Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Кетті, лақты ол тыңдамай, Бидің үстіне би сұрай»

Бейәдеп әндер бүгінгі ұрпаққа қандай тәрбие береді?

0 554

«Құлақтан кіріп бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй» деген еді Абай. Иә, құлақ құрышын қандырар әсем әуеннің құдіреті бойыңды толқытып, шаттық сыйласа, енді бірде тұла бойыңды шымырлатып, жанарыңа жас алғызып, мұңға жетелейді. Енді бірде қабырғаңа қанат бітірердей көңіліңді самғатып жібереді. Нағыз ән деген сондай болса игі!
Иә, әннің де естісі бар, есері бар. Бір өкініштісі, әсіресе қазіргі заманауи әндердің кейбірін естігенде, сөз ұқпас ессіз, естімес саңырау, бәлкім, ой ұқпас ақымақ адам жазған шығар деген ойға келесің. Ал шөпті де, шөңгені де өлең, ән деу ақылсыздыққа жетелеп, абыройсыздыққа алып келетіндігі хақ.

Естіген құлаққа түрпідей тиіп, төбе шашыңды тік тұрғызатын әндердің қатары күннен-күнге көбейіп келе жатқаны жаныңа батады. Алайда жарқ-жұрқ етіп, жарқырай киініп, ел алдында жүргендердің айтқаны ел аузына түсіп, еліктеп, айтып жүргеніне қарап таңданасың. Тауарды алушы бар болса ғана өтетіні есіңе түседі. Яғни елітіп, еліріп тыңдайтындар, яки сондай әндерге сұраныс бар болып тұрғаны ғой. Тыңдар құлақ болмаса, мұндай әндер кімге керек?
«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» керімен, айтқанның аузы, жылағанның көзі жаман болып тұр. Естілерге ұнамаған есер әннің кем-кетігін дөп басып, дөңгелетіп-ақ жібергің келеді. Алайда тамыры тереңдеп, жастардың жүрегінде жатталып қалған әндерден құтылу оңай емес. Әсіресе сондай әндер эфирден беріліп, сахна төрінде төгіліп жүргеніне қарап, айтарға сөз қалмайды. Ал мұндай әндердің өміршеңдігі қаншалық? Жалпы қазақ ән өнеріндегі бүгінгі буынның кісілігі мен кішілігі қай деңгейде? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Бейбіт Көшқалиев есімді әншінің «Лаула» атты әні бар. Көпшілікке «Бүйтіп, бүйтіп, бүйтіп биле» деген қайырма сөзі ұнаған.
Лаула, лаула қараңды,
Әнге бөлеп санаңды.
Тиме, тиме, тоқтатпашы әнді,
Жаула, жаула жанарды.
Тоздыр бірге табанды
Биле, биле, дене қыздыр алаңды, – деген мына сөздерден кім, не ұғады? Ал әншінің өзі сұхбатында: «Ерболат Қарақойшы деген ақын жігіт «Аяқты қимылдат» деген ән екеуін құрастырып, бір нәрсе жасады. Қызығы сондай бір ерекшелігі бар. «Бүйтіп биле» деген ақтаулық Назаров Қуаныш есімді жігіт бар. Соның сөзін қосып, ұрлап алдым», – деген екен. Әншінің таңдауы ән сөздері сол адамның өзіне лайық сияқты. Бейбіттің сұхбат берген былдырына қарап, ойының қай деңгейде екенін ұққандай боласың. Ақыл айтып әуре болмай-ақ, жай ғана жаның ашиды. Ал күйініштісі сол, бұл әнге де сұраныс жоғары.
«Әр заманның өз сұрқылтайы болады» демекші, бүгінгінің сұңқылдап жүрген сұрқылтайлары – әншілер. Оларды белі қатпаған бесіктегі бала да, дана да тыңдау- дан басқа амалы қалмады. Тағы бір айта кететін жайт, жұлдыздарды көрген сайын, оларды мінсіз, ақылды, ойлы деп ойлап, тіпті соларға еліктеп, солардан үлгі алуға талпынатындар бар. Ал санасы әлі жетіле қоймаған бүлдіршіндердің кез келгенін түрте қалсаң, осы әндердің қайырмасын жаңылмай шырқай жөнеледі. Енді осы әндерді тыңдап, жаттап өскен балада қандай идеал, нендей ой болсын?
Тыңдамасыңа жаныңды қоймас. Екі күннің бірінде телеарна қарай қалсаң да, тойға бара қалсаң да еститінің – осы ессіздік. Бүгінде ұлтқа жабысқан дерт әннен келіп қана қоймай, асқынып бара жатқандай. Есті ән ұйықтап жатқан сананы оятып, жүрек қылын тербеп, адамға түрлі қиялға жетелеп, тебірентіп, тербетсе, мән-мағынасы түсініксіз әндер бетіңді қызартады. Жас әнші Нұрболат Қанайдың «Ол қыз» атты әнін үш айдың ішінде желіде он миллионнан астам адам тыңдаған. Бұл туындыны тыңдаған желі қолданушыларының бірі ырғақты ән десе, ал енді бірі ән жезөкшелерге арналған және ешқандай да тәрбиелік мәні жоқ деп сынады. Бұл әннің толық мәтінін тыңдап, оқып, түсініп көруге тырысқанымыздан нәтиже шықпады.
Кетті, лақты ол тыңдамай, неге?
Бидің үстіне би сұрайды, неге,
Ол қыз, ол қыз?
«Тууу» деген сөзі уууу,
Ішіп алып қуууу.
Енді сол баланы тууу.
Әкесі білсе, оның құлағынан бұрайды,
Шешесі біліп қалып, «қаншық» деп сабалайды.
«Кетемін үйден, сендер түсінбейсіңдер мені!»
Деп өзінікін қуып, шәйіп ол айқайлайды.
Жылайтын кино қарап, өкіріп бір жылайды,
Мазасы кетіп, оның түнімен ұйықтамайды,
Өтірік жігіттері телефон шалған кезде,
«Анашым шығармайды» деп өтірік алдайды…
Нұрболат Қанайдың өзі әні туралы былай деген екен: «Бұл ән белгілі бір кейіпкерге арналмаған. Ол жай ғана ойдан құрастырылған оқиға десек те болады. Керісінше, мен жас қыздар осындай теріс жолға түсіп кетпесін деген мақсатта шығарғанмын», – депті. Мәселе бұл әннің қалай, кімге арнап шығарылғанында емес. Ұйқасы жоқ, ұйпа-тұйпа ессіздігі, «қаншық» деп сабалайды» деген сорақылығы бір шошытса, жастардың жаппай тыңдап жүргені жанға жатады…
Ал бүгінгі таңда әндердің ең сорақысын Аргония мен Бейбіт Қорған да айтып шықты.
Ана жолы бір ән жаздым,
Аты оның соған қарап, ааааа,
Кіріп кетті енді достарым
Жүр сенен екінші ән сұрап, ааааа,
Неге жазбайсың деп қинайды,
Сұрақтар көп туындайды,
Айтатын бір ғана сылтауым,
Кірмей қала ма деп қорқам, – мына мәтінді түсіндіріп, талдаудың өзі артық…
Ал танымал «Ninety One» тобының жігіттері, заманауи тілмен айтқанда, тіпті жаға ұстатты. Бірде:
«Бәрі неге мұз? Неге бəрі мұз?
Мүмкін күн шыққанға дейін
Бірге күте тұрамыз?» – деп не өзіне, не өзгеге түсініксіз сөздерді айтып, зар жақтанса, одан бөлек «Құрттың ғой тағы» деген әнін естіп, көкірек қарс айырылып, амалсыз іштен тынған едік:
Мен ұқпаймын не ұнайды, тым қиын талдап көрсең,
Біресе былай, біресе былай, менің жүрегім – Алдар көсе!
Түйсігім дана көсем, тек ми ісіткен бала өсер,
Сүйсінген адам өзіне – қисығын балап төзеді!
Құрттың ғо тағы! Құрттың ғо тағы!
Құлшынысым болды, сен құрттың ғо тағы!
Ойлама мені осал біреу деп, жылап,
Көз сүртпеймін, мен жай істеймін!
Қиялдың бәрін кейін беремін үндеп.
Мына әні және бар:
Бізге тең келетіндерді жоқ қо, тағыма,
Ей, тағыма отыр, қолыңнан келсе, құлат та, тағыма отыр.
Мұнда өрт жетпейді, сал тағы да отын,
Қызымнан кетіп алып, өзім сағынып отырмын.
Иә, осылайша «құлақтан кіріп, бойды алар» әндеріміз бүгінде анайылықпен қатар, дүбәра күй кешуде. Сайқымазақ, шетелге еліктеген, өз білгенін істейтін, тәрбиесіз жастардың кейпі бұл. Ал мұндай сорақы әндерді тыңдайтындардың өзінде сауат жоқ-ау, сірә. Оған қоса «оны бүйту керек еді» деген сияқты әндерге тойларда ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың билеп жүргенін көріп тіл тіс- тейсің, бас шайқайсың.
Сахнада сайтанның сапалағындай сабаланып, сайқымазақ ән айтып, қоғамды қорлап жүргендерге қалай тоқтам салуға болады? Сіз бұған не дейсіз, көзі қарақты оқырман?

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.