Қалалық қоғамдық-саяси газет

Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек…

0 399

Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Әулиеата аруы-2020» облыстық байқауы өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Бойжеткендеріміздің сымбаты мен ақыл-парасаты сынға түскен сайысқа облыстың аудандары мен Тараз қаласынан 16 мен 29 жас аралығындағы 11 ару қатысып, бәсеке көркін қыздырды. Байқауды сөз сөйлеп ашқан облыстық әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа ұйымдастырылып отырған шараның мақсаты мен биылғы ерекшелігін тілге тиек етіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Бүгінгі байқаудың өзгешелігі, Әулиеата аруларының тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтарды жастар арасында насихаттау болып отыр. Арулар сынына өңіріміздің әр ауданында, қаладағы жоғарғы оқу орындарында іріктеуден сүрінбей өткен сұлуларымыз қатысып отыр. Қыз бойындағы биязылық пен ұяңдық, алғырлық сынды қасиеттер осы байқауда толық көрініс табады деп сенемін, – деді Серікбол Қайратұлы.

Сұлулар мен білімділер сайысына облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысымен қатар М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің әдеп жөніндегі уәкілі Орынқыз Жолдасова, облыстық К.Әзірбаев атындағы филармония директорының орынбасары, сазгер Жандос Омаров, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Тәутен, жас кәсіпкер Еламан Омаров төрелік етті.

Қазіргі қазақ қыздарының жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастырып, ұлттық тәрбиеге лайықты сұлу болмысын танытуға бағытталған сайыста бұрымдылар таныстыру, қойылған сұрақтарға жауап беру, кеш көйлектер сән үлгісін көрсету және өз өнерлерін ортаға салу сияқты кезеңдер бойынша сынға түсті.
Таныстыру бөлімінде арулардың бірі әсем әннің ырғағында қара сөзбен өздерін таныстырса, бірі қолына домбыра алып, өздері туралы толық ақпаратты жырға қосты. Мұнымен қоса көрермендерге бейнебаян, әсерлі қойылымдар ұсынып, монолог, өлеңдер оқыды.

Тартысты сайыстың нәтижесінде кештің басынан-аяғына дейін ерекше көзге түсіп, өнерімен көрерменді тәнті етіп, барлық талапқа сай болған Байзақ ауданы, Үлгілі орта мектебінің 11 сынып оқушысы Мәдина Сағындықова бас жүлде мен 150 мың теңгенің сертификатын жеңіп алды. І орынды Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің студенті Манат Бұтақбаева иеленсе, ІІ орын М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Ақбота Сабыржанқызына бұйырды. ІІІ орынға Т.Рысқұлов ауданынын қатысушысы Жансая Сарсенбаева лайық деп танылды.

Басқа да қатысушы арулар Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Е.Жылқыбаевтың алғыс хатымен марапатталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.