Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Әкім сағаты»

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тұрғындардың сауалдарына тікелей эфирде жауап берді

0 526

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Jambyl» телеарнасының «Әкім сағаты» бағдарламасының тікелей эфиріне шығып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, қоғам белсенділері мен аймақ тұрғындарының сан сауалдарына жауап берді.
Бердібек Машбекұлы әуелі Елбасы мен Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында егемендік жылдары өңірде атқарылған келелі жұмыстарға тоқталды.

– Мемлекетіміздің жүйелі жолға қойылған саясатының нәтижесінде дамудың «Қазақстандық жолы» моделі қалыптасты. Бүгінде осы модель Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен жалғасуда. Бұл орайда Елбасымыздың ерен еңбегін айта кеткен жөн.
Биыл аймақта екпе алуға тиіс тұрғындар толықтай бірінші компонентімен қамтылды. Өңір халқының 90 пайызға жуығы екінші компонентін де салдырды. Енді «Pfizer» вакцинасын нәрестелі аналар мен кәмелеттік жасқа толмаған балалар алу үстінде. Содан соң ревакцинация шаралары қолға алынады. Сондай-ақ аймақта мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар аясында жыл басынан бері 33,9 мың жаңа жұмыс орны ашылып, тұрғындардың орташа айлық еңбекақысы 22,6 пайызға, жан басына шаққандағы халықтың орташа табысы 15,7 пайызға өсті. Бұдан бөлек, жыл басынан бері 11,5 мың отбасына 2,9 миллиард теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі көрсетілді. Мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, облыста аймақтық деңгейдегі жобалар да жүзеге асуда. Айталық, «Жомарт түлек» бағдарламасы арқылы 70-ке жуық ауылда 2 миллиард 800 миллион теңгеге әлеуметтік нысандар салынды.

– «Асарлатып үй салу» жобасының да шарапатын сезініп, 76 отбасы баспаналы болды. Қазір кәсіпкерлердің қолдауымен Тараз қаласында тағы да 10 нысан бой көтеруде, – деді аймақ басшысы.
Бағдарлама одан әрі сұрақ-жауап түріндегі әңгімеге өрбіді. Тараз қаласының тұрғыны Досымбек Әлиев 2017 жылы №15 ықшамауданда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жеке сектордағы салына бастаған тұрғын үйлердің құрылысы тоқтап қалғанын, соның салдарынан бұл үйлердің тозып кеткенін жеткізді.
– Бұл көптен бері тұрғындардың көкейінде жүрген сауал еді. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде шаһардағы Ы.Сүлейменов көшесінің соңында 21,93 гектар алаңда 255 жеке тұрғын үйді іске асыру бойынша пилоттық жоба шеңберінде 3 үлгілік жоба әзірленген. Аталған бағдарламаның 5.1.2 тармағында көрсетілген пилоттық жобалар аясында жеке тұрғын үйдің 1 шаршы метр құрылысына облыс өңіріне 120 мың теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда құрылыс материалдарының бағасы өсуіне байланысты тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуге мердігерлер қызығушылық танытпай отыр. Алайда оларға бірінші кезеңде басталған және аяқталмаған 38 үйдің құрылысын бітіру ұсынылуда. Қазіргі таңда 255 жеке тұрғын үйдің 21-і пайдалануға берілсе, 15-інің құрылысы толығымен аяқталған. Тағы 13 үй келер жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қалғандары инфрақұрылым жүйесімен толығымен жабдықталған соң, жер кезегінде тұрған азаматтарға үлестірілетін болады, – деді облыс әкімі.
Ал Байзақ ауданының Бақыт есімді тұрғыны аудан орталығында халық санының көбеюінен Сарыкемер ауылындағы емханада кезектің көптігін, сол себепті жаңа емхана салу қажеттігі туындап отырғанын мәселе етіп көтерді. Аймақ басшысы өз кезегінде 250 келушіге арналған емханаға жаңа ғимарат құрылысын жүргізу үшін 2020 жылы 5,1 миллиард теңгеге жобалық-сметалық құжаттар әзірленгенін, бұл жобаға қаражат қарастырылып, келер жылы жаңа емхана құрылысы басталатынын жеткізді.
Тікелей эфирге хабарласқан жуалылық азамат облыс әкімінен құрылысы тоқтап қалған «Қаралма» спорттық-туристік кешенінің мәселесін өз қолына алып, шешуге атсалысуды сұрады. Бұған Бердібек Машбекұлы: «Аталған жобаның жалпы құны шамамен 6,3 миллиард теңгені құрайды. Бүгінгі таңда жобаның бастамашысы «Таразстрой-2004» ЖШС тарапынан 4,3 миллиард теңге жеке қаражаты жұмсалып, кешенге қажетті барлық инфрақұрылымдар тартылуда. Сондай-ақ мемлекет тарапынан жобаға «Бизнестің жол карта- сы – 2025» бағдарламасы аясында 542,6 миллион теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінді. Аспалы жол, кірме жолдар, кафе, сервис орталығы, коттедждердің құрылысы және абаттандыру жұмыстары шамамен 80 пайызға аяқталды. Бұдан бөлек, жобаның толығымен аяқталуы үшін қосымша 1,5 миллиард теңге жеке инвестиция қажет. Инвестордың қаржыландыру жоспарына сәйкес жоба 2022 жылдың аяғында іске қосылады деп күтілуде, – деп жауап берді аймақ басшысы.
Тағы бір тұрғын Байзақ ауданы мен Тараз қаласын жалғап тұрған жол Қызыл жұлдыз ауылына дейін жөнделгенін, бұл жұмыстар әрі қарай қашан жалғасатынын сұрады. Өз кезегінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аталған жол бөлігі облыс орталығының теңгерімінде, соған сәйкес биыл ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын жеткізді. Сонымен қатар өңір басшысының айтуынша, Сарыкемер ауылы бағытындағы Апатаев көшесін Жамбыл даңғылынан Тараз қаласының шекарасына дейінгі жол бөлігін орташа жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленген, ал жобаны іске асыру 2022-2023 жылдарға жоспарланған екен.
Тікелей эфир барысында тұрғындар тарапынан бұдан бөлек, әлеуметтік, экономикалық мәселелер төңірегінде бірқатар сауалдар келіп түсті. Бердібек Машбекұлы барлық сұрақтарға тұшымды һәм нақты жауап берді.

Құрбанәлі Аманкелдіұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.