Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әкім есеп берді: Ел не деді?

0 477

Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың халық алдындағы есеп беру кездесулері басталды. Алдымен №1 аумақтық округте өткен жиынға қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев, Қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов, бөлім, мекеме басшылары мен тұрғындар қатысты.

Басқосуда сөз алған шаһар басшысы өткен жылы округте атқарылған жұмыстар туралы кеңінен баяндады.
– Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша барлық салада оң динамика сақталды. Атап айтсақ, жергілікті бюджет есебінен 40,2 миллион теңгеге 10 көшеде сыртқы жарықтандыру желілері тартылып, іске қосылды. Бұлардың қатарында Гипс көшесінің 1,2-бұрылыстары, Бөлтірік шешен көшесінің 1,3-бұрылыстары, Сауранбаев көшесінің 1,2-бұрылыстары, Бөлтірік шешен, Сұлтанбаев, Сауранбаев, Чехов көшелері бар. Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлердің аула алаңшаларын абаттандыру жұмыстары жалғасын тауып, өткен жылы аумақтық округте 34,1 миллион теңгеге Рысбек батыр көшесі №8 «А», Рахимов көшесі №47,49 мекенжайларындағы аула алаңшалары жаңаша кейіпке енді. Бұдан бөлек, шаһардың орталық және негізгі көшелеріне жаңа үлгідегі 27 аялдама орнатылса, оның 3-і Төле би даңғылының аталған округке қарасты аумағына қойылды. Сонымен қатар қаладағы көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттеріне демеушілер есебінен 9 мурал салынса, оның ішінде «Астана» ықшамауданы №33 үйдің қасбетіне «Донор болу ерлікке тең!» тақырыбында мурал бейнеленді.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Таразға тарту» жобасының шарапатын аталған округ те сезінді. Нақтырақ айтсақ, жоба шеңберінде Төле би даңғылындағы сквер абаттандырылып, «Астана» ықшамауданы №25 үйдің ауласына «Street workоut» спорт алаңшасы орнатылды.

– Өзге де салаларда тындырылған тірлік аз емес. Мәселен, аумақтық округке қарасты «Астана» ықшамауданындағы кіші футбол спорт алаңшасына 7,7 миллион теңгеге ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілсе, «Тлеуов Оразалы» жеке кәсіпкерлігі «ADIL» самбо және бокс залын ел игілігіне ұсынды. Сондай-ақ Жамбыл даңғылы мен Әл-Фараби, Төле би көшелерінің бойына және Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің аумағына 458 дана қылқан жапырақты, 550 дана жапырақты ағаш көшеттері егілді. Ал Рысбек батыр, №7 «А» мекенжайындағы қоқыс алаңшасы жөндеуден өткізіліп, басқа алаңшаларға 16 жаңа контейнер қойылды, – деді Ержан Жұматұлы.
Бұдан бөлек, кәсіпкерлік саласында елеулі табыстарға қол жеткізілген. Қала әкімінің айтуынша, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған 100 жобаның 31-і іске асырылып, аумақтық округте 5 кәсіпкерлік нысаны ашылып, 28 жұмыс орны құрылған. Ал «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясында №53 мектеп-гимназияға турникеттер орнатылса, №35 бөбекжай-бақшаның электр жүйесіне, №16 бөбекжай-бақшаның жұмсақ шатырына, №7 мектеп-гимназияның спорт залы мен шатырына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілген. Тағы бір айта кетерлігі, жалпыға міндетті білім беру қорынан 811 оқушы көмек алса, тегін ыстық тамақпен 894 бала қамтылған. Жалпы округтегі 3 мектепте 4606 оқушы білім алып жатса, оның 522-і 1-сыныпта оқиды. Сондай-ақ округтегі 156 отбасына 5,5 миллион теңге көлемінде тұрғын үй көмегі берілсе, 172 отбасына 68,5 миллион теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленген. Ал 1-6 жас аралығындағы балалар 2612 дана азық-түлік жиынтығымен, 891 дана гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілгені былтыр әлеуметтік салада ауқымды жұмыстар атқарылғанын айғақтайды.
Шаһар басшысының сөзінше, 2022 жылы Гипс 1-тұйық, Ы.Сүлейменов көшесінің 3,4-бұрылыстары, Аппасов көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Ы.Сүлейменов көшесінің 4-бұрылысы мен Махамбет батыр көшесінен жанармай құю станциясына дейін сыртқы жарықтандыру жүйесі орнатылмақ. Рахимов көшесіндегі №47, 49 және Достоевский көшесіндегі №21 «А», 50, 50 «А», Төле би даңғылындағы №92, 94, 96, Рысбек батыр көшесіндегі №6, 6 «А», Сұлтанбаев көшесіндегі №38, 40, Рысбек батыр көшесіндегі №7 «А», 9, 59, 61, Абдуллин көшесіндегі №24, «Астана» ықшамауданындағы №1, №17, Аппасов көшесіндегі №30, Төле би даңғылы №98 тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жоспарланып отыр екен.
Есепті баяндамадан соң Ержан Жылқыбаев бұқараның базынасына да құлақ түрді. Шаһар тұрғыны Айсұлу Тәжібаева округтегі «Тәуелсіздік» монументінің айналасын абаттандырып, №23 бағыттағы қоғамдық көлікті көбейту қажеттігін сөз етті. Ал Рысбек батыр көшесіндегі №8 «А» үйдің тұрғыны Мөлдір Назарова болса, өзі тұратын тұрғын үйдің сапасына шағымданды.
– Тұрғын үйдің шатыры сын көтермегендіктен, жаңбыр мен қар жауса, төбемізден су ағады. Содан соң жылу құбырының да жағдайы мәз емес. Оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Амалсыздан тұрғындар өздері ақша жинап, құбырларды өз күшімізбен ауыс- тырдық. Ыстық судың жоқтығы – өз алдына бөлек әңгіме. Сонда да жылуға ай сайын қыруар ақша төлейміз. Қыс- тыгүні жылумен, жаздыгүні тарақандармен алысатынымыз тағы бар. Сол үшін сізден осы мәселеге көмектесуді сұраймын, – деді тұрғын.
Шаһар басшысы жауапты мамандарға аталған тұрғын үйді жаңғыртудан өткізу бойынша тиісті құжаттарды реттеп, заң аясында шешуді тапсырды. Ал Ауған соғысының ардагері Ерғали Темірәлиев «Астана» ықшамауданындағы №33 үйдің алдын жарықтандыруды сұраса, Татьяна Гончарова Социалистік Еңбек Ерлеріне арналған скверді тұрғызуды өтінді. Төле би даңғылы, №96 үйде тұратын Кеңес Құдайберген ауласында балалар ойын алаңының жоқтығына алаң- даулы екен.
– Қазір мен тұратын тұрғын үй жақта заңды, заңсыз тұрғызылған дүңгіршіктер өте көп. Одан қала, өзі тар аулаға көліктерін қойып қоятын адамдардың да қарасы қалың. Соның кесірінен балалардың бір мезгіл ойнауға мүмкіндіктері жоқ. Сол себепті өзіңізге жүгінуге мәжбүрміз, – деді.
Келесі кезекте Фарида Белжасарова азық-түлік пен өзге де қажеттіліктердің бағасы шарықтауына байланысты қоғамдық жұмысшылардың жалақысын көтеруді өтінсе, Александр Маслютин Жуанышев көшесіне қатынайтын №37 қоғамдық көліктің бағытын қайта қалпына келтіруді мәселе етіп көтерді. Округ тұрғыны Амал Исақовтың «Жастар» аллеясының бүгінгі жай-күйіне көңілі толмайды екен.
– Осыдан біраз жыл бұрын аталған аллея пайдалануға берілді. Өте құптарлық іс. Өзім де бір мезгіл кешкісін осы демалыс орнында серуендеп, тынығып қайтамын. Алайда аллеяның бүлініп, тозығы жетіп бара жатқанына қатты қынжыламын. Тұрғындардың игілігі үшін берілген осы нысанды толықтай жаңғыртып, жаңаша кейіпке енгізсе деген тілегім бар, – деді тұрғын.
Барлық талап-тілектерді мұқият тыңдаған Ержан Жұматұлы көтерілген мәселелердің өте өзекті екенін әрі жіті назарға алынып, кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.
Түс ауа қала әкімінің есепті кездесуі №2 округке қарасты №44 орта мектепте өтті. Жиында шаһар басшысы тұрғындарды алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар легімен таныстырды.
– Жалпы округ бойынша атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджет және қайтарым қаражат есебінен 428,8 миллион теңгеге 8 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жергілікті бюджет есебінен 150,7 миллион теңгеге 4 жоба бойынша 14,8 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. 49,7 миллион теңгеге 8 көшеде сыртқы жарықтандыру желілері тартылып, іске қосылды. «Таразға тарту» жобасы аясында Байзақ ауданының айналмалы жолының маңы ретке келтіріліп, стела орнатылды. Қаладағы көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттеріне демеушілер есебінен 9 мурал салынса, оның ішінде «Төңкеріс» иіні №1 тұрғын үйдің қасбетіне «Ер ерлігі – ел есінде!» тақырыбында мурал салынды. «Хамукат» тұрғын алқабындағы кіші футбол спорт алаңшасына 7,7 миллион теңгеге ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 34,6 миллион теңгеге «Родничок» тұрғын алқабы мен Мәмбет батыр көшесінде 2 кіші футбол алаңшасы салынды. Білім саласы бойынша №44 мектепке жаңа модификациялы химия кабинеті сатып алынса, ағымды жөндеу жұмыстары №50 орта мектептің терезе блоктарына, №7 бөбекжай-бақшасының жылу жүйесі мен №15 балабақшаның терезе блоктарына жүргізілді, – деді қала әкімі.
Сондай-ақ жиын барысында белгілі болғандай, ағымдағы жылы 952,1 миллион теңгеге электр бағанасы бар 123 көшеге түнгі жарық шамдары орна- ластырылатын болады. Ал 2,0 миллиард теңгеге 34 көше орташа жөндеуден өткізілмек. Сонымен қатар Мәмбет батыр, Ташкент, Саңырақ батыр және Шостакович көшелері күрделі жөндеуден өтетін болады. Бұдан бөлек, заманауи және соңғы үлгідегі 100 аула абаттандырылмақ. Сумен қамтамасыз ету бойынша 3,3 миллиард теңгеге 12 жоба іске асырылады.
– Көпшіліктің талабы – жаңадан бой көтерген №15-ші ықшамауданның жолы. Шыны керек, бүгінде сметалық құжаттар Көшек батыр көшесіне дайындалып жатыр. Сондай-ақ мұнда екі мектеп, емхана, мешіт салу жоспарда бар. Бұл ықшамауданда көпқабатты 42 тұрғын үй пайдалануға берілетін болады. Облыс әкімінің қолдауымен 2022 жылдың жоспарында ірі жобаларды іске асыру көзделіп отыр. Олар: Жеңіл атлетика манежі, Өнер үйі, Бокс орталығы, Мұз аренасы, Волейбол орталығы, Үлкен теннис орталығы, Оңалту орталығы, Иппотерапия, Визит-орталық, Жастар үйі, Неке қию сарайы, ипподром және ойын-сауық орталығы. Нысанның 5-і бюджет есебінен, қалған 7 нысанның құрылысы инвесторлар тарапынан жүргізілуі жоспарлануда. «Таразға тарту» жобасы ағымдағы жылы да өз жалғасын табады. Осы бағытта қаланың шеткі аумақтарында 16 орын дайындалып, абаттандырылатын болады. 2021-2023 жылдарға арналған 3 жылдық өңірлік даму бағдарламасының жоспарына сәйкес, 89 нысанда су, кәріз жүйелерін жөндеу, 164 көшені сыртқы жарықтандыру, 27 көшедегі 38,2 шақырым лоток жүйелерін ауыстыру, 6 канал арнасын тазалау, 241 аула алаңшаларын абаттандыру жұмыстары жоспарлануда. Округ бойынша жасалынған жұмыстарды тұрғындар көріп, біліп жүр. Шешілмеген мәселелер бойынша алдағы уақытта жұмыс- тар жүргізіледі, – деген Ержан Жұматұлы тұрғындардың уәжін тыңдады.
Алдымен сөз алған №35 ПИК төрағасы Ораз Өскенбаев «Хамукат» атауын алып, бұрынғы «Тастақ» атауын аймаққа қайтарып беруді сұрады.
– Бүгінде 6 мыңға жуық тұрғыны, 1 мыңнан астам түтін түтетіп отырған аймақ тұрғындарының атынан сөз алып, сізге өтінішімізді айтуға келдік. Бұрынғы «Тастақ» (Талчок) атауын алып тастап, «Хамукат» деген ат қойғанға қарсымыз. Әкімдік тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар да жоқ емес. Мәселен, біздегі 33 көшенің 10-ы ғана асфальтталған, 14 көшеде ғана ауыз су бар. Қалғанында бұл мәселелер әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Көшелер тар, екі бірдей көлік келсе, жаяу жүргінші өтетін орын қалмайды. Қаңғыбас иттердің де жайын қарасаңыздар, – деді тұрғын.
Ал округ тұрғыны Досымбай Алиев болса, Пушкин көшесімен ағатын арықтың Асқаров көшесіне жетпей қалатындығын, мұндағы «Военторг» деп аталып кеткен мекенге Асанбай Асқаровтың есімін беріп, көпқабатты тұрғын үйдің біріне оның муралын салып беруді өтінді.
– Қаланың архитектуралық келбеті жаңарып, саябақтар мен бірқатар нысандардың жөндеуден өтуі қала көркіне көрік қосары сөзсіз. Бірақ біздің аймақ шалғайда орналасқандықтан, біз орталыққа жиі барамыз деп айта алмаймын. Біздің аймақтың да көріктендіруге көңіл бөлсеңіздер. Сондай-ақ тұрғындардың көкейінде жүрген бірқатар мәселелерді назарларыңызға ұсынсам деймін. «Бурыл» иінінің көшелерін кезінде өзіміз қаржыға жөндетіп, жол салғанбыз. Бірақ «Айя сервис» ЖШС сапасыз жолды төсеп, бүгінде қателіктерін мойындамай отыр. Одан бері 1 жыл өтті. Бүгінде қоғамдық көлік қатынайтын жол жоқ. Дауыл тұрғанда, жарық жиі өшіп қалады. Сондай-ақ көгілдір отынның қысымы қыстыгүні өте төмен. Мекемеге қайырылсақ, мамандар күндіз келіп тексереді де, барлығы жақсы деп кетеді. Ал тұрғындар түнде үйдің суық болатынына шағымданса, «біз жекеменшік мекемеміз» деп өздерінің құқықтарын алға тартып шығады. Ал №54 мектеп 3 жыл бұрын күрделі жөндеуден өтуі керек еді. Әлі сол қалпында тұр. Сонымен қатар 15-ықшамауданға қыруар қаржыға тал ектіңіздер. Бүгінде не өсіп тұрған тал жоқ, былай айтқанда, ақшаны далаға шашу. Бұл тек бір ықшамаудандағы мәселе емес, қала бойынша егілген жасыл желектердің қараусыз қалып, қурап кетуі – үлкен мәселе, – деді «Бурыл» иінінің тұрғыны Ш.Қалдарбеков.
Есептік жиында көбінде көшені жарықтандыру, жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың жоқтығы, қоқыс тасымалдаушылардың жұмысына қатысты сауалдар қойылды. Ал шаһар басшысы ешбір сұрақты жауапсыз қалдырмай, жиын үстінде сала мамандарына нақты тапсырмалар берді.
Қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың халық алдындағы есеп беру кездесуі өткен аптаның сенбі күні №3 аумақтық округінде жалғасты. Шаһар басшысы өз баяндамасында былтыр тындырылған тірліктерге қысқаша шолу жасап өтті.
– Өткен жылы 3 көпқабатты тұрғын үй мен 2 қоқыс алаңшасы жөндеуден өтіп, 4 аялдама орнатылды. Сондай-ақ Көшеней көшесінің 2,5, Абай даңғылының 2-бұрылысы орта жөндеуден өткізіліп, сыртқы жарықтандыру желілері тартылды. Сондай-ақ «Кәсіпкерлік», «Депутаттар» скверлері ашылып, А.Пушкин, С.Есенин скверлері абаттандырылды. Білім беру ордаларының құрылысы қарқын алып, №2 орта мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілсе, №31 орта мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Ал №1 гимназияға турникеттер орнатылып, мектептердегі бейнебақылау камералары ПД Жедел басқару орталығына қосылды. Бұдан бөлек, 3 кәсіпкерлік нысаны есігін айқара ашып, 4 жұмыс орны құрылды. Сонымен қоса 1467 оқушыға көмек көрсетіліп, 1358 бала тегін ыстық тамақпен қамтылды. 218 отбасы тұрғын үй көмегіне қол жеткізсе, 176 жанұяға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, – деді Ержан Жұматұлы.
Шаһар басшысының сөзінше, 2022 жылы да ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Мәселен, 8 көшеге орта жөндеу жұмыстары жасалып, 12 көше бұрылыс-тарға сыртқы жарықтандыру жүйесі орнатылмақ. Бұдан бөлек, 6 ауланы абаттандыру да көзделуде екен.
Бұдан кейін қала әкімі тұрғындардың өтінішіне құлақ түрді. Айталық, Телеорталық аумағы №4 үйде тұратын Сәуле Жүндібаева №18 үйдің алдына ойын алаңын орнатуды және қураған талдарды кесуді сұрай келіпті.
– Есігіміздің алдында қараусыз қалған тал-теректер өте көп. Осы мәселені көтеріп, талай есікті қақтық. Алайда мардымды әрекет жоқ. Одан соң ауламыз- дың алдында ойын алаңының жоқтығы да бізді қынжылтады. Балалар бір мезгіл ойнайын десе, оған мүмкіндіктері жоқ. Осы мәселені өзіңіз қолға алып, шешіп берсеңіз деген тілегім бар, – деді тұрғын.
Ал Төңкеріс, №23 үйдің тұрғыны Зухра Бабаходжаеваның айтуынша, көшеде жарықтың болмауының кесірінен түнгі мезгілде жүру мұңға айналған. Бұдан бөлек, Телеорталық аумағы №5 үйдің тұрғыны Лесбек Исабаев жуырда ғана жөндеуден өткізілген үйінің сапасы сын көтермейтініне шағымданды. Өз кезегінде шаһар басшысы аталған мәселені дереу назарға алып, жауапты мердігермен сөйлесетінін, қажет болса жөндеу жұмыстарын қайтадан жасататынын жеткізді.
Өзге де әлеуметтік мәселелерді қозғаған бұқараның қарасы қалың болды. Барлығына ден қойып тыңдаған Ержан Жылқыбаев мәселелердің жоспарға сай кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.

Құрбанәлі Аманкелдіұлы,
Арайлым Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.