілуіне байланысты бүгінге дейін 6829 отбасына 1 млрд 543 миллион теңге тағайындалып төленді. Сондай-ақ 2380 отбасына АӘК тағайындаудан бас тартылса, 1004 отбасының құжаттарына тексеру жұмыстары жүргізілуде. Көпбалалы отбасылары мен мүгедектерге беріліп келе жатқан атаулы әлеуметтік көмекті беру тәртібі төңірегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев АӘК беру кезіндегі олқылықтарды алға тартты. «Кейбір жұмысқа қабілетті азаматтар АӘК алғысы келеді, бірақ жұмыс істеуден бас тартады. Еңбекке қабілетті әлеуметтік көмек алушылармен міндетті түрде олар жұмысқа орналаса алатын, жаңа мамандықтар мен бизнес жүргізу негіздерін оқитын, гранттар мен жеңілдетілген микрокредит алатын әлеуметтік келісімшарттар жасау керек. Масылдыққа жағдай жасауға болмайды, сондықтан тиісті өзгерістер ережеге енгізілетін болады», – деген болатын Б.Сапарбаев. Осыған орай, жалған мәлімет ұсынған, табысын жасырған және т.б. мәліметтерді анықтау үшін, АӘК алушы отбасылардың тұрмыстық жағдайын қайта тексеру үшін бөлім тарапынан арнайы жұмысшы топ құрылып, тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Жоғарыда көрсетілген тапсырмаларды орындау барысында 541 отбасына тексеру жасалып, нәтижесінде 63 отбасының өтініші қайта қаралып, әртүрлі себептермен (көрсетілген мекенжайда тұрмайтыны, материалдық жағдайы жақсы, ата-анасымен бірге тұрып жатқан, бірақ өтініште көрсетпеген, бағалы автокөлігі және арнайы техникалары, базарда өзінің жеке кәсібі бар, жалған ақпарат және т.б. мәлімет ұсынғаны үшін) 32 896 мың теңге төлену тоқтатылды. 134714 теңге мемлекет қазынасына өз еркімен қайтарылды, 2 құжаттың материалы сотқа берілді, 132 құжат салық басқармасына, 9 құжат еңбек инспекциясына жіберілді.
Мәселен, отбасының жиынтық табысы кедейлік деңгейінен аспайтын, бірақ тұрмыстық жағдайы өте жақсы отбасына АӘК тағайындаудан учаскелік комиссияның шешімімен бас тартылды. Шығарылған қорытындыға келіспеген өтініш беруші сотқа жүгініп, нәтижесінде сот учаскелік комиссияның қорытындысын адал деп шешім қабылдады.
Жолдасымен ажырасқан бір өтініш беруші кәмелет жасына толмаған 3 баласын көрсетіп, АӘК-ке қайырылған болатын. Қайта зерттеу барысында 1 баласының басқа қалада жолдасымен тұрып жатқандығы және сол қалада тіркеліп, оқитындығы анықталды. Бүгінгі күні отбасының құрамы туралы жалған ақпарат берілгені үшін, артық төленген АӘК сомасын қайтару үшін құжаттағы материалы сотқа берілді.
Шартты ақшалай көмек алушы отбасыларды қайта тексеру кезінде әлеуметтік шартты орындамауларына байланысты АӘК сомасы заңға сәйкес қысқартылды. Бөлім тарапынан жұмысшы топ әзірленіп, қайта тексеру жұмысы жалғасын табуда. Тұрмыс жағдайы жақсы отбасыларға тағайындалған төлемдер тоқтатылып, төленген қаражат қайтарылуда. Өз еркімен қайтарудан бас тартқан отбасылардың құжаттарының материалдары сотқа дайындалуда. Бүгінгі күні тексеру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Гауһар ОЛЖАБАЕВА,
қалалық жұмыспен
қамту және әлеуметтік
бағдарламалар бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.