Қалалық қоғамдық-саяси газет

Келісім мен татулық – тұрақтылық кепілі

Қала әкімі шаһардағы этнос өкілдерімен кездесті

0 54

Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті. Әуелі шаһар басшысы жиналған қауымды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

– Айшықты мереке бүгінде бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрмыс кешіп отырған халқымыздың асыға күтетін мейрамына айналды. Бұл – елімізде бірлік пен жалпыұлттық келісімнің салтанат құрғанының айқын көрінісі. «Татулық пен келісім – ұйыстырар ел ішін» демекші, ынтымағымыз бен саяси тұрақтылығымыз – біздің басты байлығымыз. Бұған сіздердің де қосқан үлестеріңіз зор.
Қаламыздағы түрлі этнос өкілдері ұдайы игі істің басынан табылып, бірліктің ерен үлгісін көрсетіп келеді. Айталық, еліміздің көптеген аймағында орын алған су тасқыны кезінде Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған штабтың тарапынан төтенше жағдайдан зардап шеккен өңірлерді қажетті заттармен қамтуға 57 миллион теңгеге шақ гуманитарлық көмек көрсетілді. Аталған игі бастамаға атсалысқан әрбір жанға алғысым шексіз, – деген Бақытжан Әмірбекұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматқа қала әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыстады.
Келесі кезекте Тараз қалалық мәслихаты төрағасының міндетін атқарушы Марат Жұманқұлов, Жамбыл облысы ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Махметғали Сарыбеков, «Жамбыл облысы бойынша орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владимир Сорокин, Жамбыл облыстық «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Закир Шарипов және «Қазақстандық татар және башқұрт конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облысы бойынша филиалының төрағасы Фарида Нақыш ақжарма лебіздерін арнап, қала әкіміне алғыстарын жеткізді.

Құрбанәлі Шахабай 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.