Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кемел келешекке деген сенім артты

0 968

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы халқымыздың жарқын болашаққа деген сенімін арттырғаны сөзсіз. Әсіресе Президенттің: «Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын. Ең бастысы – еліміздің егемендігі. Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Мені ең алдымен халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады. Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі мемлекетімізді қорғап қалу мен үшін аса маңызды», – деген сөздері жанымызға рух, жүрекке сенім, көңілге қуаныш сыйлады.

Мемлекетіміздің тұтастығына, егемендігімізге, халықтың бірлігі мен ынтымағына нұқсан келтірмеу басты мақсат екендігі нақты мысал, дәйектермен атап өтілді. Еліміздегі барлық реформалар халықтың әл-әуқатын арттыруға, жағдайын жақсартуға бағытталатыны, осы орайда халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру басты міндет екендігі, бұл ретте саяси жаңғыру мәселесі бірінші орында тұрғаны да айтылды.
«Тек саясат саласының өзінде оннан астам заң қабылданғанына қарап, қоғамда болып жатқан оң өзгерістердің ауқымы қандай екенін бағамдауға болады. Мысалы, бейбіт жиналыстар туралы жаңа, демократиялық заңды алайық. Бұл құжат белсенді азаматтарға, оның ішінде оппозициялық көзқарастағы қоғам белсенділеріне еш кедергісіз шеру өткізуіне, сол жерде ой-пікірлерін емін-еркін айтуына мүмкіндік берді. Бұл жаңашылдық елімізде жаңа саяси мәдениеттің тамыр жаюына, қоғамдағы өзара жауапкершілік пен сенімнің артуына жол ашты», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Жолдауда айтылғандай, Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыру міндеті халық қалаулылары – депутаттарға аса ауқымды жауапкершілік жүгін артып қана қоймай, олардың халық алдында есеп беріп отыруына да жол ашады деп ойлаймын.
Бұл ретте, өз кезегінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатының ықпалды жүзеге асары сөзсіз. Сонымен қатар партия мен билік арасындағы аражікті сақтау, Президенттің саяси ұйымдардың қатарында болмауы, әкімдердің партия жұмысына араласпауы – бұл талаптар да демократиялық қоғамда көпплюсті партиялардың бірдей дәрежеде болуын қамтамасыз ететініне сенім мол. Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттардың құқықтары кеңейтіле- тіні – өте құптарлық шешім. Бұл ретте мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға өз ықпалдарын тигізе алады. Сол арқылы мәслихаттардың облыс әкімдерін тағайындауға қатысуларына ерекше екпін түсірілмек. Бұдан бөлек, сайлау жүйесіне енгізілетін өзгерістер, Конституциялық сот құру, жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру, тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту мақсатында БАҚ туралы заңды қайта қарау, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтардың қоғамдағы белсенділігін барынша арттыру, ел бірлігінің ұйытқысы бола білетін, құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құру, ұлттық валютаның құлдырауына тосқауыл қою, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқа да мәселелер – жаңа Қазақстан құрудағы аса маңызды міндеттер.
Халқымыз үшін аса қуанышты жаңалықтардың бірі – «Қуатты өңірлер – қуатты ел» ұстанымы негізінде әрі еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымдардың оңтайлы болуын қамтамасыз ету мақсатында Ұлытау, Абай, Жетісу облыстарын құру мен оның орталығы Қапшағай қаласын мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімімен атау болғаны анық. Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының бұл Жолдауын жаңа Қазақстан құруға жасалған бірегей қадам болды деп нық сеніммен айта аламын.

Мәкен Рахымжанова,
Қазақстанның Халық әртісі,
Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық
қазақ драма театрының белгілі сахна шебері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.