Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кезектен тыс президент сайлауы: Кандидаттарды ұсыну қай кезден басталады

0 177

Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауына қатысу үшін кандидаттар ұсыну қашан басталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

«Президент лауазымына кандидаттарды ұсыну сайлау белгіленген күннен кейінгі келесі күні басталады. Яғни 2022 жылғы 23 қыркүйекте басталады және 11 қазанда сағат 18.00-де аяқталады», – деді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.

Президенттікке кандидат ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген республикалық қоғамдық бірлестіктерге тиесілі болады.

Кандидаттардың Конституция және «Сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін ОСК тиісті құжаттар ұсынылған кезден бастап бес күн ішінде анықтайды.

Ол үшін кандидаттар мына құжаттарды ұсынуы керек:

  • республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы отырысының кандидатты ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме;
  • кандидаттың дауысқа түсуге келісім беруі туралы өтініші;
  • кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжаттар.

Еске сала кетсек, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мерзімінен бұрын өтетін президенттік сайлауды 20 қараша күніне белгілеген болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кезектен тыс президент сайлауын осы күзде өткізуді ұсынған.

17 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев президент мандатын қайта сайлану құқығынсыз бір ғана жеті жылдық мерзіммен шектейтін заңға қол қойды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.