Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кері байланыс, нақты шешім

0 239

Тамыз айына дейін барлық аумақтық округте әр жұма сайын өткізілетін көшпелі қоғамдық қабылдаудың кезекті отырысы №6 аумақтық округіне қарасты Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта жалғасын тапты. Қала әкімі Ержан Жылқыбаев пен әкімдікке қарасты барлық бөлім басшылары қатысқан жиында 22 тұрғынды қабылдаған шаһар басшысы тұрғындардың мәселелерін тыңдады.

Шапағат Әбдірұлы

Қабылданған қала тұрғындарының сауалдары ішінде 60 пайызы тұрғын үйге, коммуналдық шаруашылыққа, 30 пайызы әлеуметтік мәселеге байланысты болса, қалған 10 пайызы түрлі мәселелер турасында болды. Атап айтар болсақ, әкімі өзі іздеген халық бақытты дегенімізбен, қала тұрғындарының сөздерінен ондай бір бақытты көре алмадық. Мысалы, өз кезегінде әкімнің алдына жетсем деп кезек күтіп тұрған ана: «Біздің жарық бір жылдан бері қосылмай тұр. Одан да сорақысы – үйіміздің маңындағы дүкендер ішімдік сатып, пандемияға байланысты мемлекеттің бекіткен уақытына да қарамай кез келген уақытта ашып, заңды белден басып отыр. Азанда есік алдына шықсақ, бөтелке мен мастарға шалынып жығыла жаздаймыз. Осыны да бір бақылауға алып, тәртіпке салуды қадағаласа деген шағыммен келіп отырмын», – дейді Әйтеке би көшесінің тұрғыны Мадина Атажанқызы.

Халықтың мәселесін қарқынды түрде жедел шешуге арналған қабылдаудың маңызы зор. Олай дейтініміз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «халық үніне құлақ асатын Үкімет боламыз» деп атап айтқан. Міне, бұл қоғамдық қабылдау – сол сөздің жүзеге асқанының бір белгісі.

Әдеттегідей шаһар басшысының қабылдауында неше түрлі мәселелер қаузалды.

– Біздің алатын айлығымыз – 40 мың теңге. Оның өзі енді ғана көтерілді. Әйтпесе 30-35 мың алатынбыз. Алайда екі-үш ай болды, біз сол жалақымыздың өзін ала алмай отырмыз. Ал ол туралы арыз көтерейік десек, олар біздің келісімшарттың аяқталғанын алға тартады. Олай дейтіні, келісімшарт сәуір айында аяқталған. Бірақ олар бізге мамыр айында екі айдың жалақысын қосып береміз деп сендірді. Сонымен біз сол сөздеріне сеніп жүре бердік. Кейін жалақымызды аламыз деп айта бастағанымызда, олар тағы да сабырға шақырды. Сөйтіп жүргенде, ай соңынан ай өтті. Жалақымыздан әлі бір тиын ала алмадық. Ал енді ол жерді тастап кетіп, басқа жұмыс қарастырайық десек, оған қарайтын адам жоқ, сол біздің қарап жүрген аумақта «бір зат жоғалса, сендер жауап бересіңдер» дейді. Ал онда айлықты төлеңдер десек, «келісімшарттарың жоқ» дейді, – деп Зербұлақтың күзетшісі Асылбек Жұманұлы әріптестерінің назын жеткізді.

Міне, осындай халық өз қиыншылықтарын қоғамдық қабылдауға ортаға салып, билік пен халық арасындағы бірлікті нығайтуға арналған бұл іс-шарада тұрғындар тарапынан тіркелген әрбір мәселе бойынша уақытылы кері байланыс орнатылып, нақты шешім табу үшін комиссия құрылып, жан-жақты зерделенетін болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.