Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кие қонған Ақүрпековтер әулеті

0 614

Ауыл іші. Ошақтағы ас толы қазан мен буы бұрқыраған самаурынның оты ертеңге деген үміттің шоғындай жылт-жылт етеді. Аула толы бала. Бұл Тұрар Рысқұлов ауданы, Әбжаппар ауылының тұрғындары Ақүрпековтер әулетіндегі қара шаңырақтың ағалы-інілі қос ұлы Сәкен мен Дүйсебайдың отаны. Ағайынды әкелерінің бауырмалдығы мен абысын татулығын таныған балаларға да бір-бірінсіз күн жоқ. Іздеп, сағынып тұрады.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ауланың іші-сырты жап-жасыл бақ. Таңалакеуімнен қыз-қыз қайнаған тіршілік сиыр сауылып, өріске айдалып, үйелменді-сүйелменді балаларды сүтке тары қайнатып, таңғы асқа шақырумен басталады. Қыс ауаны бөлек, ағаш жарып, су тасып, қыз-қыз қайнаған тіршілік қыза түссе, жаз туа Әсембике ауладағы бар баланы бақшаға шақырып, ертегі айтып береді. Сол сәт асыр салып ойнап жүрген ауыл балалары түгел жиналып, тым-тырыс қана әуені бөлек әсерлі әңгімеге ұйып, ертегі тыңдайды. Ертегі тыңдаудың басты шарты – жеміс теру. Балалар мұндай қызыққа, әрине, қуана келіседі. Себебі Әсембикенің ертегісі кез келген фильмнен қызықты өрбитін. Бірақ, бір қызығы, ертегінің жалғасы ең қызықты жеріне жеткенде ертеңге қалады. Сонда ауыл балалары ертегінің жалғасын тыңдауға асығып, ертесі де қайта жиналып, бау-бақшаның жемісін жинап береді.

Сәкен үкілі домбырасын қолына алғанда, жары мен балалары алқа-қотан отырып ән тыңдайды. Хадишаның тау бұлағындай сыңғырлаған үні ауыл кешін аралап бара жатады. Кейін қызы Гүлмира мен ұлы Кенен гитара мен домбыраны қолына алып, маңайды әнге бөлеп, тамылжыта ән салды. Иә, ауылда балаларды түрлі өнерге баулитын ешқандай өнерпаздар үйірмесі де, спорт секциясы да болған жоқ. Ақүрпектің ұрпағы еңбектен күш алып, қуаттанып, ана мен әкенің күмбірлеген күйінен күнге ұмтылды. Әлі күнге сол, бірі спорт алаңында шиыршық атып топ жарса, дала төсінің қуатын сіңіргенінен, енді бірі әуелете ән салып, өнерімен озса, әке мен ананың айтқан әлдиінен деп біледі. Бұл әулеттің балалары үшін ең ұлы ұстаз махаббат пен сүйіспеншілікке толы отбасының бірлігі мен болашаққа дұрыс жолдаған бағыты болса керек.

Бүгінде өз тамырынан өрген әрбір ұрпағының сан жылдар тізбегінде салиқалы азамат болып қалыптасып, Қазақ еліне танымал жұлдызға айналып, үлгісінің үрдісі бұзылмай, қаймағы кертілмеуінің қыр-сырымен таныстық. Бұл әулеттің қатаң қағидасы бойынша тағы бір ерекше тәрбие – Ақүрпектің тегін алып жүрген адамға қателесіп немесе сүрінуге болмайтындығында. Әке мен анасы салған түзу жолмен олар тек болашаққа батыл қадам жасауды ғана мақсат тұтқан. Олар тек мақтануға, мақтауға тұрарлық іс жасап, әрқайсысы өз отбасының ұйытқысы болып, баянды ғұмыр кешуге ғана ұмтылады.
Ақүрпек ақсақал көзі тірісінде колхоз председателі болып қызмет атқарған жылдары ел ішін аштық жайлап, балаларды аман алып қалу мақсатында адамдар есігінің алдына аш балаларды әкеп тастаған тұста сынға түскен болатын. Бұл «лауазымды адамның ішіп-жемі мол» деген түйсіктен шыққан ұғым. Бірақ бұл отбасы да ел ішін аштық жайлаған уақытта ел қатарлы ғұмыр кешіп, қиын-қыстау кезеңді бастан кешкен. Ақүрпек ақсақал үнемі белбеу тағып жүріп, белбеуге қырманнан бидай тығып алып келеді екен. Уыстап жиған бидайды есік алдында жан-жақтан жиналған аш балалар талғажау етеді. Соңыра балғындар есі кіріп, әл жинаған соң, ілім-білім үйреніп, қоғамнан орнын тапсын деген ниетпен балалар үйіне өткізіп, сауабын алған. Қазір осы әулеттің ұрпағы әлдекімге мейірім танытып, әлдекімге бауырмалдығын көрсетіп жатса, ол аталарының тегінен берілген қасиет деп танылса керек.
Ақүрпектің ұлы Сәкеннен тараған тоғыз жолдың тарауындай болып, ізі қалған тоғыз ұрпақтың да бүгінде түтіні түзу, жолы дара, жұлдызы жарық. Бірі сандуғаш үнімен тамсандырған әнші болса, бірі спорт әлемін бағындырған балуан, енді бірі өнер өлкесінде өзіндік өрнек салуға тырысқан әртіс. Бәрі де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған тату-тәтті тіршілік кешіп, отбасын бірінші орынға қойған ардақты азаматтар. Олардың ішінде сахна әлеміне өз даралығымен үн қосқан белгілі әнші Гүлмира Ақүрпекова, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Нұрлан Ақүрпеков – бокстан Бақтияр Артаев секілді Олимпиада чемпионын тәрбиелеген тұлға. Ал Мәлік пен Кенен – Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының үздік әртістері.

– Әкем Сәкен алпыс жасқа жетпей өмірден озды. Ауданда бас есепші қызметінде жүрген ол елге қадірлі кісі болыпты. Әкем бақилық болғанда, мен 6 жаста екенмін. Анам: «Кенен әке жылуын көрмей қалмасын, осыған мейірімдеріңді төгіп, көмектесіп жүріңдер», – деп аға-әпкелеріме тапсырған екен. Расында солай болды. Әкесіз өскеніммен, бауырларымның арқасында еш қиындық көрмедім. Әлі күнге дейін кішіміз үлкеннің ақылын тыңдап, қас-қабағына қараймыз. Міндетті түрде кішілер үлкендердің дегенімен жүреміз. Себебі олар өздері де өмірде сүрініп, адасып көрмеген үлгілі жандар. Бәрі жақсы адам болғанда, мен қалай жаман болайын?! Ең ғажабы кімнің ұлы екенімді естіген үлкендер: «Ой, айналайын, Сәкеннің баласысың ба? Әкең марқұм жақсы адам еді», – дейді. Сондай жақсы адамның баласы болып дүние есігін ашқанымыз рас болса, оның атына кір келтіру қандай ұят?! Сондықтан өз басым осы жасыма дейін әулетімнің атына кір келтірмеуді ғана ойлаймын және Ақүрпековтер әулетінен тарағанымды мақтан тұтамын. Отбасымдағы алдыңғы толқынға көз жүгіртсем, бірінің жаман аты шықпаған ардақтылар болғандықтан, менің де жаман адам болуға хақым жоқ екенін білемін. Тау тауға қарап өседі. Анам – он перзентін қанаттығы қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсірген батыр ана. Ол кісі әкемді қатты құрметтейтін. Не болса да «әкең біледі, әкеңнен сұра, әкеңмен ақылдас» деп отыратын. Анам әкемнің жолын кеспеген, алдына келмеген, – дейді ол.

Міне, осынау атадан балаға берілген тек жақсы адам болып қалыптасу қажеттігіне құрылған үрдіс бойынша бұл отбасында кішілер үлкеннің жолын кеспейді. Әулеттің әрқайсысы бір-бірін қас-қабағынан танып, артық сөз айтқызбауға тырысады. Отбасының мақтанышына айналған Гүлмира ханым да өзінің сұхбатында отбасы жайлы тебірене тіл қатты.

– Әкемізді асқар таудай көрдік. Бірақ ол кісі дүниеден ерте кетті. Анам жалғыз өзі қиындыққа мойымай, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Кейде анам жасаған ерліктің жүзден, тіпті мыңнан бір бөлігін жасай алдым ба деп ойланамын. Еріксіз басымды шайқаймын. Мен де, менің құрбыларым да аналарымыз арқалаған жүкті арқалай алмаймыз. Қайда жүрсем де ата-анамның атына кір келтірмеуге, анам берген тәлімге лайықты болуға тырыстым, – деп ағынан жарылады.

Бүгінде бұл отбасының киесі мен иесіне айналған әке-шешесі бақиға аттанған. Алайда орнында бары оңалып, тату-тәтті ғұмыр кешуде. Бұл үйде ұрыс-керіс, артық ауыз сөз болмайды. Яки болмауға тиіс. Себебі әрқайсысы өз орнын біледі, өз ісіне жауап береді. Ал соңынан ерген кішілер алдыңғы толқынға қарап бой түзейді.

– Біз Сәкеннен тараған тоғыз бала мамыр айында бас қосып, ауылдағы қара шаңырақта құран оқытып тұрамыз. Әкем үнемі «бауырлардың балалары бір үйде жетілсе, бірін-бірі іздейтін бауырмал болып өседі» деп екі атаның балаларын бір шаңырақта өсірген. Міне, есейгенде, расымен, Сәкен мен Дүйсебайдың балалары бірімізді-біріміз іздеп, сағынып тұрамыз, – дейді Мәдина Сәкенқызы.

Иә, өмір ақ пен қара, ыстық пен суық, күн мен түндей бір-біріне ұқсамайтын, қарама-қайшылыққа толы. Бір шаңырақ шаттыққа толып, бақытты екенін айтып жар салса, енді бір шаңырақ ұрыс-керістен көз ашпай, бір-біріне ызалы, өкпелі күйде, мәңгі қарсыласып, ит пен мысықтай араздасып дүниеден өтеді. Ал үлгілі отбасындағы махаббат пен сүйіспеншіліктің, жетістік пен жеңістің түсінігі біреу ғана. Ол ұғымның кілті татулықта болса ғана, жемісі бақыттан болмақ. Шырағы жанған шуақты күндердің жарығы олардың жолына сәулесін төгіп тұрады. Сондықтан босағасы берік отбасының керегесі кең, шаңырағы биік, балалары да өмірде өз жолын тауып, береке мен бірлігі жарасып ғұмыр кешеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.