Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Кез келген есікті ашсам, Берікті жоғалтып алатындай қорқыныш болды» – Қарлығаш Исламқызы отбасындағы қиын кезең туралы

0 542

Белгілі актер, әзілкеш, көрерменге «Күлпәш» ролімен танылған Берік Тұрсынбековтің жары, актриса Қарлығаш Исламқызы «Жетінші арнадағы» «Жұлдыздың жары» жобасының қонағы болды , деп хабарлайды арлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Ол Жұлдыз Абдукаримоваға берген сұхбатында балалық шағы, отбасындағы қиын кезең, енесімен арадағы келеңсіздіктер болған кездер туралы әңгімеледі.

Бағдарлама қонағы жоғары оқу орнына бірден түспегенін, басынан түрлі қызық оқиға өткенін әңгімеледі.

«Мектепті бітіргеннен кейін бірден оқуға түскен жоқпын. Сондай бір қиын кезең болды. Қазалы станциясы теміржолмен күн көреді. Бішкек, Уфа секілді түрлі пойыздар өтеді. Күнкөрісіміз пойызға шығу болатын. Сол кезде анамның қасына көмекке шықтым. Анам пойызға заттар сататын. Ешкім саудада жүрген адамға «кел, мін, өтіп кет» демейді. Пойыздың ортасында резина болады, тамбур дейді ғой. Сондай жерден талай кірген кезіміз болды. Қатты резина, оңайлықпен ашылмайды. Кей кезде суың кетіп қалады. Өзің міне алмай қаласың. Бір күні резинаны ашып кірдім, екі есік те жабық. Өзбек жігіті есікті ашпайды. Пассажирмін деп алдап тұрмын. Күліп тұрды да, вагонға кіргізіп, туалетті ашып, «көр өзіңді» деді. Айнаға қарасам, бетім түгелдей май екен», – деп күліп есіне алды.

Актриса жарымен арада түсініспеушілік туындағанын, өмірлік сабақ болған оқиғасын баяндады.

«Бір күні Бекең өзі сырттан ашуланып келді-ау деймін. Бекеңнің мамасы ауылға барам деп тұрды. Мен жібермей тұрмын. Бекең жоқ кезде кетсе, ренжиді. Бір кезде Берік кіріп келді. «Мама, қайда? Не болды» деді. «Ауылға кетем» деді. Сөйтіп, үлкен кісі ғой, ештеңеге қарамай кетіп бара жатты. Берік алды да мені есіктен шығарып жіберді. Маманы ауылға жібердім. Жаспын дейін десем жас емеспін. Далада «мені жақсы көрмейді» деп жылап отырмын. «Болды, кетем» деп ойладым. Сосын ойландым. Ол мамасына сөйлей алмайды, маған ұрыспаса, кімге ұрысады? Негізі мамасына ашуланды. Бар ашуын менен алды-ау деймін. Түк болмағандай сөйлеп кетіп едім, Берік те сөйлеп кетті», – дейді ол.

Айта кетейік, бағдарлама қонақтарының арасында әзілкеш Қанат Әлжаппаровтың, әнші Төреғали Төреәлінің және тағы басқа жұлдыздардың жұбайлары болады.

Бүгін сағат 10:00-де «Жетінші арнадан» «Жұлдыздың жары» шоуының екінші шығарылымы көрсетілген еді. Ал сағат 17.00-де TengriTV YouTube-арнасына жариялап отырмыз. Жазылуды ұмытпаңыз!

Әр сенбіде «Жұлдыздың жары» жобасын «Жетінші арнадан» сағат 10:00-де тамашалаңыздар.

Жұлдыз Абдукаримова – Қайрат Нұртастың әйелі. Ол 2017 жылы «Арман. Когда ангелы спят» фильміне түскен. 2020 жылы «Әлем ханымы – 2020» атағын жеңіп алды. Ал 2021 жылы «Сезін» кітабын шығарды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.