Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әкем – менің тірегім

0 344

Әлемде анадан артық, анадан мейірімді жан жоқ екенін алға тартып, «Әкенің жақындығы жездедей-ақ», «Еркекке сенгенше, екі босағаға сен» деп жатамыз. Алайда аналардың да кейде мейірім бұлағы суалып, ыстық құшағы суып кететін кездері ара-тұра кездесіп тұрады.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

«Әкесіз жетім – құр жетім, анасыз жетім – тұл жетім» деген сөздің астарында да анаға деген шексіз құрмет жатса, әкенің анадан кейінгі адам екенін әйгілейтіндей. Алайда сол аналардан тараған жылылық әкелердің де кеудесінде маздап тұр. Олардың ыстық сезімі де аналардан бір мысқал емес. Оған дәлел құрсағына біткен құлындарын тастап, ізім-қайым жоғалған арсыз аналардың қылығынан кейін жалғыз ұлын, кейде үш, тіпті бес-алты баласын бауырына басып, жалғыз өзі өсіріп жатқан мейірбан әкелердің бұл жалғанда бар екендігі әлгі мақалдардың қисынсыз екенін дәлелдеп тұр.

Бұл – өмір. Ал өмірде бәрі бола береді десек те, бауыр еті баласынан бас тартып, басы ауған жаққа кеткен аналарды ақтап алу мүмкін емес. Қандай жағдай болмасын, тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін идірген аяулылардың аяқ астынан жүрегі тасқа айналып, өз баласынан безіп кетуіне еш негіз себеп бола алмасы анық. Мұндайда өз қағынан жеріген безбүйректерге ана атынан садаға кетсін дегеннен өзге не айтарсың?

Менің анам боласың ба?

Саматтың әкесі ірі кәсіпкер. Ішіп-жемі мол, ауқатты отбасынан шыққан ақылды ұл үйленді. Жары өте сұлу. Қолаң шаштары тірсегіне соғылып, жанарын тік көтермейтін ұяң мінезіне қарап, «нағыз инабатты ару» десті көргендер. Алайда олар үйленгеннен соң, Саматтың әкесінің кәсібі құлдырап, банкротқа ұрынды. Бірнеше көлік пен үйлерін сатуға тура келді. Жас келін тұйықталып, мінезі өзгере бастады. Үйінен таңертең шығып кетіп, кешке оралатынды шығарды. Қайда жүргенін тіс жарып айтқысы келмеді. Жас келін толғатып, шекесі торсықтай ұл туды. Балаға деген махаббаттың құны шексіз емес пе? Самат та күні-түні перзентхана мен үйінің ортасында жүрегі жарылып, алақұйын шапқылап жүрді. Алайда дәл перзентханадан шығатын күні жас ана күйеуінің үйіне келмейтінін айтты. Ең сорақысы, баласынан да бас тартатынын, енді жаңа туған сәби жас келіншектің өміріне тек кедергі келтіретінін жеткізген. Сүйген жарынан мұндай қылық күтпесе де, Самат үгіліп кетпеді. Қайта ашу-ызадан бөлек, қайраты мен намысы бойын кернеген жас әке құндақтаулы баласын құшақтап, үйіне жалғыз оралған кезде ол бұрынғыдан екі есе есейіп, қатайып алды. Енді оның ойында тек қана жас нәрестені ешкімнен кем қылмай өсіру деген үлкен миссия тұрды. Және ол өз баласының тәрбиесіне өзі ғана жауапты екенін ұқты. Сосын, енді ешқашан үйленбеуге, өз анасынан жылылық көрмеген баласын бөтен әйелге телміртпеуге бекіді. Ал жас келін ше? Араға үш ай салып бір олигархқа тұрмысқа шығып, Америка Құрама Штаттарына ұшып кете барды.

Бүгінде көз алдымда секіріп ойнап жүрген 5 жасар Құдіретті анасыз өсті деу қиын. Жадырай күліп жүгіріп жүрген ойын баласының жүрегінде мұң жоқ. Қайта оның көздерінен өмірге деген зор сезім байқалады. Ол сезім тасқа желіндеп, мұзға туған шешенің кесірінен сәбиі бар бөтен әйелдердің төсін еміп жетіліп, бәлкім, әкесі түн қойнында әлдилеп отырып зар илеп жылаған сәттерде, мүмкін өмір алдындағы алапат күрестен дарыған шығар.

Анадайға жүгіріп кеткен Құдірет сәлден соң қолына қызыл-жасыл көбелек ұстап оралды.

– Әке! – деді ол кетік тісін көрсете күлімсіреп.

– Әке, мына көбелектің әкесі қайда? Ол неге жалғыз ұшырып жіберген баласын? Неге қасында ойнатып жүрмейді? – дейді бастырмалатып.

Ол түсінбейтін сұрақ та, сөз де көп. Бірақ ол өз сөзінің ішінде «ана» деген сөзді мүлде қолданбады. Өйткені ол сөзді ұқпайды, қалай қолдануды да білмейді. Тек осыдан бірнеше күн бұрын ғана 5 жасқа толған туған күніне Америкадан арнайы ұшып келген сұлу әйел сыйлық ұсынған сәтте жанары жасаурап: «Сіз маған мама болғыңыз келіп тұр ма? Неге жылайсыз?», – деп сыбырлап сұрай беріпті. Мейірімді әйел көрсе болды: «Маған ана боласыз ба?», – деп сұрауды әдетке айналдырған. Саматтың айтуынша, әйелі өзінің Құдіреттің анасы екенін білуіне қарсы болыпты. Кешіре алмайды ма деп қорқады екен. Ал Самат болса, күндердің күнінде Құдірет анасына кетіп қалады ма деп үрейленеді…

Анаға апармайтын жол

Батыр өзінің үрейлі күндері неге, неден, қалай басталғанын да ұмытқан. Бес перзент туып берген жары аяқасты ізім-қайым. Келіншегінің бес баласын айналып-толғанып, жақсы көргенінен өзге жат қылығын көрмеген Батыр үшін бұл мүлде санасына кірмейтін тосын жағдай еді. Көрген-білген адам жоқ. Ағайын-туысы да әйелдің қайда жүргенін бейхабар. Тек араға жеті жыл салып, Батыр астанаға жолы түсіп, кездейсоқ кездесіп қалғанын айтады. «Тапқан табысың аз» деп кінә артыпты. Бес баланың жағдайын да сұрамаған балаларының анасы Батырды таң қалдырыпты.

– Әйелімнің кетіп қалғанына биыл он жыл толды. Кішкентайым емізулі, 6 айлық еді. Үлкенім он жаста болатын. Бес балам анасын іздеп шырқырап жылағанда, өзім қосыла жылайтынмын. Сөйтсем, ол жайлы орын іздеп кетіпті ғой. Балаларымның қасынан өзге қандай жайлы орын керек? Мүмкін табысым аз шығар? Бірақ ол балаларға деген махаббатымызды сөндіре алмауы керек еді ғой. Биыл қызымды ұзатайын деп отырмын. Жасауға тапсырыс бердім. Жиһаздарын шетінен дайындап қойдым. Жеті жыл бұрын көргенімді балалардың жүрегін ауыртпау үшін айтпаған едім. Соны қызыма айтып: «Анаң сені ұзатқанда қасыңда болсын», – деп анасын іздеп, Тараздан Нұр-сұлтанға жолға шықтық. Кездестік. Қызым «анашым» деп құшағына тығылғанымен, ол бауырына баса қоймады. Шорт кесіп: «Тойыңа барамын ба, білмеймін. Көреміз», – деді. Неткен суық әйел еді! Қызым да көңілі қалып оралды білем, анасына апарған жолға лағынет айтып, жылап келді. Ең бастысы, балаларымды жеткіздім. Ешкімге тәуелді емеспіз. Қыздардың бұрымын өріп, тамақ асып, қамыр жайып, түрлі дәм әзірлеудің бәрін әйелім кеткен соң үйреніп алғанмын. Құдаларды да еш әйелден кем қарсы алмаспыз! – деді Батыр.

Шақыру қағазы

Асыл мен Ардақ бір перзентке зар еді. Бала асырап алуға құжат дайындап, алашапқын болып жүрген. Бір бутиктің түбінде құшақтасқан ұл мен қызды көзі шалады. Байқаса, қазақтар. Сөйтіп, үйіне алып келеді. Ас-ауқат беріп, шомылдырады. Олар мектепте оқымаған екен. Анасы мен өз аттарынан өзге ештеңе білмейді. Балаларды алдаусыратқан ерлі-зайыпты фотоальбом көрсетіп, көңілдерін аулайды. Кенет қыз шырылдап жылап қоя береді. Суреттегі әйелді көрсетіп: «Міне, менің мамам», – дейді қыз. Ол Ардақтың курстасы Бақыт пен жұбайының үйлену тойының шақыру қағазы еді. Яғни мына екі баланың әке-шешесі. Сөйтіп, Ардақ пен Асыл курстасына қоңырау шалып, балаларының табылғанын айтады.

– Біз әйелім екеуміз ренжісіп көрмеппіз. 5 жыл отасып, ұл мен қыз сүйдік. Мен жұмыста кезде кәрі анамның сөзін көтере алмай соққыға жығып, өзі екі баласын құшақтап тайып тұрыпты. Балаларды іздеп барып жүрдім. Бірақ әйеліме көңілім қалған. Кейін тұрмысқа шығып кетті. «Хабарласпа, балалар жаңа әкесіне үйренсін», – деген соң үнсіз кеткенмін. Кейін әкесі дүниеден озды. Сөйтіп, қара шаңырақтары қаңырап қалды. Ағасы ішіп кеткен. Сөйтіп, балаларымнан қол үзіп қалдым. Арада бес жыл өткен. Кешқұрым курстасым қоңырау шалды. Трубканың ар жағында кішкентай қыз жылап тұрды. «Әке, біз сізге керекпіз бе? Мамам бізді тастап кетті», – деді қыз солқ-солқ жылап. «Әрине, керексің. Інің қайда?», – дедім мен де көз жасыма тұншығып. «Қасымда», – деді ол. Аласұрып, түнделетіп көлігіммен қызым мен ұлымды алып кетуге бардым. Екі баламды танымай қалдым. Үстілерінде көне киім, жыртық сүйретпе. Кәдімді бомж дерсің. Курстасымның балалары болмағандықтан, оның үстіне дүкен жабық, не киіндірерін білмей отыр екен. Таңды күттік. Таң ата сала екеуімді киіндіріп, әбден қыдырттым. Сөйтсем, шешелері үш жыл бұрын малшыға тастап кетіпті. Ол малшы қалаға әкеп тастаған. Сөйтіп, көшеде үш жылын өткізген екеуімді бауырыма бастым, – дейді Бақыт.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.