Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кешірім мен аластаудың мәнін білеміз бе?

0 389

Қазақтың қай дәстүрі болмасын ынсап пен берекеге, тыныштық пен татулыққа бастайды. Бүгінге олардың дені жаңаша сипат алып, ел арасын бітістіріп, Тәңірге жақындастырып, өзінің байырғы құдіретінен танған емес. Қазақ деген ұлт барда танбасы да хақ. Ежелден келе жатқан исі мұсылманның аяулы мерекесі Наурыз қарсаңында біз осындай игі дәстүрдің бірегейі – аластау мен кешірім хақында бүгінгі оқырманға таңсық мағлұматтармен бөліспекпіз.

Арайлы Жақсылық

Кешірім сұрау немесе жарастыру
Наурыздың жаймашуақ күнінде ел арасында «Самарқанның көк тасы ериді» дегенді көп естиміз. Бұл түсініктің астарында тек ежелден келе жатқан аңыз ғана емес, ғылыми негіздеме де бар. «Самарқанның көк тасы жібіген күн» деп аталуын бірқатар этнографтар Самарқан қаласындағы белгілі ғалым Ұлықбектің обсерваториясындағы аспан денелері белгіленген үлкен көк тасқа дәл осы Ұлыстың ұлы күні күн сәулесі тікелей түсетінін, соның салдарынан әлгі көк тас жібитінін айтады. Бұл солай да болуы бек мүмкін. Дегенмен ағайындар арасында араздықты жарастыру барысында осы мәселе алға тартылып, «Самарқанның көк тасын жібіткен Наурызда сен неге жібімей отырсың?» деп ренішін ұмыта алмағандарға қаратып айтады. Сосын сол ренішті жаңа жылда мүлдем еске алмауға тырысады. Ал батыстықтар көбіне Амал мерекесінде көрісу күнін тойлап, өткен-кеткен реніштерін ұмыту үшін, жылдан-жылға бауыры бүтін жеткеніне шүкір ету үшін алыстағы ағайынға арнайы барып төс қағыстырған. Бұл да ескі дәстүрдің жаңғырғанының нышаны әрі жұртты жарастырудың бір жолы. Бір-біріне деген назы бар ағайынды дәл Наурызда жарастыруға осы бір түсінік себепкер болса керек.

Ежелгі заңдардағы кешірім мәселесі
Ал, шындығында, қазақ ежелден кешірім мен жарастыру ұғымдарына ерекше мән берген. Себебі ұлтымыздың көнеден бағалайтын ең ерек құндылықтары – ынтымақ пен ағайынның татулығы. «Ағайын тату болса, ас көп» деген даналық осыдан қалған. Қоғам дамыған сайын неғұрлым ізгіленген заңдар ұлтымыздың ежелгі елдік дәстүрлерімен қисынды жарасым тапты. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген бабаларымыз. Осыдан асқан кемеңгерлік бар ма?! Біле білгенге кешірім, түсіністік пен келісім, парасат – заңнан да ізгі. Ал «Заң тыйым сала алмаған нәрсеге кейде ұят тыйым салады» деген екен Рим философы Л.Сенека. Малайсары би жас Сырым биге: «Шырағым, үш сөз бар, соны ұмытпай жүрсең, халқың соңыңнан қалмас. Ұмытсаң, артыңнан ермес. Ол үш сөз: ұят, борыш, обал!», – деген екен. Ғалым-заңгер, академик Салық Зиманов: «Бір кездері ежелгі қазақ даласындағы заңдылық пен әділ соттың «алтын ғасыры» қайтадан біздің тарихымыздың құрамдас бөлігіне – алтын бетіне және болашақта жалпы өркениеттің мұрасына айналар деген үмітім бар… Уақыт өте келе қазақ құқығы әлемдік өркениеттің құқықтық жүйелерінің ішінен лайықты орын алатындығына сеніммен қараймын», – деген екен. Әрине, билер дауды шешкенде әуелі ел ұстанған заңдарды, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді басшылыққа алған. Би құзыретіне берілетін істің қаралуы екі сатыға бөлінген. Әуелі екі жақ істі билер қарағанға дейін, яғни өзара келісім жасап дауды шешуге қимыл-әрекет жасайды. Әдеттік құқықта оны «Бітім», «Береке», «Салауат» деп атаған. «Бітім» – екі жақтың өзара келісімге келіп, сөз жүзінде даудың аяқталуы. Бітімнен кейін істі билердің қарауына берудің қажеті жоқ. Себебі бітімді, өзара келісімді бұзу – сөзде, сертте тұрмаудың белгісі, ар-ожданды таразылайтын әрекет. Би алдындағы бітімге ешкім қиянат жасай алмаған. «Береке» – айырбас немесе сатып алу туралы сөз жүзінде шарт жасау. Қазақтың әдеттік құқығында «Береке» институты барлық келісім, шарттардың негізі болған. Салауат – кешірім, дауласқан екі жақтың бір-біріне талап қоюдан бас тартуы, яғни кешірім беруі. Кешірім жасау ауыл, ел, ру ақсақалдарының қатынасуымен өтетін болған. Міне, осыдан-ақ кешірім түсінігінің аясы тек ағайынгершілікпен ғана емес, ертеден келе жатқан заңдар арқылы да кеңейіп отырғанын аңғаруға болады.

Исламдағы кешірім ұғымы
Адам баласы жаратылысынан күнәһар болып тумаса да, күнәға бой алдыруы, жаза басып жаңылып, өткінші ләззаттан рухын кір шалуы әбден мүмкін. Ендеше, пәк болмысын күнәмен кірлетуге әбден бейіл адам баласы үшін жалғыз ғана жол бар. Ол – кешірім. Кешірім тілеу, кешірімнен үміт ету, жіберген қателіктері үшін опық жеп, өкіну – ізгіліктің нышаны әрі қадір тұтар қасиет. Міне, дәл осы секілді кешірім жасау да үлкен ізгілік, тіпті кешіру – кешірім тілеуден әлдеқайда жоғары ізгілік. Ізгілік пен кешірім – қамшының өріміндей егіз ұғымдар. Бұларды бір-бірінен бөле-жара қарау мүлдем қате. «Кішінің тәубесі болса, үлкеннің кешірімі бар» деген даналық сөзді білмейтін жан жоқ шығар. Ғұлама ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлы:
Біреудің мінін кешірсең,
Құдай да сені кешеді.
Бірін де қылмай есірсең,
Төбеңді әлі-ақ теседі.
Көңілі жұмсақ адамның,
Күрмеуін тағдыр шешеді.
Пейілі жаман адамның,
Орны дайын деседі, – деп кешірім жайлы тамаша толғаған.
Кешірімділік қасиеті исламның негізгі өзегінің бірі болып табылады. Қасиетті Құран Кәрімде «кешірім» сөзі 234 мәрте айтылады екен. Демек, кешірімділікке ерекше мән берілген. Бұл туралы Құранның «Мәида» сүресінің 39-аятында: «Кімде-кім зұлымдық жасағаннан кейін тәубеге келіп түзелсе, Алла оның тәубесін қабылдайды. Алла шынында бек кешірімді, ерекше мейірімді», – деп көрсеткен. Кешірімді жандар Алла Тағаланың мейіріміне бөленеді. Құранда кешірімді жандар жайлы «Әли-Имран» сүресінің 134-аятында: «Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық істеушілерді сүйеді», – деп кешірімді адамдарға Ұлы Жаратушының ерекше мейірімі бар екендігін жеткізеді. Өзгелердің қатесін кешіре білу адамгершіліктің ең бір жоғарғы үлгісі ретінде айтылады. Құранда Алла Тағала: «Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол!», – деп «Ағраф» сүресінің 199-аятында өсиет еткен. Тағы да осы сүренің 199-аятында: «Кешір, жақсылыққа шақыр және надандардан бетіңді бұр!», – деп әмір еткен. Ислам ғұламалары кешірімділікке айрықша маңыз беріп, өсиеттеріне өзек еткенін жоғарыдағы сөздерінен аңғаруға болады.

«Алас, алас, бәле-жаладан алас»
Алас ұғымы – қазақ даласында көнеден келе жатқан түсінік һәм дәстүр. Кей ғалымдар бұл дәстүрді шамандық дәуірден қалған деседі. Қалай болғанда да, оттың киелі қасиетіне сенуден пайда болған бұл көне дағды адамдарды түрлі кесапаттан тазарту тәсілі әрі ұшықтаудың бір түріне айналып кеткен. Бірақ бұл байырғы ғұрыптың бастау бұлағы хақында көп адам біле бермейді.
Аластау қазақтар арасында көне дәуірден келе жатқан анимистік және тотемдік наным-сенімге негізделді. Аластау – адамдарды бәле-жаладан, көз тию, сұқтан сақтауға бағытталған әртүрлі әрекеттер арқылы атқарылады. Оттың көмегімен жасалады. Аластау сөзінің түбірі «алас» от деген мағынаны білдіреді. Ауру-сырқаудың бәрi адамға жын-шайтан, албасты, әзәзiл мен перiлердiң соғуынан жабысады деп саналғандықтан, әрбiр көшкен сайын киiз үйдi де, малды да, мүлікті де аластайды. От тұтатып, онымен бесікті, босағаны, тағы басқа жерлерді аралата «алас, алас, ауру-сырқаудан алас, тіл мен көзден алас» деген сияқты магиялық сөздер айтады. Мұны жөн білетін, ем-домнан да хабары бар адамдар атқарған. Аластау сонымен бірге тазалық пен амандықтың да кепілі ретінде қолданылды. Сол себепті де Жер-ана бусанып, қырдағы ел мен ойдағы ел араласар шақ туып, Наурыз тойланар тұста, тіршілік жаңадан тамыр жайып, ағаштар бүршік жарып, мал төлдей бастағанда бұл жоралғыны жөнімен жасауға бабаларымыз айрықша мән берген. Мал індеті шыққан кезде арша, адыраспан сияқты өсiмдiктердi тұтатып қораны да аластаған. Келін босаға аттағанда аруақтарға арнап отқа май құяды. Келіннің енесі май құйылған отқа алақанын қыздырып алып, келіннің бетін сипайды. Бұл келіннің «жүзі жылы, өзімізге ыстық болсын» деген ниетті білдіреді дейді мәлімет берушілер. Баланы бесікке бөлердің алдында егде тартқан әйел бесікті аластайды. Мейлі күндіз, мейлі түн болсын бесікті шақпақ немесе майшам сияқты жарық шығаратын заттармен бас-аяғын айналдыра үш рет аластап барып бөлейді:
Алас, алас, баладан алас,
Түрлі-түсті пәледен алас,
Көзі жаманның көзінен алас,
Тілі жаманның тілінен алас,
Алас, алас, алас,
Қыла гөр Алла пәлеңнен қалас.
Жын-шайтан, жаман күштерді қуу үшін көптеген аймақтарында арша ағашымен, кейбір аймақтарында адыраспан мен тұзды араластырып аластау кездеседі. Жын-шайтандар жоламасын деп жаңа тіккен үйді де кептірілген адыраспан шөбін тұтатып аластаған. Ал бақсы-балгерлер науқасты емдеген кезде жын-шайтандарды отпен қоса пышақ, қанжар, қылыш көмегімен қуалап аластаған. Ежелгі қазақтар отты тазалық иесі, зұлымдыққа қарсы тұратын құдіретті күш, киелі ұғым санаған. Б.з. ІV ғасырда Византия елшісі Земархты, кейіннен Еуропа елшілерін дала жұрты от арасынан өткізіп қарсы алғандығы көне Қазақстан туралы жазылған саяхатшылар еңбектерінен белгілі.
Соңғы жылдары елімізде Наурыз мейрамын айрықша атап өтіп, бір күн аластау рәсіміне арналып жүргенін көз көріп жүр. Жастардың көне жоралғыларды жаңғыртып, жаңаша қолданысқа енгізіп жатқаны бабаларымыздың байырғы өмір сүру дағдысына деген құрметі деп білуге тұрарлық. Осындай көне дәстүрлердің күн сайын болмаса да, дәл Наурыз мерекесі қарсаңында тұрақты орындап, көптің есіне салып тұру ұлтымыздың өзегіне айналған ата тарихымызға, көне жоралғыларымызға деген тағзым болар еді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.