Қалалық қоғамдық-саяси газет

Келте ғұмыр, мәңгілік жыр

4 наурыз – ақын Серік Томановтың туған күні

0 1  927

Жыр әлеміне жасындай жарқырап келіп, отты өлеңдерімен қазақ әдебиетіне олжа салған ақындар аз емес. Қанында бар қара өлеңді талантымен түрлендіріп, ғаламат биікке көтерген ақжал ақындардың көбінің ғұмыры қысқа болды, әттең. Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Бауыржан Үсенов, санай берсек саусақты сан бүгеміз. Бұл қатарда қасиетті Талас топырағынның тумасы Серік Томанов та бар. Ақын тірі болғанда, биыл 66 жастың асқарына шығар еді.

Сағынышымызға айналған Серік Томанов 1956 жылы 4 наурызда Талас ауданы, Сәду Шәкіров ауылында өмір есігін ашады. Кеңшарда туып, кең дүниеге танылған талантты ақын, жүйрік журналист еңбек жолын «Ленин жолы» (қазіргі «Талас тынысы») газетінен бастайды. Алғашқы өлеңдері де осы газет бетінде жарық көреді. Ақын республикалық «Балдырған» журналында да еңбек еткен. Өмірі өлеңге айналған ақын 2003 жылы 47 жасында, әттең, дүниеден ерте өтті…
Біздегі кемшілік пе, болмыс па белгісіз, талантты тірісінде аса бағалай бермейміз. Жоғалтып алған соң жұмыла іздейміз. Сері Серіктің өлеңдерін парақтап отырып, оның таланытына бас иіп, таңғалмай тұра алмайсыз. «Заула, жырым, белдерден батыл асқын,
Сен үшін мен жанымның отын аштым», – деп өзі жырлағандай, ақын жаны қандай таза болса, өлеңге сондай адал болды. Халқы үшін мұңайды, ел үшін егілді, жабырқаған ақын жаны Абаймен сырласты.
«Мыңмен жалғыз алысқан сөз патшасы,
Мен сені ұқтым әбден, ұқтым әбден», – деп Абай мұңын жүрегімен түсінеді. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген ойшылдың өлеңімен «Талауға түскен жұртым бар» деп толғаған Томановтың жыры үндес болды. Абай Құнанбайұлы «Мен ішпеген у бар ма?», «Ішім толған у мен өрт» деп күрсінсе, Серік Томанов та замананың запыранын жұтады. Ақын ол туралы, «Усойқылы удың бәрін мен іштім, Тауқыметпен тағдырым деп тоғыстым», – дей келіп:
Таңсық болмас тауқыметке таң қалу,
Қайманаға қиын бірақ аңғару.
Әлі талай ақынға азық болады-ау,
Құнанбайдың баласынан қалған у, – деп түйіндейді. Абай өлеңінен қуат алған шайыр өзінің ақындығына сенеді, еш күмән келтірмейді. Әрине, жалынды жыр жазған ақын ғана солай айтуға хақылы деп ойлаймыз. Қазақ әдебиетінде өзінің ақындығына сенген шайырлар аз болмаған. Алаштың ардақты ақыны, түгел түркіні жырлаған Мағжан Жұмабаев бір жырында:
Мен ақынмын – ағынмын,
Сылдыраймын, сүйемін.
Мен ақынмын – жалынмын,
Шапшып көкке тиемін, – деп толғанса, Томанов «Мына мен ақын екем, Жырға жомарт жүрегі сақы мекен» деп жырлайды. Мағжан сынды өлеңге өзіндік соқпақ салған Секең қалам ұстағанның бәрі талантты болмайтынын, әдебиетке адалдық керек екенін ерте сезген, сезгендігі ақ қағазға төгілген.
Ақын екем өз үні, айтары бар,
Кеудесінде тұңғиық Байкалы бар.
Кемерінен кейде бір асып жатса,
Кей-кейде арнасына қайтарылар,
Ақын екем мына мен айтары бар, – деп айтарын жасырмай жасқанбай айтып кеткен ақын еді. «Ол, шынымен, Ақан сияқты өмір кешкен адам», – деп еске алады белгілі ақын Маралтай Райымбекұлы. Әрине, сері Серік әлдебіреулер сияқты төрдегі төрелерді жағалап, мақтап өлең арнап, жағдайын жасап, жылы жерде отыратын қалам ұстағандардың қатарында болмады. Поэзия деген бекзат өнерге адал болды. Сөзімізге дәлел, ақынның «Әкім мен әңгіме» өлеңіне көз жүгіртіп көрейік.
Қабандай боп жондандың,
Халықты алдап жеп жүріп,
Қаламдай боп мен қалдым,
Қағазымды кеміріп, – дейді. Ақын бұл жерде қара басының қамы үшін емес, қазақ әдебиеті үшін қара тер болған талай қаламгердің мұңын айтып отыр.
Әкім уақытша, талант мәңгілік екенін Томанов туралы толғанған жұрттың сөзінен сеземіз. Жұртының махаббатына айналып кеткен ақын сезім туралы жырды жүрекке жеткізіп жырлайды.«Қызыл көйлек киген қыз оттай жанды, Сол – сол екен, жүрегім шоққа айналды», – деп жақсы көрудің жалынына өртенген ақын: «Жақсы көрдім мен сені алабөтен, бақытымды бақиға ала кетем» деп, – серт етеді. Бақи демекші, кейде талантты жандарға Тәңір өмірден ерте аттанатын сездіретін сияқты. Мысалы, қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев «Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде, қырықтың бесеуінде» деп жырлаған Қарасаздан қанаттанған мұзбалақ ақын өзі айтқан 45 жасында келмес сапарға аттанды. «Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам…» деп шырқаған қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымов та дәл Мұқағалиға бұйырған 45жасында жасындай жарқырап кете барды. Бес күн жалғанның бастан өтерін Серік Томанов та сезді, ақын жүрегі білдірді, арғы дүниеге аттанудан апта бұрын ақын өзінің жыр кешінде «Мұңдарыммен мың батпан, сырларымды тыңдап қал», – деп төгіліп тұрып өлең оқиды.
Осылай тыңдарманын толқытып жыр оқып тұрған ақынды қара орман халқы күні ертең келмес сапарға аттандырып тұратынын білмеді-ау!? Өлеңде өзі айтып кеткендей, алауы мәңгі сөнбейтін асау мінезбен, мына өмірге текке келмеген ақын «Тектұрмас» мазаратынан мәңгілік мекенін тапты. Өзі өлсе де, сөзі өлмеген ақынның соңында «Адасып жүрген ақбөкен едім», «Пәруана», «Жұлдыздан терем өлеңді», «Тығырық» қатарлы жыр жинағы жарық көрсе, «Қызыл көйлек киген қыз», «Сатушы қыз», «Аузынан айдың түскен қыз», «Сезімді қайтем тулаған» атты өлеңдеріне сазгерлер ән жазып, қазақ эстрадасының жарық жұлдыз- дары орындап жүр.

Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.